"90 үйден 20 шақты ғана отбасы қалды": Өлкетанушы балықшы ауылдардың адам аярлықтай өмірін айтты

Арал аймағы туризмінің дамуына үлесін қосып жүрген гид-аудармашы, ұйымдастырушы Серік Дүйсенбаев редакция тілшісіне Арал теңізін жағалай қоныстанған балықшы ауылдардың тұрмыс-тіршілігі мен теңіз табанында туристер тіркеген рекордтар туралы әңгімелеп берді.

"90 үйден 20 шақты ғана отбасы қалды": Өлкетанушы балықшы ауылдардың адам аярлықтай өмірін айтты Фото: Серік Дүйсенбаев

Inbusiness.kz сайтының тілшісі бұған дейін "Арал теңізімен бірге "Кемелер зираты" да келмеске кетті" деген тақырыпта мақала жазған еді.

Арал теңізін қызықтауға бір маусымда 50 топ турист келеді

Арал ауданының тумасы Серік Дүйсенбаев 8-сыныптан соң Қызылорда қаласындағы ер балаларға арналған лицейге оқуға түсіп, одан соң мұнай-газ мамандығын алып шыққан. Оқу бітірген соң "Арал теңізі" қоғамдық бірлестігінде ерікті болып жұмыс істеген. Қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілі білетін маман "сол уақыттары туристерге жол көрсете алатын, түсінісе алатын аудандағы санаулы мекеменің бірі" едік дейді.

– Израилдің МАШАВ деген ұйымы бар, Арал ауданы, Қосжар елді мекеніндегі балық питомнигін толықтай жаңартып салған, сол жерде жұмыс істедім. Олардың басқа да жергілікті мектептер, ауруханалармен көгалдандыру бағыты бойынша үлкен-үлкен жобалары болды. Содан кейін "Арал теңізі" қоғамдық бірлестігіне келіп, даниялықтардың жобасы бар, "Көкарал" бөгетін салу САРАТС жобасында жұмыс істедім. 2013 жылдан бері шетелден келетін туристерге, журналистерге, фотографтарға, деректі фильм түсіретін компанияларға жолбасшы, ұйымдастырушы, жүргізуші болып жұмыс істеп жүрмін, – деді ол.

Әңгіме арасында гид-аудармашыдан бір маусымда жобамен қанша турист келетінін сұрадық.

– Мұны ресми тіркемедім, бірақ бізге олар сәуірден бастап келеді. Себебі, ұзақ қыстан соң теңіз табанында жүру мүмкін емес. Туристер сол сәуір-мамыр айынан бастап, қыркүйектің соңы мен қазан айының басына дейін келеді. Жобамен бір жазда 40-50 топ келеді. Топта жалғызбасты туристер де, 3-4 адам да, тіпті 10-20 шақты топтасып жүретіндері де бар, – деді Серік Дүйсенбаев.

Теңізі табанын тұңғыш жаяу жүріп өткен жиһангез кім?

Шыны керек, шетелдік саяхатшылар сан шақырым жүріп өтіп, Арал теңізі табанына аялдаса, Қазақстанда тұрып, теңізді өлкені бір көрмегендер көп. Бұл жергілікті жұртшылықтың қызығушылығының басқада екенін аңғартса керек-ті.

Өлкетанушы шетелдік саяхатшылар мен зерттеушілер экологиялық аймақты көруге үлкен қызығушылық білдіретінін айтып отыр. Тіпті, осы өлкеге келіп рекорд орнатқандар да бар екен.

– Аралды жақсы танытқан бір оқиға есімі түсіп отыр. 2021 жылы Роузи Стенсер мен Пом Оливер атты англиялық саяхатшылар Аралға келді. Бұл екеуі – кәсіби саяхатшы. Олар әлемнің адам аяғы баспаған қиын-қиын жерлерін, Моңғолиядағы Гоби шөлін кесіп өткен, Африканың біраз жерінде болған. Мысалы, Байкал көлін қыстыгүні көл толық қатқанда шанамен жалғыз өзі жүріп өткен жаңағы атақты саяхатшы Роузи Стенсер 2021 жылы кепкен "Арал теңізі табанын жаяу жүріп өткен алғашқы адамның бірі болғым келеді" деді, басында күдікпен қарағанбыз, "мұны ұйымдастыру жағы қалай болады екен?" деп ойладық. Олар "көлік керек емес, жаяу жүруіміз керек" деді. Осылайша, 3-4 күн сайын ас-суын апарып тұрдым, Базойдан бастап Үлкен теңізге жетіп, Шығанақты, Құландыны одан "Көкарал" бөгетін кесіп өтіп, Бөген, Көктемге 18 күнде 400 шақырымдай жүріп өтті. Осылайша, Арал теңізінің кепкен табанын және қазіргі теңіздің сағасымен ұзақ ең бірінші жаяу жүріп өткен еді. Солардан кейін, яғни осы жайтты оқып, естіп, 2022 жылы екі жыл қатарынан Жапонияның саяхатшылар клубынан жапондық саяхатшылар келді. Олар Қаратереңнен Керделіге дейін жаяу жүріп өтті. Одан кейін 2023 жылы келген саяхатшылар тобы Ақбасты ауылы маңынан теңізге барып, Аралға дейін 14 күндік саяхатта жаяу жүрді. Осындай қызықты жайттар болып тұрады, – деп сөзін қорытындылады ол.

"Теңіз жағадан 100-150 метрдей шегініп кетті"

"Арал теңізі толып жатыр" дейді ресми жауаптылар. Эколог, жазушы Сайлаубай Жұбатырұлы "1-2 миллиард текше метр деген су – теңіздің жұмырына жұқ болмайтын су" деп отыр. Жалпы, Кіші Аралдың қазіргі жайы қалай, балықшылардың базынасы, ел-жұрттың қоныс аударуы туралы не айтасыз?" деген сауалды қойдық. Себебі, кейіпкеріміз Серік Дүйсенбаев – теңізді өлкенің жайын бес саусағындай білетін жан.

Редакция тілшісі бұған дейін "Арал шынымен қайта толып жатыр ма? Үміт мол, күдік басым" деген тақырып та да ізденіп көрген еді.

– Мен гид-аудармашы, ұйымдастырушы ретінде айтар болсам, нақты цифрмен сөйлемеймін, сондықтан айтқан сөзім негізсіз болып қалуы мүмкін. Десе де, соңғы 4-5 жылда теңіздің қайтуы рас. Оны кез келген теңізді жағалай орналасқан балықшы ауылдың еңбектеген баласынан, еңкейген қартына дейін айта алады. Соңғы тамыз айында "Азаттық" радиосының тілшілерімен жұмыс істегенмін, 5 күн бойы балықшы ауылдардың тыныс-тіршілігін көрсеттік. Тамызда түсірілсе де, деректі фильм қараша айында ғана көременге жол тартты. Сол жерде бәрі анық түсірілген. Сонда жергілікті әкімдіктегілер пікір сұрағанда "теңізге су көп құйып жатыр" деп ақпарат берген. Сонда да, соңғы 4-5 жылдықта теңіздің қайтуымен кешегі көктемдегі бір ғана сумен толтыру мүмкін емес. Теңіз жағадан 100-150 метрдей шегініп кетті. Тек теңіз емес, Қамбаш көлі де тартылып барады, – деді ол.

Балықшы ауылдардан жұрт жаппай көшкен кездер де болды

Өлкетанушының айтуынша, балықшы ауылдардың жағдайы жақсы емес. Тіпті, кезінде 90 үй болған ауылдарда небәрі 8-ақ үй қалған кездер болған.

Балықшылар теңіздегі балықтың азайып кеткенін айтып жүр. Мысалы, Тастүбек ауылында кезінде 90-ға жуық үй болған, "миллионер колхоз" деген аты да болған. Теңіз тартылған соң, елдің бәрі үдере көшкенде қолында қарты бар, бір-екі қой-ешкісі бар 8 үй ғана көшпей қалып қойған. Кейін "Көкарал" бөгеті салынып, теңіз қайта тұщыланған соң, камбала (балықтың атауы – ред.) аулау басталғанда ерте көшіп кеткен адамдардың ұрпақтары, балалары немесе басқа да адамдар Сексеуілден, Аралтұздан жұмыссыз жастар барып, сол Тастүбекке орныққан. Солайша, үйдің саны қателеспесем 38-ге жеткен еді. Алды 1-2 бөлмелі үй салды, түйе ұстай бастады. Жағдайы дұрыстала бергенде, соңғы 4-5 жылда судың қайтуынан, балық қорының азаюынан соң, сырттан барғандар қайта әр жерден тұрақты жұмыс іздеп, көшіп кетті. Аралдан 90 шақырымдағы ол ауылдарда үйлерін сатқанымен өтпейді, сондықтан үй есігіне қара құлып салып, үдере көшкені рас. Тастүбекке жиі барған соң ғана ол жердің жайын айтып отырмын. Қазір онда жиырмадан аса үй қалды. Ол ауылда жеке кәсіпкердің салған балық қабылдайтын орталығы бар болатын. 1,5 жылдан бері ол да жұмыс істей алмаған соң жабылды. Жалпы, ауылдардың жағдайы – осындай, – дейді Серік Дүйсенбаев ашынып.

                                                    Теңізді толтыру үшін...

Арал теңізінің болашағы қандай? Аралды суға толтыру мүмкін бе? Ол үшін нендей жұмыстар істелуі керек? Мұның бәрі – әлі күнге дейін өзекті сұрақ.

"Мен біріншіден ғалым емеспін, жай ғана осы аймақтың тұрғынымын. 60-70-жылдары тартыламын дегенге дейінгі Аралды суға толтыру мүмкін дегенді айта алмаймыз" деген Серік Дүйсенбаев Кіші Аралды сақтап қалуға болатынын айтып отыр.

– 2005 жылы "Көкарал" бөгеті салынғанға дейін теңіздің қалаға ең жақын жеріне 55-60 шақырымда жүріп баратын болдық. Бөгет салынған соң қалаға қара жолмен барғанның өзінде 25 шақырымдай жерге су келіп тұрған еді. Қанша жерден "теңізге су түсіп жатыр" десек те, қазір судың шегініп кеткені өтірік емес. Жан-жақтан келген жолдастардың өзі атады, "жаңалықтан қарасақ, теңізге су жақсы түсіп жатыр дейді ғой" деп. Бірақ, көрген соң, өз көзіне сенбей кетеді. Теңізді толтыру үшін Сырдарияны пайдалануды ретке келтіру керек. Ол – мемлекетаралық жұмыс. Мұның бәрі – жоғары деңгейде шешілетін нәрсе. Су қоры 2005 жылы бөгет салынғаннан кейін 2019-2020 жылға дейін жақсы келіп тұрды ғой. Теңіздегі су көлемі ұлғайды, тұздылығы төмендеді, балық қоры көбейді. Соңғы 4-5 жылда жағдайдың нашарлағаны жалған емес, – деп сөзін қорытындылады өлкетанушы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу