Жаңадан құрылған Абай облысының ұстаздары екі айдан бері еңбекақыларын ала алмай жүр. Салдарынан мұғалімдер азық-түлік тұрмақ, күнделікті жұмысқа қатынау үшін, жолға әзер ақша табатындықтарын айтады.
Аталған мәселені журналист Қуаныш Рахметоллаұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"Кеше Семейдегі өзім танитын бір мұғаліммен сөйлестім. Хал-жағдайы мәз емес екен. "1990 жылдарға қайтып келгендейміз" дейді. Жалақысын үш ай алмапты. Азық-түлік тұрмақ, күнделікті жұмысқа қатынау үшін, жолға әзер ақша табамыз дейді. Қарыздан-қарызға батып, кредитінің просречкасы кетіп, не істерін білмей жүр. Әйтеуір бала-шағам аш қалмасын деп үйінің қасындағы дүкеннен тамақты қарызға жаздырып алып жатқанын айтты", – деп жазды Қуаныш Рахметоллаұлы.
Оның айтуынша, бұл Семейдегі бір мұғалімнің ғана емес, Абай облысындағы ұстаздардың басынан өткеріп отырған қазіргі жағдайы екен.
"Кейбір мектептерде істейтін мұғалімдер тамыз айында азын-аулақ аванс алыпты. Ал басқалары тіпті шілде айынан бастап, мүлдем еңбекақыларын алмапты. Мәселе мынада дейді. Бұл аймақтарды бөлу және білім беру ұйымдарын қайта тіркеумен байланысты болып отыр екен. Енді жалақылары кешігіп берілгені үшін ұстаздар қауымына өтемақы төлене ме? Банк аймақ бөлінді, білім беру ұйымдары қайта тіркеуден өтті екен деп просрочкаларын кешірмейтін шығар?", – дейді Қуаныш Смағұл.
Аталған мәселе бойынша, Семей қаласындағы ұстаздарға хабарласып едік, сұхбат беруден бас тартып отыр.
"Еңбекақы ала алмай отырғанда, жұмыстан шығар жәйіміз жоқ", – дейді.
Тағы бір әлеуметтік желі қолданушысы ауылда тұратын мұғалімдерге қарағанда, қаладағы ұстаздарға қиын екенін айтады.
"Барлығымыздың басымыздағы жағдай осы. Ауылда тұрғандарына қарағанда, қаладағы ұстаздарға қиындау. Себебі күнделікті қаржы кетеді. Дегенмен несие бәрінде бар. Көбі несиесін несиемен жауып, аздаған қарыз алып, алтындарын ломбардқа өткізді. Осы мәселені бір жақты етуге уақыт бар еді ғой. 2-3 айдан бері неге шешімі шықпайтын мәселе бұл? Бұлай облыс болғанына жол болсын!", – дейді Нұрболат Шахимардан.
Семейлік қоғам белсендісі, ақын, драматург, аудармашы Мұрат Рақымжан "жалақы алмаған қызметкерден жарытымды іс талап етудің өзі ұят" деп жазды.
"Ұстаздар "Екі айдан бері су мен жарықтың ақшасы төленбеді. Суды қойшы, тасып ішерміз. Жарықты қиып тастаса жағдайымыз қиын. Несиеміздің де үстемесі өсіп жатыр" деп уайым қылады. Уайымы көп ұстаздан, ұлағат күту қиын. Шәкірттерге жаным ашиды. Абай облысында тек ұстаздар қауымы ғана емес, басқа да бірқатар мекеме қызметкерлері әлі жалақысыз жүр. Жалақы алмаған қызметкерден жарытымды іс талап етудің өзі ұят", – дейді Мұрат Рақымжан.
Ал Абай облысының білім басқармасы мәселенің жуық арада шешілетіндігін айтты.
"2022 жылғы 18 қазандағы жағдай бойынша білім беру ұйымын қайта тіркеу рәсімі аяқталды. 17 қазаннан бастап жергілікті бюджет есебінен білім беру ұйымдарын қаржыландыру ашылды. Республикалық бюджет бойынша қаржыландыру қаражатты атқару ережелеріне сәйкес, 21 қазанға дейін ашылады. Барлық жалақы қарызы жақын күндері төленеді", – деп жазды Абай облысының білім басқармасы.
Осылайша, Абай облысының ұстаздары еңбекақысыз жүр. Ал оның нақты қашан төленетіні белгісіз. Оған дейін мұғалімдер қарызға өмір сүрмек.