"Әбдірахымовшылар" Шымкент қазынасындағы қаржыны тиімсіз пайдаланған

4835

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов болған тұста шаһар бюджеті тиімсіз жұмсалған. 

"Әбдірахымовшылар" Шымкент қазынасындағы қаржыны тиімсіз пайдаланған

Бұл жөнінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ербол Садыр мәлімдеді.

Ербол Әбілхайырұлы жаңа қызметке келе қала бюджетіне талдау жүргізген. Нәтижесінде көптеген келеңсіздіктерге тап болғанын айтады.

Мәселен, Шымкенттегі кейбір елдімекендерге ауыз су жүйесі тартылған. Алайда тіршілік нәрін сол елдімекенге жеткізу үшін қаржы қарастырылмапты.

"Таңқалатын мәселе, Достық шағын ауданындағы Сыпырған ата көшесі арқылы өтетін магистралды су құбырын аяқтауға 300 млн теңге беріп жатырмыз. Осы магистралды су құбырына 100 мыңнан аса халық қарап отыр. Соған 2 жылдан бері қаржы бөлінбеген. Ал енді осы құбырға 300 млн теңге бөліп жүргіземіз. Арғы жағында Шымкенттің батыс бөлігіндегі Темірлан тас жол бойымен Самал-2, Самал-3 шағын аудандарына су беру қуаты жекілікті болады. Ал бұл жоба 2 жылдан бері тұрған. Қаржы бөлінбеген. Бітіп тұрған жоба", – дейді Ербол Садыр.

Сонымен қатар жол құрылыстарын жүргізуде де қаражат ұқыпты жұмсалмаған. Қолда бар қаржыға белгілі бір көшелерді салып бітірмей, ақшасын көптеген көшеге шашып жіберіпті. Салдарынан ол көшелердің құрылысы созылып, келер жылға қалған көрінеді. Тұрғын үй құрылысында да осындай олқылықтарға жол берілген.

"Қаржы еш уақытта жеткен емес және жетпейді де. Мәселе бар қаржыны тиімді жұмсауда. Нәтижелі түрде жұмсау керек. Ақшаны алып бүкіл Шымкент қаласына шашып жіберсеңіз, ештеңе де болмайды. Мәселен, мың көшені алыңызда 1 миллионнан беріп жіберіңіз. Барады да бір трактормен қазып шығады мың көшені. Болды. Үкіметтен тұрғын үй салуға кредит береді. Ол кредитті 2 жылға береді. Ол кредитті алу керек те, сол бағытта тиімді жұмсау керек. Ал бізде бұл уақытқа дейін не істеген? Мен сіздерге айтайын, келген қаржыға 40 үйді бастағанда, 40 үйге таратып жіберген. 40 үйдің ешқайсысы бітпейді. 20 млрд ақша кеткен. Соның 11 үйін ғана пайдалануға беріп отыр. Енді 5 үйін пайдалануға береді. Сонша 20 млрд ақшаға 40 үйдің қазір 30-ын пайдалануға беріп тастауға болар еді", – дейді ол.

Шымкенттің бүгінгі басшылығы қаладағы әлеуметтік мәселелерді бірінші, екінші, үшінші кезекте шешілуге тиіс деп, маңыздылығына қарай жіктеп тастапты. Сол себепті, қазынадағы қаржы бірінші кезекте халықтың мұқтажына қарай туындаған мәселелерді шешуден бастамақ. Осыған орай, ұзақмерзімді құрылыстардың қалған қаржысын қала қазынасына қайтарып, қысқа уақытта шешілетін өзекті жобаларға жұмсап жатыр екен.

"Бюджеттің негізгі принцпі – ол түпкі нәтиже. Яғни біз жұмсаған қаржыдан қысқа мерзімнің өзінде  сол түпкі нәтижеге жетуіміз керек. Соның пайдасын халық көру керек", – деді Ербол Әбілхайырұлы.

Арай Есенбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу