Адамдар қазақ тілінде қызықты бағдарлама, сериал көру үшін түн ұйқысын төрт бөлуге мәжбүр...

2705

Телеарналар қазақшаланбай, тілдік ортаның түзелуі қиын.

Адамдар қазақ тілінде қызықты бағдарлама, сериал көру үшін түн ұйқысын төрт бөлуге мәжбүр... Фото: inbusiness.kz

Тіл жанашырлары қажетті тілдік ортаны құру және мемлекеттік тілдің толыққанды жұмыс істеуі үшін отандық телеарналарда мемлекеттік тілдегі сапалы өнімдердің көп болуға тиістігін айтып келеді.

Осыған байланысты Қазақстанда меншік нысанына қарамастан, телеарналардағы бағдарламалардың мемлекеттік тілдегі шығарылымы уақыты бойынша басқа тілдердегі бағдарламалардың жиынтық көлемінен кем болмауға тиіс деген талап заңмен бекітілді.

QazaqGrammar негізін қалаушы Нұрсұлтан Бағидолланың айтуынша, телеарналар бұл талапты келекеге айналдырып жіберді, үстірт орындайды. Тіл саясатындағы биліктің басты қателерінің бірі де осында. Бұл талаптың дұрыс жүзеге асырылуына баса мән бермей келеді.

"Телевизияға қатысты "50/50 қағидаты" енгізілді. Бірақ орыс тіліндегі елу пайызы сол бұрынғыдай, күндіз, ал қазақша елу пайызы негізінен түнде беріледі. Әсіресе, коммерциялық арналарда солай. Қазақтар ана тілінде қызықты бағдарлама, сериал көру үшін түн ұйқысын төрт бөлуге мәжбүр", – деген Нұрсұлтан бұл тығырықтан шығу үшін орысша контенттің үлесін күрт қысқартқан жөн деп санайды.

Оның байламынша, келесі жылды Мемлекет басшысы "Қазақ тілінің жылы" деп жариялағаны абзал. Соның аясында телеарналарда қазақша бағдарламаларға да баса көңіл бөлінуі керек. Мысалы, мемлекеттік бюджеттен тек қазақша контентті ғана қаржыландырған маңызды. Орысшасы онсыз да демеуші табады.

Нұрсұлтан Бағидолланың айтуынша, қазіргі уақытта IT, қаржылық сектор, биржа, өнер, поп-мәдениет пен жұлдыздар өмірі, дизайн, ғылым сияқты тақырыптардағы контентке қызығушылық өсіп келеді. Қазақша қызықты сериалдар түсірген жөн. Мысалы, түрік студияларын тартуға болады.

Оның байламынша, егер қазақ тілінде қызықты бағдарламалар, сериалдар көп болса, онда шамалы ғана қазақша білетін азаматтар оларды ынтыға көріп, тіл меңгеру деңгейін тез-ақ көтерер еді. Себебі, тіл мамандары кез келген тілді үйрену үшін сол тілдегі қызғылықты фильмдерді дубляжды аудармасыз, түпнұсқа тілде, субтитрмен көруге кеңес береді. Сонда тіл үйренуші адам өзі үшін жайлы жағдайда тілдік ортаға терең сүңги алады.

Мәдениет және ақпарат министрлігі Парламент қарауында жатқан "Масс-медиа туралы" заңы жобасының тілге қатысты 5-ші бабы аясында тың бастама енгізді. Ол нормаға депутаттар қиянат жасамай, қабылдаса, онда теле, радиоарналардың мемлекеттік тілдегі хабар тарату көлемі 2025 жылдан бастап елуден 55%-ға, ал 2027 жылдан 60%-ға дейін ұлғайту жөніндегі талап енгізіледі.

Бұл жерде бәлкім, депутаттар батылдық танытып, бұл межені 90%-ға дейін көтерсе, жөн болар еді.

"Жалпы, медиа контентті тұтыну динамикасы отандық өнімге деген сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді. Айта кету керек, шетелдік арналардың қазақстандық ақпараттық нарыққа еркін қол жеткізуі жағдайында отандық контентке таяу және алыс шетелдің өндірушілерімен тең бәсекелесіп, көрермен үшін күресуге тура келуде. Соған қарамастан, аудиторияның назарын аудару үшін таласта отандық өнімдердің жетістікке жетіп жатқаны туралы айтуға болады", – деді Ақпарат комитетінің БАҚ саласындағы бақылау басқармасының бас сарапшысы Ләззат Ақбұзауова реттеушілік әсерін талдауға түсініктемесінде.

Сарапшылар арасында "Қазақша бағдарламалар жалпы көрермен үшін қызықсыз" деген теріс пікір қалыптасқан. Мұны MediaData деректері жоққа шығарады және оның енді өзекті еместігін паш етті. 

Аталған компанияның "Прометей" телеөлшеу жүйесінің базалық панелінен алынған мәліметтерге сәйкес, биылғы жыл басынан бері орташа тәуліктік қамту бойынша ең көп сұранысқа ие ТОП-20 бағдарламаның 65%-ы немесе 20 бағдарламаның 13-і өз елімізде жасалған телеөнім болған. Оның көбісі – қазақша бағдарлама.

Оның үстіне 2021 және 2022 жылдардағы ұқсас кезеңдермен салыстырғанда, отандық контентті қараудың өсу динамикасы байқалады. Мәселен, 2021 жылы бұл көрсеткіш 40%-ды (ТОП-20 бағдарламаның 8-і), 2022 жылы – 50%-ды (10 бағдарлама), ал 2023 жылы – 65%-ды (13 бағдарлама) құрады.

Бұл ретте телеөлшем деректері қазақ тіліндегі контенттің кең танымалдылығын көрсетті. Мысалы, 2022 жылы "көркем бағдарламалар" санатында ТОП-10 фильмнің төрін "Qazaqstan" телеарнасында мемлекеттік тілде көрсетілген картиналары толтырды. Бұл – тұрақты тенденция. Мәселен, 2021 жылы шың басындағы ондыққа КТК телеарнасының орыс тіліндегі екі фильмі кіріп еді. Биыл олар да шығып қалды.

Осының бәрі отандық телеарналарда қазақша контенттің үлесін 2027 жылға қарай батыл түрде 90%-ға дейін көтеруге болатынын білдіреді. Өйткені телеөлшем деректері қазірдің өзінде қазақстандық көрерменнің осы контентке деген қызығушылығының тұрақты өсіп келе жатқанын дәлелдеді.

Министрлік сарапшысының түсіндіруінше, егер отандық телерадиоарналар эфиріндегі қазақша контенттің үлесін заң жүзінде ұлғайтса, онда телеарналар осы салаға қосымша инвестициялар тартады. Яғни, бұл талап ұлттық медиа-контент өндірісін ынталандырудың қосымша факторы болатыны анық.

Тиісінше, мұның мультипликативтік тиімділігі зор болады. Қазақ тілінде түрлі өнім шығаратын продакшн-студиялардың, журналистердің, блогерлердің және басқасының жұмыс көлемі де, бюджеті де күрт артады. Өйткені бүгінде барлық дерлік телеарналар контент өндірісін аутсорсинге беріп қойған. 

Бұған қоса, 2021 жылғы халық санағының қорытындысы да қазақ тіліндегі контентке сұраныстың тек арта беретініне үлкен үміт сыйлады. Оған сәйкес қазақстандықтардың 80,1%-ы қазақ тілін біледі.

Inbusiness.kz жуырда шетелдік сарапшыларға сілтеме жасап, әлеуметтік желіде де "бұрынғы жылдарға қарағанда орыс тілінің үлесі жыл санап құлдырап келе жатқанын" жазған болатын. Демек, телеарналар қалпымен қазақыланса, орыстілді көрермен ғаламтор мен әлеуметтік желілерге ауады деп қауіптенудің мәні жоқ.

"Қазақстандықтар жаппай ресейлік арналарға ауысып алады" деген тұжырым да сын көтермейді. Елімізде еркін таралатын ресейлік арналардың негізгі көрермені – жасы елуден асқан егде жастағылар, зейнеткерлер. Ал Қазақстанның болашағы жастар қолында болса керек.

Жас ұрпақты қазақ тілінде тәрбиелеп, қазақы қалыпта баулуға мән берілуде. 2022 жылы Мәдениет және спорт министрлігі қазақ тіліндегі 25 заманауи анимациялық фильмді жарыққа шығырды. Сөйтіп, көлемі 8 еседен астамға өсті: 2020 жылы – бірде бір анимациялық туынды түсірілмесе, 2021 жылы – 3 туынды ғана жасалыпты. 849 серияны құрайтын қазақ тіліндегі анимациялық фильмдер YouTube желісіне орналастырылды.

Елімізде 0-8 жастағы балалар аудиториясына арналған тұңғыш балалар телеарнасы "Balapan" 100% қазақ тілінде хабар таратады. 2022 жылы аталған телеарна 23 тележоба өндірді: 11 анимациялық сериал, 12 оқу-танымдық, шытырман оқиғалы, ойын-сауық жанрындағы  тележоба. 22 шетелдік анимациялық жобаны қазақ тіліне аударды. Қазақтілді 5 анимациялық өнімді шетелдіктер сатып алып, АҚШ-та және Латын Америкасы елдерінде ағылшын, испан және португал тілдерінде көрсетілді. Бұдан басқа, TiJi, Nickelodeon мультфильмдерін қазақша сөйлету бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Сарапшылар медиа саласының қазақылану үрдісіне білім беру саласындағы үрдістер серпін беретініне назар аудартады.

Біріншіден, Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл бірінші сынып табалдырығын аттаған оқушылардың 71%-ы қазақ тілінде оқуды таңдаған.

Екіншіден, Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегінше, биыл ҰБТ тапсыру кезінде бүкіл мектеп түлектерінің 75%-ы қазақ тілін таңдаған.

Мұның бәрі – телеарналардың және олардың YouTube арналарының қазақша контентін тұтынушылар, әлеуетті аудиториясы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу