Адвокаттар алған ақшасын ақтамайды

"Адвокаттық қызмет және заңдық көмек" туралы заңға енгізілетін өзгерістерді  адвокаттар өте ауыр қабылдап жатыр.

Адвокаттар алған ақшасын ақтамайды

ШҚО әділет департаментінің басшысы Ерлан Дауылбаевтың мәлімдеуінше, келешекте адвокаттардан алған ақшасын ақтау талап етіледі. Бұл үшін 20 жылдан бері мұрты бұзылмай тұрған "Адвокаттық қызмет және заңдық көмек" туралы қолданыстағы заңға өзгеріс енгізіледі.

Салаға жасалған талдау барысында адвокаттар мен заңдық кеңес берушілердің қызметінен бірнеше кемшілік анықталған. Соның ең сорақысы қарапайым азаматтарды пайдакүнем ақтаушы мен заңгерден қорғайтын бірде-бір құқықтық құжаттың болмауы деп танылған.  

"Облыста адвокаттардың саны шектеулі. Тіпті тапшы десе де болады. Олар мұны жақсы біледі. Сондықтан алдарына келген адамдардан көрсететін қызметтері үшін өте үлкен ақша сұрайды. Бірақ алған ақшаларын ақтайтындарына ешқандай кепілдік бермейді. Жаңа заң осы қайшылықты реттеуді көздейді",  – деді Ерлан Дауылбаев.

Шығыс Қазақстан облысында 433 адвокат тіркелген. Кейбір аудандарда екі немесе үш адвокат қана бар. Олар шалғай аудандардың тұрғындарына қызмет көрсету үшін удай баға сұрайды.

Құқықтық кеңес беріп, заңдық көмек көрсететін тұлғаларды облыс халқына шағатын болсақ, 3221 тұрғынға бір адвокаттан келеді екен.

Департамент басшысының айтуынша, жергілікті адвокаттар алқасының бір құраммен ондаған жылдар бойы жұмыс істеуі ұйым қызметінің тазалығына күмән туғызады.  

Белгілі болғандай, "адвокаттық қызмет және заңдық көмек" туралы қолданыстағы заңға бірнеше өзгеріс енгізілмекші екен.

Біріншіден, заңдық кеңес берушілер арнайы палатаға біріктіріледі.

Адвокат жалдауға шамасы келмеген адамдар кеңесшілердің қызметіне жүгінеді. Яғни қазіргідей заңдық білімі бар кез келген адам сотта адвокат ретінде сөйлей алмайды. Өйткені бұл мәселе заңмен бекітіледі.  

Екіншіден, адвокат қызметінің құнын белгілейтін арнайы кесте түзу ұсынылуда. Адвокаттың қызметіне жүгінгісі келген адам қай қызметтің қанша тұратынын кестеге қарап білетін болады. Бұл шек адвокаттардың ойына келген бағаны айтып, халықтың қалтасын қағуға тосқауыл қояды.

Үшіншіден, адвокат пен жүгінуші арасындағы келісімшарт сақтандырылады. Ұлыбритания, Нидерланд, Франция, Швеция сияқты елдердің тәжірибесі бұл бастаманың ел үшін өте тиімді екенін көрсеткен. Келісімшарты сақтандырылған  азаматтар сотта ұтылған күннің өзінде кеткен шығынның бір бөлігін қайтарып алады. Бұл жоба 2020 жылы енуі мүмкін.

Төртіншіден, қызметі сапасыз болған адвокаттар мен кеңес берушілерді жауапқа тарту тетіктері жетілдіріледі. Тәртіптік комиссиялар адвокаттардың әрбір әрекетін жіті қадағалап, шағым түскен жағдайда оған жаза қолдануы мүмкін.

Бесіншіден, адвокат тапшылығын шешу үшін осы мамандыққа өтудің шарттары оңтайланады. Қазір адвокаттық қызметті бастау үшін 800 мың теңге алғашқы жарна төлеу қажет. Бұл соманы 50%-ға дейін шектеу қарастырылады.   

Алтыншыдан, өзге мамандық иелері сияқты адвокаттар да аракідік аттестациядан өтіп, біліктілігін арттырып тұрады.

Ерлан Дауылбаевтың айтуынша, бұл заң жобасын адвокаттардың өте ауыр қабылдап жатыр.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу