АЭС тек бейбіт күнде – игілік, соғыста – шантаж құралы

2802

Жанжал ошақтарына жақын орналасқан елдер атом станциясын салуда абай болғаны, жеті рет өлшеп, бір рет кескені абзал.

АЭС тек бейбіт күнде – игілік, соғыста – шантаж құралы

Таяуда Қазақстан атом электр станциясының қай жерде тұрғызылатынын анықтады. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялады, бірақ ол құрылыстың нақты орнын және қандай мемлекеттің реакторы сатып алынатынын атамады.

Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың нақтылауынша, АЭС құрылысына Алматы облысындағы Балқаш көлінің маңы лайықтырақ.  

"Станцияның көрсеткіштерін айқындадық, қуаты шамамен 2,4 ГВт. Орналастырылатын ауданға келсек, бұл – Балқаш болатын шығар. Ол аудан бұрыннан, кеңес кезінен бері зерттелген. Дегенмен АЭС орын тебетін жер телімі, сондай-ақ қандай технология таңдалатыны бойынша әзірге нақтылық жоқ", – деген еді бас энергетик.

Үкімет АЭС бойынша биыл түпкілікті анықталуға тиіс. Бұған дейін атом станциясын тұрғызуға арналған алаңдар ретінде Алматы облысындағы Үлкен кенті және ШҚО-дағы Курчатов қаласы қарастырылған.

Дегенмен халықаралық сарапшылар бұдан былай атом станциясын салуда тек экономикалық қана факторлармен шектелмей, геосаяси мәселелерді де ескеруге тура келетініне назар аудартады. Содан болса керек, Ресейдің газы мен мұнайынан айырылып, энергетикалық дағдарысқа киліккен Германия жақында жабылған АЭС-терін қайта ашудан аяқ тартып отыр. Атап айтқанда, 2022 жылғы қаңтарға дейін ФРГ қолданыстағы атом станцияларының жартысының қызметін тоқтатып, консервациялауға кірісті. Брокдорф, Гронд және Гундреммингендегі алып атом станциялары істен шығарылды. Олардан тарам-тарам болып тараған электр желілері мен мұнаралары алып тасталды. Бірақ АЭС-терді толыққанды демонтаждау шаралары бірнеше жылға ұзайды.

Осылайша, Германия аумағында электр қуатын өндірумен 3 АЭС қана айналысады: Баварияда, Баден-Вюртембергте және Төменгі Саксонияда. Алайда ФРГ-нің атом энергиясынан толық бас тарту саясаты аясында олар да келесі жылы өндірісін доғаруға тиіс.

Осы орайда бұрын атом энергетикасын пайдалануға тілек білдірген әлемдегі бірқатар ел енді ол ниетінен қайтты.

The Wall Street Journal да осы мәселеге жеке сараптама арнады. Басылымның эксперттері, зерттеушілер Джо Паркинсон мен Дрю Хиншоу "Ресей армиясы Украинадағы аса ірі АЭС-терді әскери базаға айналдырып алғанын" хабарлады.

Тарата айтқанда, олар жаудың Еуропадағы ең ірі станция саналатын Запорожье АЭС-інің айналасын миналап тастағанына, халықаралық конвенцияларда тыйым салынғанына қарамастан, оның аумағын зымыран кешендеріне, әскери техникаларға толтырғанына, МАГАТЭ-ге онлайн режимде мәлімет беріп отыратын датчиктерді, камералар мен аспаптарды ағытып тастағанына алаңдайды. Ал атом стансасының мамандарын, жұмысшыларын қамап, ұрып-соғып, арасынан "шпиондар мен партизандарды" іздейді, тіпті заңсыз ұсталғандардың туыстарынан құн сұрататын көрінеді.

"Ресей армиясы Еуропадағы аса ірі атом электр станциясын майданның алғы шебіндегі әскери базаға айналдырып жіберді. Осы арқылы бүкіл Еуропа ортасында қауіпсіздік дағдарысын туғызып отыр. Ресей Запорожье АЭС-ін 4 наурызда, яғни Украинаға баса-көктей кіргеннен кейін 8 күн өткенде басып алды. Жұмысшылардың айтуынша, қазір онда 500-ден аса ресейлік солдат орналасқан. Олар станция аумағында ауыр артиллерияның батареяларын өрістетті. "Смерчтер", "Градтар", танктер, бронетранспортерлар қойылды. Суы 6 атом реакторларын салқындату үшін пайдаланылатын су қоймасының жағалауларын миналап тастады. Украина әскері қарсы жағалауда, станциядан 3 миль (5 шақырымдай) жерге таяды", – деп жазады зерттеушілер.

Алайда олар АЭС-ті шабуылдауға батпайды. Қарсылас арандату ұйымдастырып, станцияны жарып жіберуі мүмкін. Салдарынан, бейбіт мақсатта ел экономикасына игілік пен қуат әкелетін ядролық энергетика соғыс уақытында қарсыласты өз дегеніне көндіру үшін қолданылатын шантаж, доқ көрсету құралына айналатыны мәлім болды. Мысалы, АЭС-ті Ресей жағы майдан шебінде орнығып, бақылауын күшейту, сондай-ақ Украинаның оңтүстігінде ары қарай жылжу үшін қолданбақ.

"Бұл Ресей әскерилерінің сүйікті тактикасы – мемлекет үшін өмірлік маңызды инфрақұрылымды басып алады да, ішіндегі персоналымен бірге оны қалқан етіп ұстайды. Салдарынан біздің әскер ол жаққа аттап баса алмайды. Біз станцияны шабуылдауды жоспарлап отырған жоқпыз. АЭС-ті азат етудің жалғыз жолы қалады: жақын маңдағы аудандарды қолға түсіріп, оны қоршауға алу, дұшпаннан кетуді талап ету", – деп қапаланады Украинаның қорғаныс экс-министрі Андрей Загороднюк. 

Бірақ ресейлік әскер АЭС аумағында жылдап тұрамын десе де, ешкім ештеңе жасай алмайды. Тек азық-түліктің мол қорын жасап алса болғаны. Мысалы, Украина жауынгерлері Мариуполдегі "Азовсталь" және Северодонецкідегі "Азот" алып зауыттарын паналағанда, ресейлік армия оны жерден, әуеден, артиллериядан аяусыз бомбалады, салмағы 1 тонналық авиабомбалар тастады. Сөйтіп ақыр соңында паналарын тастап шығып, берілуге мәжбүр етті. Ал мына жағдайда бәрі керісінше, Украина АЭС аумағын бомбалай алмайды.

The Wall Street Journal мәліметінше, агрессорлар тыңшылық жасайды деп, бейнекамераларды, датчиктерді ағытып тастауды әдет қылды. Содан Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік украиналық станциядағы камералармен, аспаптармен байланыстан ажырап қалған. Деректер беру доғарылғандықтан БҰҰ да, МАГАТЭ де Запорожье АЭС-індегі ішкі ахуалдан хабарсыз.

Белгілі болғанындай, қауіпсіздік жағдайын қадағалау үшін халықаралық агенттіктің Венадағы штаб-пәтеріне әлемдегі атом станцияларының бақылау камералары мен аспаптарынан деректер беріліп отырады екен.

Украинаның АЭС-терін басқаратын "Энергоатом" мемлекеттік энергетикалық компания станциядағы мамандарынан суыт хабар алған. Ресейлік әскерилер салқындатушы терең бассейндерді құрғатуды талап ете бастапты. Олар украиналық жауынгерлер оның түбінде арнайы қойма-схрондар жасап, қару-жарақ тыққан деп күдіктенеді. Егер бассейндер құрғатылса, бұл фильтрленген су ағынын тоқтаусыз қажет ететін атом станциясына зор қауіп төндіреді. Өйткені реакторлар да, қолданыс мерзімі аяқталған отын білік-стержендері де осы бассейндердің үздіксіз жұмысына тәуелді. 

WSJ еркінсіген ресейлік солдаттар станциядағы мамандар мен жұмысшылардың кейбірін қамап қойып, құн сұрауды жолға қойғанын жазады. Қазіргі кезде 40-тан аса адам тұтқында отырған көрінеді. Олардың отбасылары мессенджерлерде топтық чаттар құрып, құнға төленетін қаражатты жинауға мәжбүр. Ол топтарда қатты соққыға жығылған жұмыскерлердің фотолары, босату "өтемақысының" көлемі жарияланады: оның сомасы шамамен 50 000 гривен (1681 доллар) көрінеді. Қалада не болып жатқанынан Украина жағы хабардар, бірақ өз азаматтарын қорғауда қылар қайраны жоқ.   

Халықаралық сарапшылар дұшпан Запорожье АЭС-ін босатқан күнде, тәртібі нашар солдаттар оны қандай күйде қалдыратынын білмейді: Би-Би-Си 5 сәуірде Чернобыль АЭС-ін тастап шыққан қарсылас ондағы қымбат аспаптарды, компьютерлерді, құрылғыларды, басқа мүлік-мүкәммалды алып кеткенін, қалғанын бүлдіріп тастағанын мәлім еткен.

МАГАТЭ ядролық қауіпсіздіктің 7 ұстыны саналатын барлық ереже Запорожье АЭС-інде бұзылғанын мәлімдеді. Оларға станция ғимаратының бүтіндігі, радиацияның деңгейіне қашықтан мониторинг жүргізу, АЭС аумағының запастық бөлшектермен, отынмен, шығыс матриалдарымен тұрақты қамтамасыз етілуі және басқасы жатады. Ал ресейлік әскер Запорожье АЭС-і аумағын басып кірердің алдында артиллериямен, гранатометтармен атқылады. Салдарынан, 6 реакторға жақын орналасқан оқу орталығы өртеніп кетті. Осыдан кейін украиналық әскер станцияны қорғауды тоқтатып, оның аумағын тастап шықты. 

МАГАТЭ бас директоры Рафаэль Гросси станция аумағында сақтаулы тұрған байытылған уранның және байытылған плутонийдің қорлары жоғалып кете ме деп алаңдайтынын жеткізді. Ертең ол қара нарықта сатылып, террористер қолына түссе, әлемде, әсіресе, Батыста лас ядролық бомбаны жару үшін қолданылуы мүмкін. 

"Бұл үрейлі жайт қазір бізді түнде ұйқыдан айырған проблема болып тұр", – деді Рафаэль Гросси.

МАГАТЭ сарапшылары қамалған әріптестерінің орнына бірнеше ауысым қатарынан атқаруға мәжбүр украиналық ядрошы-мамандар, жұмысшылар ауыр стресс, күйзеліс кесірінен қателіктерге жол беруі, протоколдарды толыққанды сақтамауы ықтимал деп қауіптенеді. АЭС-тегі 11 мыңдық алып ұжымның үлкен тобы пана іздеп, өзенді кешіп өтіп, украиналық әскер қолындағы аумақтарға қашқан. Әйтпесе, станция басшылығы мен персоналын дұшпан әскерилері тыңшылық жасадың деп айыптап, апталар бойы қамауда ұстап, ұрып-соғатын, азаптайтын көрінеді. Ресейліктер таяуда 53 жасар жөндеуші маман Сергей Швецті атып тастаған. Оған Украина қорғаныс күштеріне әлдебір ақпаратты берді деген күдік келтіріліпті. Сондай-ақ станцияға іргелес қонған қала – Энергодардың мэрі Дмитрий Орловтың мәліметінше, оккупанттар жергілікті тұрғындар арасынан әйелдерді көбірек ұрлайтынды шығарған. Күн сайын соған қатысты 2-3 хабарлама түседі екен.    

Әрине, осыны көре отырып, Қазақстан АЭС салмауы керек деген сөз жоқ. Бірақ Үкімет салды екен, оның бейбіт күндегі ғана емес, соғыс уақытындағы қауіпсіздігін, ықтимал әуе шабуылынан қорғанысын қамтамасыз ету мәселесін де пысықтаса, артық болмас.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу