Аграрлық шайқастар-2: жерге талас елдің жүйкесін жұқартты

3839

Қазақстанда жыл сайын жерге қатысты 5 мыңнан астам дау туады, деп жазады Inbusiness.kz.  

Аграрлық шайқастар-2: жерге талас елдің жүйкесін жұқартты

Аукцион арқылы сатылған жердің шын иесі кім?

"Азаматтарға арналған Үкімет" мемкорпорациясының Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі және техникалық қамтамасыз ету басқармасының дерегінше, 2018 жылы жер дауына қатысты 6 276 шағым түскен. Оның 5 687-сі өндіріске алынып, іс қозғалған. Оның 2377-сі қанағаттандырылған. 986-і бойынша қанағаттандырудан бас тартылған. Қалған істер тоқтатылған. 3 млрд 450,9 млн теңге өндіріліпті.

2019 жылы бұдан да көп – 7 044 жер дауы туындаған екен. Оның 5 986-сы бойынша іс қозғалған. 2 695-сі қанағаттандырылған, 798-ін сот қанағаттандырудан бас тартқан. Сот шешімімен 1 млрд 313,9 млн теңге өтелді. Басқарма 2020 жылдың толық қорытындысын әлі күнге шығармапты.

Бірақ жерге қатысты даулардың азаятын түрі жоқ, шағымдардың легі де толастар емес. 

Inbusiness.kz бұған дейін де осындай даулардың неге соқтыратынын жазған болатын. Жерге қатысты жанжалдарға талдау жүргізгенде, оларға ықпал ететін факторлардың, әрекеттердің (шаруашылыққа рейдерлік шабуыл, жер телімін сұраусыз-заңсыз пайдалану, қарызға батқан кәсіпорындарға қатысты проблемалар) әртүрлі екені байқалады.

Бұл дауларға көбіне мемлекеттік органдардың үйлесімсіз тірлігі, бюрократия, ақпараттық жүйелердегі олқылық-ақаулар ықпал етеді.

Мысалы, Ө. Анықбек сонау 2015 жылы Шымкент қаласының атқарушы органы өткізген аукционға қатысып, Қазығұрт шағынауданындағы жер телімін сатып алады. Жергілікті тұрғындар бұл маңда бақша салатыны, тіпті мал жаятыны мәлім.

"Алайда 2020 жылы менің сатып алған жерімді ұлты өзбек Ирисметова деген азаматша меншіктеп ала қойыпты. Әкімдік осындағы 6,64 гектар және 1 гектар жерді коммерциялық мақсаттағы жерге айналдырып, Жер кодекснің баптарын өрескел бұзып, конкурссыз өзбекке сатқан. Ең сорақысы, бұл сатылған жерлер ауыл шаруашылығына арналған. Мұнда өндірістік коператив болған. Сонда бұларға Қазақстанның заңы жүрмей ме? Жерді сатпау туралы бап қайда қалды? Бұлар қазір заңсыз құрылыс жүргізіп, шөп сататын базар ашқан", – деп шағымданады арыз иесі Ауыл шаруашылығы министріне.

Ол жергілікті әкімдікке мұның бассыздық екенін айтып, қарсылығын білдіріп жүгініпті. Нәтиже шығара алмаған.

"Өйткені өздері сыбайластытық әрекетке барған сияқты. Кадастр нөмерді бірнеше рет ауыстырған. 2019 жылғы желтоқсан айында басқа кадастр алынған. 2020 жылдың ақпан айында ізін жасыру үшін екіге бөлген кадастр қабылдаған. Мұндай заңбұзушылыққа жол бермеу қажет", – деген пікірде Анықбек.

Алайда Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті бұл жерде ешқандай заңсыздық та, сыбайластық та жоқ деген байламға келіпті.

"Қазақстанның мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде Анықбектің өтінішінде көрсетілген кадастрлық жер учаскелері бойынша ешқандай мәлімет жоқ. Осы жүйедегі ақпаратқа сәйкес сол тұстағы жер учаскесі азаматша Ирисметоваға тиесілі. Сатып алу-сату келісімшарты 2019 жылғы 21 желтоқсанда тіркелген. Ал азаматтық-құқықтық актілердің заңдылығына тексеру жұмыстарын жүргізу біздің құзыретімізге жатпайды", – деді АШМ комитеті.

Яғни бәрі заңдастырылып қойыпты.

Құрылыс алпауыты фермердің жерін неге қазған?

Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданының Тасмұрын елді мекеніндегі шаруа қожалығының өкілі Досан Сағатұлы құрылысқа қажетті қазба байлықтарды, құрылыс материалдарын алу үшін жол салушы алпауыт фермердің жерін астан-кестен еткен дейді. Қазіргі кезде Маңғыстаудағы "Шетпе-Қызан" тасжолы реконструкцияланып, жөнделіп жатыр.

"Әкем Сағаттың "Досан" шаруа қожалығына қарасты, ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын 1 305 гектар жерде заң бұзушылық болды. Әкем зейнет жасындағы кісі. Жүріп тұруы қиындау. Сондықтан ол кісінің сенімхатымен мен жұмыс істеймін. "Шетпе-Қызан" автомобиль жолының 49-85 шақырымы (Тасмұрын-Мәстек аралығы) аралығын қайта қалпына келтірумен айналысып жатқан жол салушы компания – "Алтынқұрық" ЖШС біздің шаруа қожалығы жерін карьер ретінде заңсыз, менің рұқсатымсыз пайдаланған. Соның кесірінен қоршаған ортаға және жайылымдық жерге үлкен көлемде зиян келтірді", – дейді Досан Сағатұлы.

Келтірілген шығын көлемін мынадан бағамдауға болады: 20 600 шаршы метр жерден 36 764 текше метр көлемінде топырақ қазып алынған екен.

"Бұл ретте 7 шақырым жерді автогрейдермен сүріп, 250-300 метрдей жеріне айналма жол салып алған. Бұл шүйгін, мал жайылатын жер еді. Бұлай қопарылып, тапталған жер деградацияланып, онда енді 7-8 жылсыз шөп шықпайтыны анық. Мұндай әрекет дәл қуаңшылық кезде жасалып отыр. Сол себепті бұлардан келтірілген шығынды өтеуін және қазылып тасталған жерді толтыруды талап етемін", – дейді ол.

Жалған координаттар жарға жығуда

Қостанай облысының Амангелді ауданының тұрғыны Айбек Мейрамханұлы "жергілікті шенеуніктер өз өкілеттіктерін және билігін пайдаланып, қазір алтыннан да қымбат болып тұрған жайылымдық, шабындық жерлерді туыс-туғандарына таратқан" – деп арыз айтты.

"Шын мәнінде, көптеген мемлекеттік қызметші жерлер мен шаруа қожалықтарының иесі болып табылады. Бірақ қағаз жүзінде оның бәрін жақын туыстарына, қарт ата-аналарының атына жазып қойған. Құжат бойынша басшылары солар. Біздің аудандағы Әбу Сыздықов ауылынан мысал келтірейін. Биылғы жылы осы ауылға қарайтын ауыл шаруашылығы жерлерінде үш шабындық учаскесінде жаңа қожайындар пайда болды. Құжат бойынша олардың бәрі учаскелерді конкурста жеңіп алыпты. Алайда бұған дейін осы жерлер заңды түрде Әбу Сыздықов ауылының қарапайым фермерлеріне тиесілі болатын", – дейді арызданушы азамат.

Оның байламынша, Үкіметтің тапсырмасымен ауылшаруашылығы жерлерін цифрландыру үдерісі басталғанда, жергілікті шенеуніктердің салғырттығы салдарынан көптеген жер электронды картаға қате координаттармен енгізіліп кетіпті.

"Соның кесірінен бұрын заңды түрде қарапайым фермерлердің иелігінде болып келген жер учаскелері электронды картада "бос жерлерге" айналып шыға келді. Заңгерлік білімі жоқ фермерлердің сауатсыздығын пайдаланып, жер қатынастары бөлімінің қызметкерлері білгенін істеген, мемлекеттік актілерді бұрыс координаттар бойынша дайындаған. Ал байғұс шаруалар ештеңеден хабарсыз, ескі картаға сәйкес, бұрынғы жерлерін ары қарай жыртып, егін салған. Олар әрине, бұл жерлер енді олардың еншісінде еместігін, шенділердің оларды хабардар етпей, "босатып" қойғанын білмеген. Нәтижесінде бұл қарапайым фермерлер мен жаңа жер иелері, соның ішінде мемлекеттік қызметшілер арасындағы дауға соқтырды", – дейді Айбек Мейрамханұлы.

Оның мәліметінше, мысалы, жергілікті басқармада басшылық қызмет атқаратын шенеуніктің бірі 24 гектардай шабындық жерді иемденіп, оны қарт шешесінің атына рәсімдеп қойыпты. Оның інісі ауылдастарымен әңгімесінде бұл жерді "ағасының арқасында блатпен алғанына" мақтанған көрінеді. Бұл әңгімені біреулер аудиожазбаға жазып алыпты.

"Тек бір ауылда ғана шенеуніктердің "бос" жерлерді астына басуының тағы екі дерегі бар. Фермерлерге айтпай, жасанды түрде босатылған жерлердің мемқызметшілердің ағайындары мен жора-жолдастарына таратылуы сыбайлас жемқорлық емес пе? Егер осы саланы қазса, коррупциямен күресушілер біраз қылмыстың бетін ашар ма еді?! Жер – ауылдықтардың басты ресурсы, олар сол арқылы нәпақа табуда, тіршілігінің тінін жалғауда. Егер мал жайылымынсыз, шабындықсыз қалдырса, олар малынан айырылады, күнелтіп отырған азғантай әрі жалғыз табысын жоғалтады", – дейді А. Мейрамханұлы.  

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов өз блогы арқылы Қостанай облысының аталған ауданындағы бірқатар жергілікті лауазымды тұлғаның іс-әрекеттерін қарауды облыстық антикоррупциялық қызметке жүктегенін хабарлады. Антикордың қандай процессуалдық шешім қабылдайтыны әзірге белгісіз. Арыздарда айтылған фактілер кейде жалған деп танылып жатады. Демек анық-қанығын, ақ-қарасын құзырлы орган анықтамақ.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу