Агрис Прейманис: Шикізаттық сектордағы әр өндірістік тізбектен мықты компания ашуға мүмкіндік бар

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
19417

Қазақстандағы ЕҚДБ басшысы abctv.kz-ке эксклюзивті сұхбат берді.

Агрис Прейманис: Шикізаттық сектордағы әр өндірістік тізбектен мықты компания ашуға мүмкіндік бар

"Қазақстандағы индустрия шикізат сегментінің тізбегіне байланған. Елдегі дамыған салалардың бір-бірімен тығыз жұмыс істеуі немесе шикізат өндіретін сектормен бірге дамуы маңызды. Технологиялық-өндірістік тізбекті дамыту шикізат сегментімен қатар дамиды. Қазақстан шикізаттық сектордағы өндірістік тізбекті дамыту арқылы әлемдік өндірістің бір бөлшегіне айнала алады" дейді Агрис Прейманис abctv.kz тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында.

- Агрис мырза, Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов жақында БҰҰ мінберінен Қазақстан экономикасы тәуелсіздік алған бергі уақыт ішінде 20 пайызға өскенін, көмекке мұқтаж елден донор мемлекетке айналғанымызды айтты. Қазақстанның донорлық әлеуетін және инвестициялық тартымдылығын қалай бағалайсыз?

- Соңғы жылдары Қазақстан үкіметімен экономикалық реформаларды жүзеге асыру бағытында біраз жұмыс атқардық. Бүгінде баспасөз беттерінен сан алуан болжам­дарды оқып жүрміз. Дегенмен, экономистер болашаққа оптимис­тік көзқараспен қарап отыр. Біздіңше, Қазақстан бүгінде мұнай-газ саласын­дағы экономикалық құлдырау кезеңінен өтті. Мемлекет аталған сынақты сәтті еңсе­ре білді. Біз ҚР үкіметі экономикалық блогымен бірігіп атқарған жұмыстарымыздың жақсы нәтижесін көріп отырмыз. Қазақстан даму жолына түсті.  

Жалпы, кез келген инвестор ­инвестициялық ахуалға назар аударады. Бұл жөнінен Қазақстан ­инвестициялық ахуалға көңіл бөлетін ел ретінде танымал. Бұл фактор мемлекеттің инвестициялық тартымдылығына да, инвестицияның әртараптандырылуына әсер етті .

ҚР сыртқы істер министрі Қайрат Абдрахманов атап өткеніндей, Қазақстан инвестиция үшін тартымды елдер қатарынан донор мемлекет деңгейіне көтеріліп келеді. Мысалы, шағын және орта бизнес саласы көптеген елдерде халықаралық ұйымдардың доноры есебінен қаржыландырылады. Ал Қазақстанда бұл сала мемлекет есебінен қаржыландырады.

- Сіз осы лауазымға жақында тағайындалдыңыз. Жаңа лауазымыңызда жұмысты неден бастадыңыз? ЕҚДБ-нің жаңа жобаларды іздеу немесе қаржыландыру форматында өзгерістер бар ма?

- Мен Қазақстанға Орталық Азия аймағындағы интеграциялық процестердің беталысы жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын ҚР үкіметі де, бизнес те түсіне бастаған және оны тиімді пайдалану қажеттігін сезінген тұста келдім.

Шикізат көзі – мұнай бағасының төмендеуі экономикалық өсімге кері әсер етті. Жаһандану үрдісі кең етек алған XXI ғасырда әлем елдерінің алдында туындаған жалпы ортақтық сипаттағы мәселелер адамзат баласын алаңдатпай қоймайды. Мұндай мәселелердің шешілуі барлық мемлекеттердің бірлескен әрекеттері мен ортақ шараларын қажет етеді. Ал әрекеттер мен шаралар тиімді әрі нәтижелі болу үшін үйлесімділік қажет. Мемлекеттер арасындағы әрекеттерді үйлестіруге апаратын бірден-бір жол интеграция болып табылады.

ЕҚДБ Қазақ үкіметінің экономикалық блогымен де, жеке сектормен де инвестициялық жобаларды қаржыландыруды жалғастыра береміз. Ел дамуының жаңа тынысын ашатын жобаларды қаржыландыру арқылы ЕҚДБ компаниялар мен жекелеген секторлардың бәсекеге қабілеттілік деңгейін көтеруге ықпал етеді. Біз Қазақстандағы барлық жекелеген компаниялармен, халықаралық компаниялармен де жұмыс істейміз. Себебі банктің Қазақстандағы негізгі мандаты жаңа инвестиция тарту. Алдағы уақытта байланыстарымызды жаңа сапалық деңгейге көтере алатынымызға сенемін.

- Сіздің ойыңызша, Қазақстанда қандай сала инвесторлар үшін тартымды?

- Қазақстан инвесторлар үшін маңызды мүмкіндіктердің есігін ашып отыр. Бір белдеу – бір жол бастамасы, инфрақұрылым және логистикамен байланысты жобалар инвесторларға қызықты.

- Нақты айтқанда, олардың қайсысы алдағы 5-10 жылда экономикаға серпін беретін даму институтына айналуы мүмкін?

Ауыл шаруашылығы секторының мүмкіндігі де, әлеуеті де мол. Менеджмент жақсарып келе жатыр. Бірақ ол өз деңгейінде ашылған жоқ. Бұл сектор инвесторлар үшін тартымды. Сондай-ақ баламалы энергия көздері, соған қатысты жобалар да инвесторлардың назарын аударады. Мен бұл жерде тек бірнешеуін айтып тұрмын. Қазір Қазақстанда мемлекеттік компаниялар жекешелендіріле бастады. Бұл сектор да инвесторлардың назарынан тыс қалмайды.

- ЕҚДБ үшін біздің елде қандай факторлар маңызды?

- ЕҚДБ-ның Қазақстандағы қызметінің кеңдігі – Қазақстан экономикасының даму әлеуеті мол екенін көрсетеді. Муниципалды дамуға қатысу жергілікті инфрақұрылымдардың, ел аймақтары экономикаларының теңгерімді даму проблемаларын шешуге көмектеседі. Қазақстандық банктермен, зейнетақы қоры, басқа да ішкі инвесторлармен бірлесіп жобаларды қаржыландыруы біз үшін өте маңызды.

- Инвесторларды валюта нарығындағы құбылмалы жағдай үркітіп алмай ма?

- Инвестор­лардың назарын аударып отырған бағдарламалардың бірі – валюта бағамының еркін айналымға өтуі мен инфляциялық таргеттеу. Менің­ше, Ұлттық банктың шешімі дұрыс және нәтижелі болды.

- ЕҚДБ-ның Қазақстан үкіметі арасындағы 2017-2021 жылдарға арналған Елдік стратегиясы қандай мәселелерді қамтиды?

- 2017-2021 жылдар арасын қамтитын құжат жобасында Қазақстанмен арадағы негізгі 4 бағытты айқындадық. Оның біріншісі үкімет пен жеке сектор арасындағы жұмысты үйлестіру, екінші бағыт – қаржыландыру көздеріне қолжетімділікті арттыру. Біз екінші бағыт бойынша Астанадағы қаржы орталығымен капиталдың жергілікті нарықтарын ынталандыру бойынша байланыс орнатуды жоспарлап отырмыз.

Біз орталықтың стратегиясына, басқа да қажетті элементтеріне, капитал, ақша нарығы, баға нарығы, корпоративті басқару мәселелері бойынша қолдау білдіруге дайынбыз. Үшінші бағыт – көрші елдермен, жалпылама алғанда әлемдік экономикамен шекаралық ресімдеуді жеңілдету арқылы экономикалық интеграция. Бұл экспорттық әлеуеттік деңгейін жақсартады, сауда-саттық шығындарын қысқартып, бәсекелестікті күшейтеді. Төртінші – "жасыл экономика". Әлемдік тәжірибеде "жасыл экономиканы" әлемдік қауымдастық жаңғыру экономикасы ретінде қабылдап, қолданысқа енгізуде. Жасыл экономика жеке сектордың тұрақты даму үшін маңызды фактор болып табылады. Қазақстанмен бірлесіп "жасыл экономика" тетіктерін әзірлеу бойынша дәйекті жұмыс жүргізіп жатырмыз, өйткені неғұрлым таза энергия көздеріне көшу жедел нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондықтан, оның дамуына қазірден бастап басымдық берген дұрыс.  

ЕҚДБ Қазақстанда өткізген зерттеуіне сәйкес кәсіпкер әйелдердіӊ ерлерге қарағанда мүмкіндіктері шектеулі және қаржыға қол жеткізуі қиынырақ. ЕҚДБ тұрақты және инклюзивті экономика құруды көздейді. Ұзақ мерзімге теңгелей берілетін несиеге қол жеткізу коптеген кіші, шағын және орта кәсіпкерлер үшін маңызды. Мүмкін, әйелдер үйлерінен шықпай-ақ бизнесін жалғастырғысы келетін шығар. Әйелдер басқаратын кәсіпорындардыӊ мүмкіндіктерініӊ толық ашылуы үшін Қазақстан Республикасыныӊ үкіметімен бірге "Бизнестегі арулар" жобасын мақұлдап, екінші деңгейдегі банктер арқылы қаржыландырдық. Ол жоба қазір жұмыс істеп жатыр. Нәтиже бар. Бағдарлама аясында әйелдер басқаратын шағын және орта кәсіпорындарға бизнес-кеӊестер, ЕҚДБ несиелерін алатын әріптес қаржылық институттарға техникалық көмек береді. Бір-бірінен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ 15-20 жыл бұрын шахталарда әйелдердің жұмыс істеуі мүмкін емес жағдай еді. Қазір технология жетілдірілді. Жаңа мамандықтар пайда болды. Қазір кез келген жұмыс орнында әйелдер үшін шектеулер болмауға тиіс. ЕҚДБ тұрақты және инклюзивті экономика құруға басымдық береді. Көптеген кіші, шағын және орта кәсіпорындарға тіркелген жері бойынша қаржыға қол жеткізу – шешуші фактор. Шағын кәсіпорындардың қаржы көздеріне қол жеткізулеріне, әрі қаражатты төл валютасында алуларына мүмкіндік беру бізге де үлкен қуаныш сыйлайды.

- ЕҚДБ сараптамалық зерттеуінде Қазақстандағы нарықтық экономиканың дамуын тежеп тұратын жеке сектордағы кедергілерге баға берді. Біздің үкіметтің экономикалық блогы сіздердің сындарыңызға үн қатты ма?

- ЕҚДБ ның сараптамалық зерттеулері жеке секторды дамытуға тосқауыл болып келген 5 кедергіні анықтады. ЕҚДБ-ның Қазақстан үкіметі арасындағы 2017-2021 жылдарға арналған Елдік стратегиясының алғашқы бөлімінде мемлекеттің атқарушы рөлі және экономикадағы мемлекеттің қатысу үлесінің аз болуы экономиканы сауатты басқаруға мүмкіндік береді және бәсекеге қабілеттілік деңгейін көтереді. Үкімет бұл бағыттағы жұмысты "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры ірі тоғыз мемлекеттік компанияны және тағы да басқа компанияларын трансформациялауды, жекешелендіруді бастады. Қазақ үкіметі инвесторлармен келіссөздер жүргі­зіп жатқанын да білеміз. Қазақстан экономикасының әлемдік экономикаға интеграциялану процесіндегі кейбір кемшіліктер бір айда немесе бірер жылда шешімін табады деуге болмайды. Біз үшін де, Қазақстан үшін маңыздысы – нәтиже.

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорына қарасты компаниялардың жекешеленуі – инвесторлар үшін үлкен мүмкіндік.

- Кедергілерді жоюға байланысты қабылдаған шешімдері сіздерді қанағаттандырды ма?

- Үкімет бұл бағытта жұмыс істеді және істеп келеді. Біз қоғам үшін жаңалық болып көрінетін әрі Қазақстандағы инвестициялық тартымдылыққа кері әсер ететін кедергілерді байқаған жоқпыз.

- ЕҚДБ-ның инвестжобаларының басым көпшілігін үкімет немесе жұмысын үкімет үйлестіріп отыратын квазимемлекеттік органдар кепілдік етеді. Қоржындарыңызға келіп түскен жобаларды сараптауға немесе үкімет ұсынған жобадан бас тартуға сіздердің өкілеттіліктеріңіз бар ма?

- ЕҚДБ ҚР су ресурстары комитетінің "ҚазСуШар" шаруашылық жүргізу құқы бар республикалық мемлекеттік кәсіпорнына аймақты ирригациялау мақсатында 180 млн еуроны мемлекет кепілдігімен беріп отыр. Бұл қаржыға Оңтүстік Қазақстан облысында су шаруашылығы және гидромелиоративті жүйелерді қайта құру және суландыру жүйесінің тиімділігін арттыру жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл, аталған облыстағы кәсіпкерлерге өзінің бизнесін ашуға берілген мүмкіндік. Біз мемлекеттік сектор арқылы ауылдағы бизнестің дамуына мультипликативті түрде ықпал етіп отырмыз. Кәсіпкер халықаралық ұйымдар арқылы берілетін грантпен немесе осындай несиемен-ақ кәсібін жүргізуге болатыны біз үшін маңызды.

- ҚР үкіметі немесе қаржылық институттары ұсынған инвестжобалардың барлығы бірдей сіздердің ойларыңыздан шыға ма?

- ЕҚДБ бірінші кезекте коммерциялық және экономикалық бағытта жұмыс істейді. Сондықтан, ең алдымен қаржыландырылатын жобада осы екі факторға назар аудару керек. Бірақ жеке сектормен де, мемлекеттік сектормен жұмыс істегенде алдын ала түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

- Түсіндірме жұмыстарын тренинг түрінде жүргізесіздер ме?

- Одан өзгешелеу. Мысалы бизнес-жоспарды, несиелік келісімшарттарды қалай құру керек, қандай факторлар екі тарап үшін де маңызды дегендер. Екінші талап – біз қаржыландырған жоба Қазақстан экономикасына жұмыс істеу керек. Мысалы, жасыл энергетика тақырыбына қатысты жобаларды қаржыландырар алдында осы секторға жауап беретін министрлікпен үкімет пен жеке сектор арасындағы тәуекелділіктің ара-жігін айқындап алу бағытында жұмыс істедік.

Біз 70 маманнан жасақталған үлкен командамыз. Бас кеңселеріміз Алматы мен Астанада. Бес облыс орталығында аймақтық филиалдарымыз бар. ЕҚДБ-ның Лондон, Мәскеу филиалындағы әріптестерімізбен байланыстамыз. Біз жобаны таңдап, қаржыландырып, жақсы нәтижеге жеткіземіз. Рас, ҚР үкіметінің экономикалық блогымен немесе жұмысын үкімет реттеп отыратын сектормен жұмыс істейміз. Бизнес жобаны қаржылындыру туралы соңғы шешім таңдау құқы – біздің тарапта. Жобаларды таңдаудың алғашқы кезеңі – қаржыландыру кезінде жоғарыда айтып өткен талаптардың сақталуы, бизнес-жобаның коммерциялық бағытта болуы, елдің ішкі нарығының даму деңгейіне ықпал етуі маңызды.

 Бізге келіп түскен жобаның басым көпшілігі жеке секторға тиесілі. Біз жеке сектормен де, қазақ жеріндегі экономикалық бағыттағы бизнес-жобаны қаржыландырғысы келетін халықаралық ұйымдармен де жұмыс істейміз. Мысалы, демеушісі Англияда тұратын бизнес жобаны қаржыландырудың екінші кезеңін бастадық.

- ЕҚДБ құны миллиондаған еуроға бағаланатын бизнес-жобаларға басымдық береді. Қазақстандағы бизнес өкілдерінің басым көпшілігі ондай сомамен несие алуға тәуекелі жете бермейді. Сіздер қаржыландыратын соманың ең төменгі мөлшері қандай?

- Рас, біз көп жағдайда сіз айтпақшы миллиондармен жұмыс істейміз. 10 млн еуродан 200 млн еуроға дейін. Бұл тұста несие еуромен емес, теңгемен беру мүмкіндігін ұмытпаңыз. Біз құны 1 немесе 2 млн еуро тұратын жобаларды да қаржыландыруға дайынбыз. Рас, мұндай сомадағы жобалардың қатары көп емес. Бірақ келіп түскен жоба коммерциялық бағытта – стратегиялық жағынан өзін-өзі ақтар болса, неге жұмыс істемеске...

 Біздің инвестициялық қоржынымызда жергілікті муниципалды компания, жеке компаниялардың бизнес жобалары көп. Агросектор, логистика, көлік, инфрақұрылымға байланысты жобаларды үкіметтің немесе квазисектордың кепілдемесінсіз қаржыландыра аламыз.

- Әлемдік тәжірибеде дамыған елдердегі экономикалық өсім көрші елдерге инвестициялық әсер етеді. ҚХР немесе РФ-дағы экономикалық өрлеудің біздің елдің инвестициялық картасына немесе инвестициялық тартымдылығына әсері бар ма?

 - ҚХР немесе Ресейдегі экономикалық өсім ол елдердің инвестициялық тартымдылығы Қазақстанға тікелей әсері бар. Сондай-ақ керісінше, сіздерде болып жатқан жағдай көршілерге әсер етеді. Бұл жерде стратегиялық әріптес елдермен байланысты жоғарғы деңгейге жеткізгендігі маңызды болып отыр.

"Бір белдеу -бір жол" жобасы туралы ұсынысты Қытай жағы тұңғыш рет Астанада айтты. Оған қоса "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" көлік дәлізі бар. Қазір бұл жобалар Орталық Азия елдері үшін де, Еуропа елдері үшін де трансформациялық-ғаламдық сипат алып кетті. Бұл шын мәнінде интеграциялық мәні бар ұсыныстар барлық елдердің экономикасына мультипликативті әсер ететінін көрсетеді. Көлік тасы­малына кететін шығындарға қарамастан оның қайтарымы жоғары. Бұл жерде ҚР, ҚХР немесе Ресейдің агросекторы осы Жібек жолының, осы ұсыныстардың артықшылығын, тиімділігін және уақыт өте келе қол жетімділігін сезінетін болады.

Қазір Астана халықаралық қаржы орталығына қызығушылық жоғары. ҚХР жағы қолға алған "Жібек жолы" стратегиясы Астана халықаралық қаржы орталығына үлкен нарыққа шығуға мүмкіндік береді. Қазір ел ішіндегі ғана емес, халықаралық жобалардың арасынан да еліңе тиімді жобаларды алып шығуға болады. Демек, сіздерге Астана халықаралық қаржы орталығы арқылы Жібек жолының орталығы немесе Орталық Азия, ТМД елдері, Қытай, Еуропа елдері қаржы платформасына айналуға мүмкіндік бар.

- ЕҚДБ қоржынында халықаралық жобалар бар ма? Мысалы ҚХР -Қазақстан немесе ҚР-Ресей немесе қазақ-өзбек біріккен бизнес жобалар.

- Біз экономиканың кез келген секторына қатысты жобаларға қатысамыз. Қазір ғана әңгімелеп кеткен халықаралық маңызы бар автожол немесе теміржол жүйесін алыңыз. Ол интеграциялық байланыстардың жаңа тыныспен алға жылжуына мүмкіндік береді. Біздің жобаларымыздың демеушілері алыс-жақын елдерде тұратынын жоғарыда айтып өттім. Биыл қазба байлықтарына қатысты жобаға көрші Ресей кәсіпкерлері қаржы салды. Бұл мемлекетаралық емес, жеке компания. Ол тек белгілі бір жобаға қаржы құйды.

Көлік дәлізі немесе интеграциялық сипаты бар жобаларға қаржы салғысы келетін инвесторлар тек сіздің елде ғана емес, көрші елдерде де бар.

- Сіз БАҚ өкілдеріне берген сұхбатыңызда Өзбекстандағы экономикалық реформалар Қазақстанға оң әсерін тигізеді деп айттыңыз. Біздің елдегі бірнеше рет жүргізілген жекешелендірудің қортындысы, экономикадағы реформа Өзбекстан экономикасының өсіміне мультипликативті тұрғыда әсері бар шығар?

- ЕҚДБ өзбек экономикасының әртараптандырылуын қолдайды, жүргізілген валюта бағамының заңдастырылуы өзбек экономасының бәсекеге қабілеттілік деңгейіне оң әсер етеді. Экономикасы әлемдік интеграциялық процестермен интеграцияланған Өзбекстан Қазақстанның экономикалық өсіміне жол ашады. Орталық Азия елдерінің экономикалық өсім немесе мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстардың жақсаруы – аймақтағы инвестициялық тартымдылықтың бірден-бір факторы.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев соңғы екі -үш айда Орталық Азия елдері арасындағы байланыстардың тұрақтылығы, тартымдылығы мен дамуына, интеграциялануына, компаниялар арасындағы байланыстарға назар аудара бастады. Өзбек экономикасындағы инвестициялық тартымдылықтың әсері Қа­зақстанға қазіргіден де көбірек инвес­ти­ция тартуға мүмкіндік беруі де әбден мүмкін.

Қайталап айтамын, Орталық Азиядағы екі мемлекет Өзбекстан мен Қазақстан бір-бірімен бәсекелес ел емес, бір-бірімен әріптес ел.

- Сырт көз инвестициялық тартымдылығымыз шикізат секторымен шектеліп қалды деп ойлайды. Машина жасау, мұнайды қайта өңдеу немесе инновацияны қаржыландыру үкіметтің қаржысымен алға жылжып жатыр. Өзге сектордың инвестициялық тартымдылығына кері әсерін тигізіп тұрған факторлар жайлы не дейсіз?

- Қазақстанда мұнай-газ секторы қатты дамыған. Соңғы жиырма жылдағы экономикалық өсім осы сектордағы түсіммен байланысты. Мемлекеттің индустриаландыруға бағыт алған саясаты шикізаттық емес сектордың даму платформасына айнала бастады. Бәлкім, индустрияландырудың даму деңгейі біз қалаған деңгейде емес шығар. Бірақ осы күнге дейін қолға алынған экономикалық реформалар нәтижесіне қарап шикізаттық емес секторды дамытуға мүмкіндік бар деп ойлаймын. Мемлекеттер арасындағы интеграциялық процестердің жылдамдығы, әлемдік экономикалық коньюктура бұл секторды дамытуға жаңа көзқарасты талап етуі де мүмкін. Себебі, индустрия шикізат сегментіне байланысты дамиды. Сіздердің бұл саладағы тәжірибелеріңіз жеткілікті. Сондықтан, индустрияландыру бағытын шикізат секторындағы тізбекті дамыту арқылы дамыту маңызды.

Қазақстан шикізаттық сектордағы тізбекті дамыту, оған шикізаттық емес сипат беру арқылы да Қазақстан әлемдік өндірістің бір бөлшегіне айнала алады. Себебі қазақтарда шикізаттық сектордағы әрбір тізбектен мықты, әлеуетті компания ашуға мүмкіндік бар. Оның нәтижесі де индустрияландыруға жол ашуы әбден мүмкін. Қайталап айтамын, сіздердің шикізаттық сектордағы тізбек шикізаттық емес секторды дамытуға жаңа көзқарасты қажетсінеді. Қазір мұнай-газ компанияларының зертханаларында жүргізіліп жатқан сараптамалардың нәтижесі сіздердің мүмкіндіктеріңіздің сіздер армандаған деңгейден де жоғары тұрғанын көрсетеді.

Қазақстанның дамуына серпін беретін мүмкіндіктер тек мұнай-газ секторы емес, әрбір секторда бар. Қазір сіздерге дайын өнім өндіру емес, әлемдік өндірістік технологияның тізбегінен орын алу маңызды.

- Біздің ел, РФ тәрізді Орталық Азияда миграциялық тартылыс нүктесіне айналып келді. Өзбек билігі жүргізіп отырған саясат миграцияға қалай әсер етеді? Біздің елдегі өзбек мигранттары өз елдеріне атбасын бұруы мүмкін бе?

- Қашанда адамдардың өмір сүруге қолайлы жер іздейтіні – заңдылық. Кез келген елдегі инвестициялық ахуал – миграциялық тартылысты өзіне тартады. Оның қоғамдағы мәртебесі маңызды емес, ол дүкен сатушысынан бастап интеллектуалдар ортасына дейін жалғаса береді. Маңыздысы – адамдардың өздеріне қолайлы жағдай қалыптастырған атмосфераны сол елде сезінуі немесе табуы.

Менің командамдағы мамандар әртүрлі мемлекеттің өкілдері. Тәжікстаннан, Өзбекстаннан келген мамандар бар. Олар өз кәсібін бас бармақпен бағалайтындай етіп меңгерген. Олар өз жерінде жұмыс істеуге деген мүмкіндікті пайдаланғысы келеді. Лондонда немесе Парижде үлкен компанияларда жұмыс істеп жатқан қазақтар да белгілі бір уақыттан кейін жарғылық капиталымен бірге елге қайтуы, тарихи отандарында болып жатқан өзгерістерге атсалысқысы келуі әбден мүмкін. Олардың әрқайсысына түсініктікпен қараймын.

- ЭКСПО -2017 Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы мен рейтингісіне мультипликативті әсері жайлы не айтасыз?

- ЭКСПО жоғары деңгейде өтті. Мұны ЭКСПО-ны тамашалуға келген шетелдік қонақтар айтып жатыр. Қазақстанға қатысты айтылған әрбір жағымды пікір елдің имиджіне әсер етеді. Имидж – инвестициялық климат үшін басты фактор. Инвесторлар ең алдымен халықаралық сахнада беделі жоғары елдерге басымдық береді. ЭКСПО-ны сәтті өткізу арқылы Қазақстан өзінің мүмкіндігіне сенім артуға болатынын дәлелдеді. ЭКСПО шеңберінде әлемдік сарапшылар қатысқан халықаралық конференциялар әлем үшін экономиканың жекелеген маңызды секторларын қамтыды. Бұл жасыл энергетиканың мүмкіндігі, айта берсек көп. Қазақстанның тұрғындары, шетелден келген қонақтар Қазақстан жайлы ғаламдық деңгейдегі диалогқа куә болды. Өз көздерімен тамашалады.  

- Ал сіз Қазақстанда жұмыс істеп жатқан шетелдік маман ретінде, қандай факторға назар аудардыңыз? Сіздіңше, ЭКСПО-ның ең маңызды нәтижесі неде?

- ЭКСПО-ның ең маңызды нәтижесі – балаларды ынталандыру. Қазақстанда ЭКПО-ның әсері көптеген жылдардан соң білінетін болады. Себебі ЭКСПО-ны ата-анасымен бірге тамашалуға келген кішкентай баланың жүрегінде "мен өскенде ғалым болып осы мүмкіндіктерді жүзеге асырамын" деген тәтті арман қалды. Егер көрмеге келген 100 баланың тым болмағанда біреуі өскенде атақты ғалым болып, "жасыл энергетика" саласында сәтті жобаларды жүзеге асырса, ең үлкен жеңіс сол!

- Агрис мырза, конструктивті сұхбатыңыз үшін алғысымды білдіремін!

Сұхбаттасқан Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу