АХҚО әлемдік қаржы жүйесінің орталығы болады

15607

"Астана" халықаралық қаржы орталығы әлемдік қаржы жүйесінің орталығына айналады. Дубай халықаралық қаржы орталығының (DIFC) басқарушысы Исса Казимнің пікірі осындай.

АХҚО әлемдік қаржы жүйесінің орталығы болады

"Астана" халықаралық қаржы орталығының басшысы Қайрат Келімбетов Дубай қаласында (БАӘ) бірқатар екіжақты кездесу өткізді.

"Дубай халықаралық қаржы орталығының (DIFC) басқарушысы Исса Казиммен өткізілген келіссөздер барысында өзара қарым-қатынасты одан әрі күшейту, DIFC-нің әлемдегі тәжірибесі ескеріліп, қаржылық реттеу саласында тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды. Мұнда болашақта жаһандық қаржылық-инвестициялық жүйеде жаңа орталық – "Астана" халықаралық қаржы орталығының пайда болуына әсер еткен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі жоғары бағаланды. Араб әмірлігі жағы қаржы орталығын ТМД елдерінің арасындағы негізгі серіктесі екенін ерекше атап өтті. Осыған байланысты өзара қарым-қатынасты барлық салада одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін білдірді", – дейді АХҚО баспасөз орталығы мамандары.

Дубай қаржы орталығының басшысы: "Екі ел арасында жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдерге сәйкес, біз қаржылық торап құру жөніндегі өз тәжірибемізбен және үздік үлгілерімізбен қуана-қуана бөлісеміз", – дейді.

Қайрат Келімбетов қаржы орталығын құру "Қазақстан-2050" стратегиясының ұзақмерзімді басымдықтарымен және "10 нақты қадам" ұлттық жоспарымен байланысы бар екенін айтады.

Дубай қаржы орталығы сот басқармасының басты атқарушы директоры – DIFC соттарды тіркеуші Марк Бирмен өткен кездесуде тараптар DIFC соттары ағылшын құқығын таратудың сәтті үлгісі екенін баса айтты және стратегиялық серіктестік аясында одан әрі қарым-қатынасты дамыту қажеттілігін білдірді.

Дубайдың Ислам экономикалық даму орталығында Абдолла Мұхаммед әл-Ауармен өткен кездесуде әмірлік жағы АХҚО-мен қарым-қатынас жасауға мүдделі екенін, Дубай ислам қаржысы саласындағы әзірлемелер бойынша әлем деңгейінде алдыңғы қатардағы орнын бермей келе жатқанын айтты.

Келімбетов мырза еліміздегі ислам қаржыландыру қағидаларының дамуы, ислам банкингінің ережелері мен қағидаларына сәйкес келетін банк өнімдерінің таңдауын жасау қажеттілігі туралы сөз қозғады. Ол еліміздің банктері мен БАӘ-нің ислам қаржылық институттарымен жасалған тиімді қарым-қатынас нәтижелеріне ерекше тоқталды. Еске сала кетейік,  2014 жылдың қазан айында ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ислам қаржысы саласындағы әлемдік көшбасшылығы үшін Global Islamic Finance Awards – GIFA халықаралық сыйлығы берілген болатын.

Қайрат Келімбетов пен Дубай экономикалық даму департаментінің бас директоры Сами әл-Камзидің арасында өткен кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және қаржылық қарым-қатынастың келешегі сөз болды. Әмірліктің аты әлемге мәшһүр компаниялары Қазақстан нарығына қатысуы арқасында ірі инвестициялық жобалар іске асырылғанын тараптар сөз етті.

Одан бөлек, Келімбетов мырза "Smart Dubai Government Establishment" бас директоры Айша бинт Бишр және Дубай туризм және сауда департаментінің бас атқарушы директоры Ахмед әл-Фалясимен кездесті. Осы кездесулер барысында өзара ынтымақтастық және қарым-қатынас жасау, Парсы шығанағының өзге араб елдеріне үлгі боларлық АХҚО аумағында жұмыс істеу үшін инновациялық және туристік компанияларды тарту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, 2016 жылдың тамыз айында Корнель университеті, INSEAD бизнес мектебі және Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы жариялаған "Жаһандық инновациялық индекс – 2016 жыл" баяндамасына сәйкес бүгінгі күні БАӘ Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің ішінде ең инновациялық елдер рейтингінде 1 орынға табан тірегені баса айтылды.

Сапар барысында Қайрат Келімбетов DIFC визалық орталық жұмысымен танысты, онда әмірлік тарапы "бір терезе" қағидасы бойынша құжат қабылдау рәсімдерімен,  DIFC-де жұмыс істеу үшін виза алуға қажетті құжаттар тізімімен, квота бөлу және DIFC-де жұмыс істеуге рұқсат беру қағидаларымен таныстырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу