АІХ-тегі сауда-саттық көлемі 2,8 есе артты

1943

Сәуірдің соңында АІХ-те үлестік құралдар листингі бар компаниялардың жалпы нарықтық капиталдандыруы 24,9 млрд доллардан асты.

АІХ-тегі сауда-саттық көлемі 2,8 есе артты

Сәуірде "Астана" халықаралық қаржы орталығының биржасындағы сауда-саттық көлемі 21 599 206 долларды құрап, наурыздағы көрсеткішпен салыстырғанда 2,8 есе артты. Өткен айдағы нарықтық белсенділік бір жыл бұрынғы көрсеткіштерден сәл төмен болып шықты – 22 910 467 доллар.

Сәуірдің соңындағы жағдай бойынша, АІХ-тің ресми тізіміне 84 эмитенттің 126 бағалы қағаздар шығарылымы кірді. Оның ішінде 2 ETF (Exchange traded funds) пен 17 ETN (Exchange traded notes) бар. 18 қазақстандық және 12 халықаралық брокер АІХ-тің сауда мүшелері болып саналады. АІХ Орталық депозитарийінде инвесторлардың 306 мыңнан астам шоты ашылды. Шоттардың саны Jusan Invest брокерінің 128 мыңнан аса шот ашуы есебінен айтарлықтай ұлғайды.

Сәуірдің соңында АІХ-те үлестік құралдар листингі бар компаниялардың ("Қазатомөнеркәсіп", Polymetal, "Халық банкі", Ferro-Alloy Resources Limited, "ЦентрКредит Банкі", Kaspi.kz) жалпы нарықтық капиталдандыруы 24,9 млрд доллардан асты.

2022 жылғы сәуірде АІХ-тің ресми тізімі "Халық банктің" жалпы сомасы 200 млн долларды құрайтын, купондық мөлшерлемесі 2,5 пайыз үш жылдық облигацияларының листингімен толықты. Қазақстанның банк секторының көшбасшысының облигацияларын шығару 500 млн доллар сомасының облигациялық бағдарламасының бірінші траншы болып саналады.

Сәуірде AIXQI индексі 932.51 пунктен 863.49 пунктке дейін, яғни 7,4 пайызға төмендеді. Сәуірде 9 компанияның үшеуі ғана айды оң нәтижемен аяқтады. Өткен айдағы ең жақсы өсімді Kaspi.kz акциялары көрсетті, олардың өсуі 22,4 пайызды құрады. Kaspi.kz құнының өсуіне компания қызметінің оң нәтижесі қозғау салды – 2022 жылдың I тоқсанындағы түзетілген таза пайда 117 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың I тоқсанына қарағанда 49 пайызға көп. Бұған қоса, Kaspi.kz компанияның Директорлар кеңесі Лондон қор биржасында 100 млн доллар сомасына ғаламдық депозитарлық қолхаттарды сатып алу бағдарламасын бекіткенін хабарлады.

Central Asia Metals акцияларының бағасы аздап өсті (+1,7 пайыз). Базалық металдарға өскен сұраныс компания бизнесінің ұзақмерзімді келешегіне оң әсерін тигізуде. "Банк ЦентрКредиттің" акциялары айды жасыл аймақта аяқтады (+1,41 пайыз). Банк сәуірде "Альфа-Банкпен" қаржы институтының Қазақстандағы еншілес банкін сату бойынша түбегейлі уағдаластыққа қол жеткізілгені туралы хабарлады. Ол бойынша "Банк ЦентрКредит" ресейлік банктің еншілес ұйымының  100 пайыз жай акцияларын сатып алып, "Альфа-Банк" Қазақстанның жаңа акциорнеріне айналады.

"Қазақтелеком" акцияларының құны аздап төмендеді (-0,64 пайыз). "Халық Банк" акциялары айды құлдыраумен аяқтады (-6,32 пайыз). Акционерлердің жиналысында қабылданған 2021 жылға дивиденд төлемеу шешімін нарық теріс қабылдады. Сонымен қатар сәуірде "Халық Банк" 330 млрд теңге сомасына "Сбербанк России" ЕБ" АҚ портфелінің бір бөлігін сатып алғанын атап өткен жөн.

Айдың қорытындысы бойынша Kcell акциялары -17,64 пайызға төмендеді. Компания басқармасының төрағасы телеком-оператор акцияларының құнына ықтималды әсер ететін факторлар болуы себепті, нарықтың мұндай жауабын негіздеудің қиын екенін атап өтті. Олардың қатарына іргелі макроэкономикалық көрсеткіштер мен геосаяси тәуекелдерді жатқызуға болады. 2022 жылдың I тоқсаны бойынша жарияланған есептілікке сәйкес, қаржылық көрсеткіштер тұрақты болып қалыптасты.

KazTransOil-дың жарияланған есептілігі мен дивидендтер төлеу жөніндегі жарияланған шешімі нарықтың күткеніндей болмады. Айдың қорытындысы бойынша мұнай құбыры компаниясының акциялары айтарлықтай төмендеді (-21,13 пайыз). Жоғары геосаяси шиеленістің Polymetal акцияларына қысымы жалғасуда. Ол сәуірде құны бойынша -27,08 пайыз жоғалтты. Нарық сонымен бірге Ресейге қарсы қолданылған санкциялардың "Қазатомөнеркәсіпке" әсер ету әлеуетін де жоғары бағалап отыр. Оның акциялары сәуірде -14,05 пайызға төмендеді. Санкциялық режим әзірге уран саласына әсер еткен жоқ. Алайда "Қазатомөнеркәсіп" орын алған жағдайдың барлық ықтималды тәуекелдері мұқият бағаланып отырғанын өзінің ресми мәлімдемесінде хабарлады. Компанияда тәуекелдерді барынша азайтуға және өз акционерлерінің мүддесін қорғауға барынша күш салынатыны аталып өтті.

Индексті тоқсан сайын үнемі қайта қарау мақсатында 2022 жылғы 1 сәуірде AIXQI Индекс комитетінің жиыны өтті. Оның қорытындысы бойынша индекске ешқандай толықтырулар немесе ерекшеліктер енгізілген жоқ. Ағымдағы нарықтық жағдайды ескере отырып, Индекс комитеті Polymetal-ды AIXQI индексінің құрамында қалдыруды және индексті кезектен тыс қайта теңгерімдеуді жүргізбеу үшін қаулы қабылдады.

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу