Әйел адамның аяғы ампутацияланды

3895

№2 көпбейінді қалалық аурухананың бас дәрігері бір күнде 5 адамға аса ауыр ота жасалғанын мәлімдеді. 

Әйел адамның аяғы ампутацияланды

Иван Лидің мәлімдеуінше, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлы-дала және Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында 26 наурыз күні орын алған жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен 36 жолаушының 29-ы №2 көпбейінді қалалық ауруханаға түскен. Оның 14-не амбулаториялық қызмет көрсетіліп, 13 адам стационарға жатқызылған. Бұлардың 8-і адам травматология, 3-і реанимация, 2-і торакальды-хирургия бөлімдеріне орналастырылған.

"26 наурызда, бір күнде 5 адамға аса ауыр және шұғыл ота жасалды. Осылайша өмірлеріне қауіп төнген адамдардың беті бері қарады. Дегенмен оларға алдағы уақытта қосымша хирургиялық көмек көрсетіледі", – деді бас дәрігер.

Иван Лидің сөзінше, 3 зардап шегушінің жағдайы қиын. Олар жасанды желдету аппаратымен тыныс алып жатыр.

"Науқастардың халі ауыр, бірақ тұрақты. Медициналық жағдайларына байланысты әзірше оларға ота жасай алмаймыз. Науқастар 52, 63, 65 жастағы әйел адамдар", – деді бас дәрігер.

Естеріңізге салайық, кеше елордада № 303 автобус №12 автобуспен соқтығысты. Соққының екпінімен №12 автобус № 53 автобусқа және жедел жәрдем көлігі мен жеңіл көлікке соғылды. Апат салдарынан 2 адам қаза тауып, 36 адам түрлі дене жарақатын алды.

Қаза болғандардың бірі 1966 жылы дүниеге келген көлік жүргізушісі, екіншісі 1992 туған Қарағанды облысының тұрғыны. Көлік жүргізушісінің артында 4, келіншектің соңында кәмелет жасына толмаған бір бала қалды.

Айтпақшы бүгін қала әкімі Бақыт Сұлтанов пен денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов науқастардың жағдайын білу үшін №2 көпбейінді қалалық ауруханада болды. Ал Astana LRT ЖШС басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов әкімдікте өткен брифингте жол-көлік оқиғасынан қайтыс болғандардың отбасыларына көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

"Сақтандыру полисі бар. Әр автопарк жолаушылар мен жүкті сақтандырады. Медициналық сараптаманың қорытындысынан кейін біз сақтандыру компаниясына хабарласамыз. Өз тарапымыздан, бірінші автопарк атынан қайтыс болған жолаушылардың отбасыларына міндетті түрде көмек көрсетеміз. Қайтыс болған қыздың мәйітін тасымалдау ісін де мойнымызға аламыз", – деді Бекмырза Игенбердинов.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу