Ол айыппұл мөлшері халықтың табысына сай әділетті ме, жоқ па деп айту дұрыс емес деп отыр.
Негізінен жыл санап айлық есептік көрсеткіш көлемі өскен сайын салынатын айыппұл да жоғарылайды.
Сарапшылар оны табысқа қарай саралаған дұрыс деп есептейді. Экономистер қолданыстағы айыппұлдарға қатысты өз пайымын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қолданыстағы айыппұл мөлшеріне қатысты жүргізушілерден шағымдар көп түседі. Ең бастысы осыдан 15 жыл бұрын айыппұлдарды енгізудегі философиямыз қандай болғанын еске түсіруіміз қажет. Ол кезде жолдардағы қауіптілікті азайту, апат көлемін азайту, сонымен қатар қарапайым тәртіп орнату мақсаты болатын. Сол кезде айыппұл көлемі көптеген параметр бойынша аз боп келді. Одан кейін Ішкі істер министрлігі жүргізушілердің айыппұлдарды төлеп, ережені қайтадан бұзып жүр дегенді алға тартты. Айыппұл және оларды өндіру технологиясы қаланың ішіндегі ереже бұзушыларды тоқтатты деп айтуға болады. Дәл қазір белгілі бір тәртіпке үйренгеннен кейін оның сомасын қайта қараған дұрыс деп ойлаймын", – деді қаржы сарапшысы Айбар Олжай редакция тілшісінің сауалына берген жауабында.
Спикер қазір дифференциалды тариф түрі қолданылатынын еске салды.
"Кейбір ереже бұзушылықтардың айыппұл сомасы оның ауырлығына қарағанда айтарлықтай үлкен. Нағыз адам өліміне әкелуі мүмкін өте қауіпті ереже бұзушылықтарда айыппұлдың ірі көлемін қалдырып, шағын мәселелерді қарастырса болады. Бірақ оның барлығы Ішкі істер министрлігінің құзырында емес. Оны Парламент бекітуі керек. Бұрын айыппұл мөлшері жоғары болғанмен, оны тіркейтін камералар аз болды. Қазір олардың саны көбейгеннен кейін айыппұлдар көбірек тіркеліп жатыр", – деп жалғастырды ол.
Жалпы ел арасында "бюджетте ақша жоқ, халықтан жинап, орнын толтырып жатыр" деген әңгімелер жиі айтылады. Сала маманынан бұл пікір қаншалықты орынды екенін білдік.
"Бұл – белгілі бір бюджет жинаудың тетігі. Ол рас. Айыппұл халықтың қалтасын біршама көлемде қағып жатыр. Азаматтар мүмкіндігінше камераның көзіне түспей, ережені бұзбау арқылы одан қорғана алады. Бәрімізге 100 пайыз айыппұл келіп жатыр деп айта алмаймыз. Себебі жаяу жүретін адам айыппұл төлеп жатқан жоқ. Айыппұл бәрібір адам табысына әсер ететіндіктен, оның көлемін есептеу методикасына бей-жай қарамау керек. Оны аспаннан салып қойып, 100 мың теңге, 1 млн теңге деп қойып, енді заң бұзбаңыздар деп қарамаған жөн", – деді Айбар Олжай.
Қаржы сарапшысы халықтан айыппұл бойынша жиналатын ақшаның бюджетке қатты әсері жоқ деп отыр. Сөзінше, елдегі бюджет тапшылығы 4-5 трлн теңге деңгейінде, ал айыппұлдан жылына шамамен 180-200 млрд теңге жиналады.
"Сондықтан айыппұл бюджеттің бүкіл жыртығын жамамайды. Оның айтарлықтай бір үлесі де жоқ. Себебі бір ірі компанияның төлейтін салығы бізге салынатын айыппұлдан жоғары", – деді сала маманы.
Айыппұлдарды табысқа қалай саралаған жөн
Экономист Бауыржан Ысқақов айыппұл мөлшері халықтың табысына тура келе ме, жоқ па деп айту үлкен әлеуметтік сұрақ екенін жеткізді. Мұнда бірқатар фактор ескерілу керек.
Сарапшы Қазақстандағы орташа айлық жалақы әр аймақта әртүрлі екеніне назар аударды.
"Мысалы, Астана мен Алматы сияқты мегаполистерде жалақы жоғары болса, ауылдық жерлерде немесе басқа да өңірлерде оның көрсеткіші төмен. Сол үшін де бұл айыппұлдардың табысқа, өңірлерге байланысты емес бірдей болуы жалақысы аз немесе көп адамдардың арасында айырмашылықтың болуына әкеледі. Өз кезегінде бұл халықтың жалақысы аз бөлігіне үлкен ауыртпалық түсіретіні белгілі. Біздегі айыппұл АЕК-пен байланысты. Ол жыл өткен сайын қымбаттап отырады. Ал әлемнің кейбір дамыған мемлекеттерінде айыппұлдар табыспен тікелей байланысты. Мысал ретінде Финляндия, Швейцарияны айтсақ болады", – деп атап өтті ол.
Бауыржан Ысқақов айыппұлдарды табысқа қалай саралаған дұрыс деген пікірде. Сондай-ақ айыппұлдарға балама жаза түрлерін қолдану қажеттігін айтты.
"Мысалы, егер адам ақшалай төлей алмайтын болса, онда оған қоғамдық жұмыстарды орындау мүмкіндігін ұсыну керек. Айыппұлдың негізгі мақсаты қандай да бір заңбұзушылықтың алдын алу екенін ескерсек, бұл дұрыс деп ойлаймын. Негізінен айыппұлдар жүйесін жалпы реформалаған жақсы", – деп түсіндірді сала маманы.
Экономист мемлекеттік бюджетке айыппұлдардан түсетін кірістердің үлес салмағы өте аз деп отыр. Бюджеттің негізгі кіріс көзі салықтардан, баждардан тұрады. Ал айыппұлдар кішігірім бөлігін ғана құрайды.
"Айыппұлдың көп болуы құқық бұзушылықтардың алдын алады. Мысалы, көшеге түкіріп кету, қоқыс тастап кетуден бастап, жол ережелерін бұзу да айыппұлмен есептеледі. Бұл тәртіптің сақталуына әкелетін жағдай. Екіншіден, ол бюджетке қосымша кіріс. Сосын құқықтық мәдениеттің қалыптасуына әкеледі. Ал енді басқа жағын айтатын болсақ, табыс деңгейі төмен адамдар үшін өте қиын", – деді Бауыржан Ысқақов.
Қаңтардан бастап бір айлық есептік көрсеткіш 3 932 теңге болды. Оған сәйкес АЕК-пен есептелетін кез келген төлем түрлері де артты. Оның ішінде айыппұлдар да бар. Соның бірқатарына тоқталып өтейік.
Мәселен, көлік жүргізіп бара жатып телефонды пайдаланатын жүргізушілер 5 АЕК (19 660 теңге) көлемінде айыппұл арқалайды. Қоғамдық көлікте жолақыны төлмейтіндер үшін салынатын айыппұл мөлшері – 2 АЕК (7 864 теңге). Қоғамдық орындарда балағат сөз айтқандарға – 20 АЕК. Көлікті 5 минуттан артық қыздыру – 5 АЕК, құқықбұзушылық қайталанған жағдайда – 10 АЕК.