Айыртаулықтар "Ақ бұлақтан" емес, аққұдықтан су ішіп отыр

2211

Аурухана мен әкімшілік бір ғимаратта тұрмауы керек.

Айыртаулықтар "Ақ бұлақтан" емес, аққұдықтан су ішіп отыр

Айыртау ауылы Өскеменнен 35 шақырым жерде орналасқан. Тұрғындардың негізігі күнкөріс көзі мал шаруашылығы, одан қалса, төңіректегі фабрикада жұмыс істейді. Ауыл өзге елді мекендерге қарағанда облыс орталығына бір табан жақын отыр дегенмен, күрмеуі шешілмеген күрделі мәселелер әлі бар. Мысалы, мұнда әкімдік пен аурухана кеңес дәуірінен қалған ескі ғимаратта отырса, ауызсу мәселесі тағы бар.

Ел ауылды тастап, көшіп кетті

Аталған ауыл Ұлан ауданына қарайды. 1700-ден астам жан саны бар тіршілікті ауыл. 1990 жылдарға дейін елді мекеннің өмірі бұдан да қызғынды болған деседі ауыл халқы. Себебі сол жылдары ауылдағы құс фабрикасының дәурені дүркіреп тұрыпты. Кейін фабрика жабылып, жұрт үдере көшкен. Бұған ауылдағы қаңырап, қирап жатқан иесіз үйлер дәлел. Төбесі ортасына түсіп, қабырғалары қисайған оншақты көппәтерлі үйді көзімізбен көрдік. Шыбындаған мал да, ойын қуған баласы да осында.  

"1996-1997 жылдары фабрика жабылып, ел ауылды тастап көшіп кетті. Қалғанымыз осы. Себебі күн көріс қиындап кетті. Қазір орыны ғана қалды. Ескі үйлердің иелері бар. Кейбірін бұзып әкетіп жатса, кейбірі қирап үйіндіге айналды. Қайта жөндеуге келмейді. Көбі әлі тұр, қауіпті. Төбесі ортасына түсіп, ойылып жатыр. Балаларымыздың тағдырына алаңдаймыз. Кейде барып ойнап жүреді", – дейді ауыл тұрғыны Мұрат Мұхаметжанов.

Иесіз көпірге кім иелік етеді?

Аталған ауылдың кіре берісіндегі көпір де тозып тұр. Ойдым-ойдым үш шақырым жолдың жыры тағы бар.

"Көпір 1960 жылдардан бері жөндеу көрмеген. 8 тоннаны ғана көтереді. Оның үстіне, күн сайын тозып барады. Қайта жөндеу керек. Бір күні құлап кетуі әбден мүмкін. Әкімдікке бірнеше мәрте айттық, бірақ әлі істемеді. Бізде үлкен жолдан ауылға бұрылыстағы үш шақырым жол ол да тозып тұр. Қырқ шұңқыр тесік. Осыны жөндеп берсе дейміз", – дейді Мұрат Мұхаметжанов.

Ауыл әкімі аталған көпірді ешкімнің баланысына кірмейтіндігін айтуда. Алдағы уақытта әкімдік өз қарамағына алмақшы.

"Көпір апаттық жағдайда деп танылған жоқ. Оның үстіне әлі ешқандай мекеменің балансына кірмейді. Арнайы мамандар зерттеу жұмыстарын жүргізді, нәтижесі әлі шыққан жоқ. Енді осы көпірді ауыл әкімдігінің қарамағына алу бойынша жұмыстар жүргіземіз. Қазір көлік қатынасына қауіп төніп тұрған жоқ. Ал үш шақырым жолға келер болсақ, жуық арада шұңқырларды жамау жұмыстарын істейміз", – дейді Айыртау ауылдық округінің әкімі Дархан Төлеуханов.

Айыртау ауылын аралап жүріп, жаңа салынған құрлыстарды көзімізге іліктіре алмадық. Көбісі ескі, кеңес одағынан қалған, кейбірі тозығы жетіп, қираған қирандыға айналған. Биыл бір ғана жаңа нысан салынып жатыр екен.

Көз алдымыздағы қызыл кірпіштен салынған екі қабатты мына нысан 1960 жылдары салыныпты. Сол жылдары совхоздың канторы болыпты. Бүгінде қабырғасы қаусап, есігінде қара құлып тұр.

Әкімдікті іздесең, ауруханаға кел

Ауылдағы кезек күттірмей шешімін табуы керек тағы бір дүние – аурухана мәселесі. Тұрғындар әкімді іздесе, ауруханаға келеді. Себебі 1990 жылдары әкімдікті больницаға көшіріп әкелген. Содан бері 30 жыл бір шаңырақ астында қызмет істеп келеді. Тұрғындар қос мекеменің басын біріктірген қара шаңырақтың ескіргенін айтады. Тіпті "екеуін бөлу керек" деп талап қойды.

"Кеңес өкіметі кезінде мына ғимараттың үсті стационар, асты больница болған. Әкімдіктің бұрынғы мекемесі тозған соң, осында көшірілген. Бұл аурухананың ғимараты негізі, акимат жартысын қолданып отыр. 1990 жылдары көшірілген, қазір заман өзгерді ғой, аурухана мен әкімшілік бірге тұрмауы керек. Оның үстіне, тозып тұр. Жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Қазір аурып келсек, қалаға жібереді. Себебі жағдай жасалмаған. Бұрын зертханасы бәрі болған", – дейді Ардагер кеңесінің төрайымы Гүлшат Смағұлова.

Тұрғындар ауылда дәріхананың жоқтығынан аудан орталығына немесе қалаға сабылады.

"Ауылда қарттар көп тұрамыз. Бір кішкене дәрі-дәрмек үшін ауданға, болмаса, қалаға жүгіреміз. Себебі дәрі дүкені жоқ. Тіс дәрігері де жоқ. Қаланың іргесінде отырсақ та, жағдай жасалмаған, таңқаламын кейде. Заман талабына сай білім мен медицина бірінші орында болуы керек емес пе?!", – дейді Гүлшат Смағұлова.

Ал аурухананың меңгерушісі жөндеу жұмыстары келесі жылы жасалатынын айтуда.

"Жөндеу жұмыстары келер жылы басталады. Бұл мақсатта 70 млн теңге бөлініп жатыр. Осыған дейін ішкі жөндеу жұсыстары жасалды, бірақ сыртқы жөндеу жұмыстары 8 жылдан бері жасалмады. Мамандарымыз жеткілікті. Ауылда дәріхананың жоқтығы рас. Бұрынғы істеген маман зейнетке шығып кеткен. Қазір ешкім жоқ. Ал тіс дәрігерінің мәселесіне келер болсақ, оған жеке ғимарат керек, ал бізде ондай жоқ. Оның үстіне орталықтандырылған су жүйесі болуы шарт. Өкінішке қарай, біздің амбулаторияға сәйкес келмейді", – дейді ауылдық аурухананың меңгерушісі Бұлбұл Ақсембықызы.

Ауызсуды тасып ішеді

Елдімекенде тұрғындарды ауызсумен қамту мәселесі де жөнді жүзеге аспаған. Ауылдың жартысы әлі күнге дейін арбамен су тасып ішіп отыр. Мұны тұрғындар айтты.

"Ауылда отырып ауызсуды арбамен тасып ішеміз әлі. Су тартылмаған. Тек орталық көшелерде ғана бар. Қалғанымыз қысы-жазы арба сүйрейміз. Құдықтың өзі ауылдың шетінде 2-3 шақырым жерде орналасқан. Жерасты суы, жұрт оны "Аққұдық" деп атайды. Суы таза. Тек алыс болып тұр. Кейде шамамыз келмей, ары-бері өткендерге ақшасын беріп әкелтеміз", – дейді ауыл тұрғыны Гүлшат Смағұлова.

Ауыл әкімі ауылдың 80%-ын ауызсумен қамтылғанын айтуда. Тек 3-4 көшеде ғана су жоқ.

"Келер жылы ауылдағы су құбырларын жаңарту бойынша жұмыс жүргізуді жоспарлап отырмыз. Жоспарға сай барлық отбасы сумен қамтылатын болады", – дейді ауыл әкімі Дархан Кәдірұлы

Жергілікті адамдар орталық көшедегі ауызсудың таза емес екендігін айтады. Сор татып, шәйнектің ішіне қақ тұрып қалатын көрінеді.

Осы орайда ел арасында "Аққұдық" атанған бастауға да барып қайттық. Топырақ жолы бұрқырап жатыр. Ауылдың ең шеткі үйінен жарты шақырымдай жерде орналасыпты. Үлкен бетондармен қалқалап, қоршап қойған. Іші мен айналасы толған қоқыс. Тұрғындар айтқандай су алуға арбасын сүйретіп, балалар келеді екен. "Сабақтан кейінгі тұрақты жұмысымыз осы" деп қояды ауыл балалары .

Таунар Қайратұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу