"Ақбозат мінген" шетелдік жігіттерге арулар неге ренжулі?

2214

Сарапшылар қазақстандық жалғызілікті жандарға алданып қалмау үшін қандай белгі-нышандарға назар аудару керектігін түсіндірді.

"Ақбозат мінген" шетелдік жігіттерге арулар неге ренжулі?

Қазақстандықтар үшін жатжұрттықтармен қыз алысып, сүйек жаңғыртып, құдандалы болу сәнге айналып барады. Таяуда қара нәсілді жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызының видеосы әлеуметтік желіде тарап, елді елең еткізді. Ақпарат құралдары оның Атырау облысының Жылыой ауданындағы Құлсары қаласының тұрғыны Заида екенін хабарлап, жас жұбайлардың махаббат хикаясын жарыса жазды. Ал ақын Жүрсін Ерманның құдасы – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебреисус екенін білген кейбір қазақ терең ойға қалды.

Дегенмен құқық қорғаушылар шетелдіктермен танысуда абай болған жөн деп отыр. Қазақстандық қыз-келіншектердің өзге ел азаматтарына ынта-ықыласының артқанын алаяқтар өз орайына пайдалануда екен.

Осылай алданғандардың бірі Әйгерім Жұмабекова Қаржылық мониторинг агенттігіне шағым жолдап, өзін ғана емес, ата-анасын мұзға отырғызып кеткен алаяқтарды жазалауды сұрады. Оның бастан өткергені өзгелерге сабақ болса жөн. Себебі әдетте алаяқтар құрбанының екі аяғын бір етікке тыққандай тықсырып, жаналқымнан алып, мейлінше тез алдап соғып, жоқ болып кетуге ұмтылады. Ал жалған "күйеулер" үлкен тағат-төзім танытып, өз құрбанын асықпай-аптықпай "өңдейтін" көрінеді.

Әйгерім интернет арқылы "Оман елінде контрактімен жұмыс істейтін шетелдікпен" танысады. Өзін хирург маманы ретінде таныстырған жігіт Қазақстандағы бикештің жүрегін жібіткен, жанын жылытқан сөздерін аямапты. Содан алмасқан хабарламаларының бірінде жігіт биылғы жылдың 30 желтоқсанында контрактісі бітетінін, содан кейін бірден Қазақстанға ұшып келетінін жеткізеді. Бұл кезде олардың алыстан сырласып жүргендеріне 2 ай толыпты. Мұны естіген бойжеткен жүрегі жарылардай қуанады.

"Ол барлық жүгін Оманнан елге өзімен бірге алып келсе, тым қымбатқа түсетінін, сондықтан Қазақстанға алдын ала жөнелте бастайтынын мәлімдеді. Мен еш ойланбастан үйімнің мекенжайын жазып жібердім. Ізінше ол жүгін Түркия-Әзербайжан-Ресей бағыты арқылы транзитпен жолдады. Біраздан соң WhatsApp нөміріме жүктің Ресейге келіп жеткені туралы ескертпе хабар келді. Компания өкілі ол Қазақстанға өтуі үшін жүкке 500 доллар көлемінде салық төлеуім қажет екенін мәлімдеді, мен дереу картамнан аудару арқылы төлемді төлеп қойдым", – дейді Әйгерім.

Шетелдік "ғашығын" құтқару үшін кредит алған

Нағыз "қызық пен шыжық" осыдан кейін басталған. Жеткізуші компания іріктеп тексеру кезінде ол жүкте қомақты көлемде ақша және алтын бар екені анықталғанын, сондықтан жүк тәркіленбеуі үшін 2 100 доллар декларация салығы төленуге тиіс екенін хабарлайды. "Нақсүйеріне" хабарласа алмаған бойжеткен оны абыройсыздыққа қалдырмау үшін жора-жолдас, жақын-жуықтарынан әзер дегенде тауып, сұралған қаражатты да аударады.

"Осыдан кейін шектеулер кесірінен Ресейден Нұр-Сұлтанға ұшатын, әлгі жүк тиелген ұшақтың кейінге қалдырылғаны анықталды. Соның кесірінен 5 200 доллар айыпақы төлеу қажеттігі, әйтпесе тауар тәркіленетіні туралы хабар алдым. Компания мұны шұғыл түрде жасауға кеңес берді, әйтпесе, уақыт өткен сайын сома өсе бермек. Құнды зат екен, қайтейін, оны құтқарып қалу үшін деп анамның атына кредит рәсімдедім. Сонымен бәрі болған шығар деп отырғанымызда, компания құнды тауарды агенттің сақтандырғаны үшін 11 200 доллар жарна енгізуді талап ете бастады. Бұл қаражат жүк Қазақстанға қонған соң кері қайтарылатыны атап өтілді. Маған енді әкем мен сіңлімнің атына кредит рәсімдеуге тура келді. Себебі менің жалақыммен кредит беруге банк келіспеді. Қорыта айтқанда, әлгі компания жүкті тәркілейміз деп шантаж жасау арқылы мені банкрот етті", – деп шағымданады бойжеткен.

Бір ғажабы сол, Әйгерім құзырлы органдарға шағымында тек "жеткізуші компанияны" ғана айыптайды. Олардың жүкті бермей отырғанына қапаланады.

"Олар төлем уақытында жасалмағаны үшін қосымша 2 100 доллар сұратып отыр. Алайда менде ақша жоқ. Компания Empire Logistic деп аталады. Бас кеңсесі АҚШ-та орналасқан көрінеді. Бірақ бұл жалған болуы мүмкін. Сондықтан аталған компанияны тауып алуға көмектесуіңізді сұраймын. Бәлкім, олар Қазақстанда тұратын, адамдарды осылай алдайтын шығар", – дейді Әйгерім.

Ұқсас алаяқтыққа өзге бикештер де тап болғанға ұқсайды. Қарағанды тұрғыны Ольга Животнюк әлеуметтік желі арқылы АҚШ тұрғынымен танысады. Ол "құлақтан кіріп бойды алар" әдемі сөздерімен басын айналдырып алған. Онлайн-қырындаушы тіпті қашықтан тапсырыс беріп, гүл жіберіп тұрған. Ұзақ тілдесулер кезінде онымен табиғаты тамылжыған аралдарда қыдырып, бірге тұруға жоспары барын жеткізген.

Әйелдің "әсем қиял-арман құлдығына" түскенін түсінсе керек, бірде бизнесінде проблема басталғанын, барлық есепшоттары бұғатталғанын баяндай келе, Қазақстанға ұшып кету үшін қаражат жіберуді өтінеді. Ол өзімен бірге әлдебір өнертабыстарын да ала келмек болады. Оның фотосуреттерін де жіберген. Бірақ оларды әуе көлігі тасымалдауы үшін жеке жүк ретінде рәсімдеу қажет болыпты-мыс. Осыған сенген Ольга банкке жүгіріп, несие алады. Қаражат аударылысымен, шетелдік "ханзада" да ұшты-күйлі жоғалған. Әрине, ол қаражатын қайтара алмады. "Америкалықтың" жіберген фотолары негізінен ғаламтордан алынған сток-фотолар болып шықты.

"Қырындайтын жігіт ақша сұрай бастаса, одан қашыңыз"

Заңгер Алексей Павловтың байламынша, "іс бітті, қу кетті" кезеңде ондай алаяқтарды іздеп табу, жазалау қиын.

"Біріншіден, ол шынымен шетел азаматы болуы, шетелден әрекет етуі мүмкін. Екіншіден, олар пайдаланатын фотосуреттердің бәрі жалған болып келеді. Өзгелердің бейнелерін пайдаланады. Сондықтан ондай алаяқтарды жауапкершілікке тарту және келтірілген залалды өндірту мүмкін болмайды. Ең дұрысы, мұндай алаяқтардың алдауына көнбеу. Алаяқтың басты белгісі қандай? Олар белгілі бір уақыт өткен соң әртүрлі сылтау айтып, ақша сұрай бастайды. Әйелдің жиған-тергенін тегіс алу үшін "шетелдіктің" тіпті онлайн-некеге тұрған жағдайы да болды. Жалпы сөз салушы жігіт ақша сұрай бастаса, одан дереу теріс айналған жөн. Оның алаяқ не альфонс болып шығу ықтималдығы зор", – дейді сарапшы.

Шын мәнінде, шетелден жұп іздейтін әйел не еркекті тұзағына түсіретін алаяқтардың әдіс-тәсілі саналуан. Олар карантин шараларын сылтау етіп, әлдебір төлемдерді, айыппұл мен өсімпұлдарды төлеуді өтінеді, туристік жолдама не рұқсатнама үшін жарна енгізуді ұсынады. Тіпті онлайн неке қию үшін қажет деп, құрбанының барлық деректерін біліп алатын, сөйтіп соның бүкіл қаражатын шешіп алатын немесе оның атына қашықтан несие рәсімдейтін жайттар да кездеседі.  

"Әсіресе, ер адам тіпті болар-болмас сомада ақша сұрай бастаса, өзіңізге: "Тоқта, мұның бір шикілігі бар!" деп айтуыңыз керек. Бірақ әрине, виртуалды ғашықтықтың өзі көз байлайды, ақыл-естен айырады. Мұндайда ата-анасы, туысы не дос қызы бола ма, әйтеуір "виртуалды махаббат құшағындағы" әйелдің ессіз әрекеттерге баруына жол бермейтін бір жақын адамы болғаны керек", – дейді психология ғылымдарының кандидаты Бағдат Керімова.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу