Әкімдер өлген азаматтарды сотқа шақыруды тоқтатуға тиіс

2442

Қазақстанда кез келген алқаби шешімі заңсыз деп танылуы мүмкін. 

Әкімдер өлген азаматтарды сотқа шақыруды тоқтатуға тиіс

Елімізде алқабилер сотының енгізілгеніне 14 жылдай уақыт болды. Бірақ бұл жүйенің проблемасы бітер емес, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Жыл сайын облыстардың және үш мегаполистің 17 әкімдігі алқаби атануы мүмкін тұрғындарға қатысты 5 түрлі нысан-форма толтырады: бұлар – алдын ала, бастапқы, бірыңғай, қосалқы және қосымша тізімдер. Осы мақсатта аймақ басшылары уәкілетті мемлекеттік органдардан тізімдер қалыптастыруға қажетті мәліметтер сұратады. Ол деректер заңнамада белгіленген критерийлерге сәйкес келмейтін адамдарды тізімнен алып тастау үшін қажет көрінеді.

Мәселен, кәмелетке толмағандар, сотталғандар, саналы ойлау қабілетінен және есінен айырылғандар, есірткіге құмартып, нашақор болғандар (бұлардың дерегі наркологтар мен психиатрлардан жиналады) алқаби атана алмайды. Бұған қоса, шенеуніктерге, полицейлер мен өзге де құқық қорғау органдары қызметкерлеріне, әскерилерге, судья лауазымына тағайындалғандарға және адвокаттарға да осы жол жабық. Бұл – "Алқабилер туралы" заңның талаптары.

Әрине, мұның бәрі күн сайын өзгеріп тұратын жайт. Салдарынан, әкімдіктердің тізімі тез ескіріп, өзектілігін жояды.

Бірақ Жоғарғы соттың ақпараты бойынша жергілікті атқарушы органдарға осы үшін қажетті цифрлық ақпарат қолжетімді емес.

"Бұл әкімдіктерді өз өңіріндегі сайлаушылар тізімдерін басшылыққа алып, соның негізінде алқабилер тізімдерін автоматты түрде емес, қолмен толтыруға мәжбүрлейді. Осы жұмысқа барлық деңгейдегі әкімдіктер, меморгандар жұмылдырылуда. Яғни, елеулі адами және уақыт ресурстары шығындалады. Деректердің дәл болмауы ақыр соңында 5 тізімді қалыптастыруды қажет етеді. Өйткені тізімдер қолмен іріктеледі, көптеген сұрау мен салыстырулар жасалады. Нәтижесінде қате тізімдер пайда болады, оған сотталғандар, өлгендер, өңірден тыс жерлерге кеткендер және басқалар кіріп кетеді. Сондықтан Қазақстанда алқабилер қатысатын соттың кез келген үкімі заңсыз, легитимсіз болуы мүмкін және күшін жоюға жатады", – деді Жоғарғы сот.

ХҚКО-сыз іс өнбейді

Ведомствоның байламынша, егер осы тізімді қалыптастыруға ХҚКО-лар тартылса, бұл жұмысты автоматтандыруға болады.

"Егер ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым операторы саналатын "электрондық Үкіметтің" қолында бар орталықтандырылған цифрлық ақпарат пайдаланылса, бұл жұмыс адамның қатысуынсыз жүргізілуі мүмкін. Операторға алқабилерді іріктеу үшін қажетті барлық ақпарат сандық форматта қолжетімді: барлық қазақстандықтың жасына, тіркелген жері мен тұрғылықты жеріне, соттылығына, құқық қабілеттілігіне қатысты ақпараттар соның иелігінде. Азаматтардың қайда жұмыс істейтінін – зейнетақы аударымдары арқылы, ал әрекет етуге қабілеттілігін – наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансердегі есеп арқылы біле алады", – деп түсіндірді меморган.

Яғни, eGov порталы алқабиге кандидаттардың бірыңғай тізімін дайындаудың жеделдігі мен сапасын қамтамасыз ете алар еді.

Осы ұсыныстар қолданыстағы "Алқабилер туралы" заңға түзетулер түрінде әзірленді. Алда Мәжіліске енгізілмек. Заң жобасын Президент әкімшілігінің басшысы қолдапты және оны іске асыруға тапсырма берген.

Заңнамалық түзетулер қабылданса, бұдан былай елде бес тізімнің орнына алқабилердің бірыңғай тізімі ғана енгізіледі: оны оператор арқылы орталықтандыру ұсынылды. Ортақ тізім электронды Үкімет мәліметтері негізінде ұдайы өзектілендірілмек.

Дегенмен, жаңа заң жобасының қашан қабылданып, күшіне енетіні белгісіз. Сол себепті әзірше ескі әдіс қолданыла бермек. Яғни, алқабиге кандидаттардың алдын ала, бастапқы, бірыңғай, қосалқы және қосымша тізімдері жасалады. Содан кейін қандай да бір сотталушы азамат өз ісін алқабилер қарағанын қаласа, онда осы тізімдерден "кездейсоқ таңдау" тәсілімен алқаби командасына үміткерлер іріктеледі.

Ал болашақта "Алқабилер кандидаттарының бірыңғай тізімдері" құрылып, жыл сайын 1 шілдеде содан кездейсоқ таңдау жүргізіледі деп жоспарлануда. Әкімдіктер алқаби болуға жарайтын тұрғындар тізімін өз сайттарында жабық режимде орналастырады.

Еңбек кітапшасына "би" мәртебесі жазылады

Сарапшылардың айтуынша, елде алқабилер соты енгізілгелі бері осы саладағы заңнама мен ойын ережелері әлденеше рет өзгерді. Бұл өзгерістер алқабилер қарайтын істер санының біресе артуына, біресе кемуіне соқтырып отырды. Мысалы, 2010 жылы алқабилер қатысуымен 265, 2011 жылы – 339 іс қаралып, көрсеткіштер күрт өскен. Алайда содан кейін сала дағдарды: 2014 жылы 64, ал 2015 жылы 17 іс бойынша ғана азаматтар тобы шешім қабылдаған. Кейінгі жылдары олардың еншісіне берілген істер саны жыл сайын 100-ге жетпей жүр.

Себебі, бұрындары аса ауыр қылмыстарға қатысты барлық дерлік істі алқабилер қарай алатын. Ал 2013 жылы заңа заң қабылданып, бұл тәжірибе өзгертілді. Содан алқабилер тек өмір бойға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған қылмыстық істер бойынша шешім шығара алатын болды. 2015 жылы аса ауыр қылмыстардың тағы төрт құрамы соларға берілді, дегенмен, бұл статистиканы көп жақсарта алмады.

Жалпы, азаматтардың біразы алқаби болудан қашқақтайды: әлдекімді соттап, темір торға қамап, обалына қалудан қорқатын болса керек. Сарапшы Василий Анисимовтың дерегінше, құқықтық сауатсыздық немесе сотты құрметтемеу кесірінен азаматтар сот отырысына келмей қалатын кездер ұшырасады. Мысалға, сотта төрелік айтуға шақырылған 100 адамның шамамен 40-ы одан ізінше бас тартады. Салдарынан, алқабилер кворумы болмай шығады.

Осыған орай мемлекет азаматтарды би болуға ынталандыру шараларын енгізді. Мәселен, алқаби болған тұрғынға нақты iс қаралып болғаннан кейiн, ал егер iстi қарау созылып кетсе – ай сайын бюджеттен сыйақы төлейдi. Ол қаражат көлемі "аудандық сот және оған теңестiрілген сот судьясының (1 жылға дейін өтілі бар) лауазымдық жалақысының жартысы мөлшерiнде" болып келеді.  

Алқабилердің iссапар шығыстары да өтеледі. Сондай-ақ азаматтың алқаби болған уақыты оның еңбек өтілі ретінде есептеледі. Яғни, еңбек кітапшасында би мәртебесін паш ететін беделді жазу түсіріледі.

Сонымен қатар, азамат би мiндеттерiн атқару кезiнде оның негiзгi жұмыс орны сақталады: заң бойынша оны осы уақытта "жұмыс берушiнiң бастамасымен жұмыстан шығаруға немесе ақысы төмен жұмысқа ауыстыруға" тыйым салынған.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу