Ақпараттық қауіпсіздік: мәселені шешудің 5 бағыты ұсынылды

Бұл – ең жас министрдің қолға алған бастамаларының бірі ғана.

Ақпараттық қауіпсіздік: мәселені шешудің 5 бағыты ұсынылды

Ақпараттық қауіпсіздік: мәселені шешудің 5 бағыты ұсынылды
Домендер тегін қорғалады, жеке ақпараттарды желіден өшіруге болады: бұл – ең жас министрдің қолға алған бастамаларының бірі ғана. 
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қалың көпшілікті алаңдатып отырған ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне тоқталды.

"Өзгенің жеке деректерін пайдаланып, алаяқтық жасау белең алған тұста бұл ең өзекті тақырыпқа айналды. Осы бағытта 5 негізгі қадам жүзеге асырылады", – деген министр оның әрқайсысын жеке-жеке түсіндірді. 

"Жуырда құрылған Ақпараттық қауіпсіздік комитеті бұл мәселесін шешу үшін бес бағыт ұсынып отыр. Оның біріншісі – Қазақстан интернет кеңістігіндегі барық домен иелерін кибершабуылдан қорғайтын Web totem қосымшасы ұсынылады. Қазіргі кезде біздің интернет кеңістігімізде 150 мың домендік атау бар. Ал қосымшаны тегін орнату үшін Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне жүгіну керек. Егер сайттың қандай да бір осал тұсы болса, иесі хабарлама алып отырады", – деді министр. 

Одан кейінгі бағыт – жеке ақпараттарды пайдалану бойынша жүйе жасау. Осы уақытқа дейін электрондық үкімет порталында ХҚКО-мамандарының жеке тұлға туралы кез келген ақпарат сұрауы азаматтардың жеке кабинетінде тіркеліп отырған. Енді бұл барлық мемлекеттік органдарға қатысты болмақ. Яғни сіз туралы мемлекеттік органдар қандай ақпарат іздегені жеке қабинетте сақталады. Оны кез келген уақытта кіріп, тексере аласыз. 

"Келесі бағыт – кез келген адамның желіден өзі туралы жеке ақпаратты өшіру құқығы. Ақпараттық қауіпсіздік комитеті бұл бағытта жұмыс істеп жатыр. Қазірдің өзінде комитет бірнеше өтінішті мақұлдады. Сонымен қатар үшінші адамдарға жеке деректерді пайдалану үшін келісім базасын жасау туралы бастама көтердік", – деді Бағдат Мусин. 

Министрдің келісім базасы деп отырғаны – жеке тұлғаның өзі туралы деректерді банктер, түрлі ұйымдарға өңдеуге келісім беруі. Мәселен, банкте несие алар тұста кез келген адам өзі туралы ақпаратты өңдеуге келісім береді. Алайда ол несиесін төлегеннен кейін бұл келісімнен бас тарта алады. 

"Адам бір мекемеге жеке ақпараттарын өңдеп, пайдалануға өмір бойына келісім беруі шарт емес. Кейін ондан бас тарта алуы керек", – деп атап өтті министр. 

Ал соңғы бағыт Бағдат Мусиннің сөзінше, жаңалық емес. Бұрыннан тәжірибеде қолданылып жүрген әдіс.  Оны ақпараттық қауіпсіздік бойынша қауымдастықтармен бірігіп жүзеге асыруда екен.

"Біз ақпараттық жүйелердің әлсіз тұсын анықтағандарға сыйақы тағайындау туралы бастама көтермекпіз. Оның ішінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері де бар", – деді министр. 

Қазіргі кезде электрондық үкімет порталы арқылы 352 қызмет түрін, е-лицензиялау порталы арқылы 400-ге жуық қызметті қашықтықтан алу мүмкіндігі бар. Бұл жалпы мемлекеттік қызметтердің 83,7%-ына онлайн қол жеткізуге болатынын айғақтайды. 

"Нәтижесінде біз БҰҰ-ның электрондық үкімет бойынша рейтингінде үздік 30 елдің қатарындамыз. Алайда әлі де түрлі мәселер бар. Оның барлығын анықтап, шешу жолында жұмыс істеп жатырмыз", – деп түйіндеді Бағдат Мусин. 

Құралай Құдайберген


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу