АҚШ санкцияға қатысты неге Қазақстанға айып тақты?

3152

Bloomberg хабарлауынша, Қазақстан санкцияларды айналып өтіп, Ресейге чиптер мен микросхемаларды жеткізуде.

АҚШ санкцияға қатысты неге Қазақстанға айып тақты? Фото: Ашық дерек көздерінен

РФ Еуропалық елдер мен "Үлкен жетілік" салған санкцияларға қарамастан, чиптер мен микросхемаларды Түркия, Біріккен араб әмірліктері және Қазақстан арқылы алып жатыр, деп мәлім етті Bloomberg анонимді жоғары лауазымды еуропалық шенеуніктерге сілтеме жасап.

Агенттіктің дереккөзі "санкциялар көлемінің артқанына қарамастан, ресейлік импорт негізінен соғысқа дейінгі 2020 жылғы деңгейге орала алды" деп хабарлады. Сондықтан құзырлы органдар бұл парадокстың байыбына бару үшін РФ сауда деректеріне талдау жүргізген. Нәтижесінде ЕО аумағында өндірілген және Ресейге сатуға тыйым салынған технологиялар мен компоненттер Ресейге үшінші елдер – Түркия, БАӘ, Қазақстан және басқасы арқылы жеткізіліп жатыр деген болжам жасады. Болжам болатыны, әзірге схемалар ашылып, соған тартылған компаниялар ұсталған жоқ.

Бұдан бөлек, Қытайдан да Ресейге экспорт күрт артқан, бірақ ҚХР оған өз өнімдерін жеткізіп отырса керек.

Агенттіктің мәліметінше, 2022 жылы Қазақстан Ресейге 3,7 миллион доллардың жартылай өткізгіштерін жеткізген. Салыстырғанда, бұдан бір жыл бұрын осы сома небәрі 12 мың долларды ғана құрапты. Яғни ғаламат 308 есеге артып отыр. Бұл деректі женевалық Trade Data Monitor ұйымы жариялады.

Жалпы Қазақстан ДСҰ-ға, Дүниежүзілік банкке, Халықаралық валюта қорына және басқа да ұйымдарға мүше ретінде сыртқы саудасына, экономикалық статистикасына қатысты толыққанды деректерді ұсынып тұрады. Мұның бәрі солтүстік көршідегідей құпияландырылмаған. Сондықтан санкциялық тауарлар сауда-саттығына қатысты мағлұматтар да тез әшкере болып қалады.

Қазақстанның былтырғы қаңтар–қазандағы жаһандық нарыққа өткізген экспорты рекордтық 71 миллиард долларға жетті. Оның жанында 3,7 миллион доллар түкке тұрмайды. Ендеше Үкімет әскери техника мен қару саудасы сияқты чиптер мен микросхемалардың экспорына да тыйым салып тастаса, жөн. Әйтпесе, мысалы, Үкімет 3 монополист зауыттың мүддесін ілгерілетіп, далада шіріп жатқан темір-терсекті, метал сынықтарын халықаралық нарыққа тасуға көп жылдан бері тосқауыл қойып келеді.

Оның үстіне РФ негізгі қажеттіліктерін Қазақстан арқылы емес, өзге елдер есебінен өтеп отыр. Біздің республика солардың арасында қосақталып кетті.

Trade Data Monitor ұйымы 2017 және 2021 жылдары Ресейдің ЕО, АҚШ, Жапония және Ұлыбританиядан жыл сайын орта есеппен 163 миллион долларға заманауи чиптер мен интегралды схемалар сатып алғанын жариялады. 2022 жылы шамамен 60 миллион долларға сатып алған. Дұрысы, нөлге теңесуі керек еді.

"Деректер көрсеткендей, Түркия, Сербия, БАӘ, Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның бірнеше елі осы тапшылықтың орнын толтыруға көмектесті. Тиісінше, осы елдер жоғары технологиялық компоненттерді импорттауды сонша сомаға өсірген", – деп назар аудартты Bloomberg.

Агенттік Еуропалық Одақта заңдардың орындалуына мүше мемлекеттер өздері бақылау жасайтынын еске салды. Дәл АҚШ Қаржы министрлігінің OFAC (Office of Foreign Assets Control) кеңсесі сияқты санкциялардың сақталуын қадағалайтын және заң бұзушыларды қудалайтын ортақ орган жоқ.

Еурокомиссия ережелердің орындалуын қадағалайды, бірақ тек ұсыным жасайды. Өз кезегінде бұзушылықтарды әшкерелеп, айыппұл салуға ұлттық биліктер жауапты. Салдарынан билігі Мәскеуге қырғиқабақ көзқараста болса ғана ол мемлекет санкцияларды қатаң ұстанады. Қалғаны көз жұма қарайды. Сол себепті бұл жерде, еуропалық сарапшылардың пікірінше, Түркия, БАӘ, Қазақстанды біржақты айыптап, бар кінәні соларға жабу ағаттық. Батыс елдерінің өздері санкцияларын қатаң сақтап отырғаны шамалы.

Бірақ осы салада Америка еуропалық әріптестерін түртпектеп, аяусыз күрес туының астында топтастыруға тырысып жатыр. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің таяуда Мәскеудің Үндістан, Орталық Азия сияқты одақтастарын аралап шығуы да бекер емес.

Бейбіт, бұйығы Еуропаға қарағанда, Америка құрама штаттары өткен ғасырдан бері Кеңес одағы, Иран, Латын Америкасы және басқа континенттердегі шетелдік державалармен санкциялық тайталаста мол тәжірибе жинады, сондықтан онда санкцияларды орындауға мәжбүрлеудің орталықтандырылған пәрменді тетігі мен аппараты жұмыс істейді.  

Financial Times мәліметінше, АҚШ, Еуроодақ және Ұлыбритания делегациялары жыл басынан бері Біріккан араб әмірліктеріне сапарлап, оның билігін Ресейге соғыс мақсатында пайдаланылуы мүмкін тауарларды экспорттауды доғаруға үгіттепті. Атап айтқанда, санкцияларды үйлестіру жөніндегі америкалық кеңсенің басшысы Джеймс О'Брайен, Еуроодақ санкциялары жөніндегі арнайы өкіл Дэвид О'Салливан, Ұлыбританияның санкциялар жөніндегі басқармасының директоры Дэвид Рид осы елге сапар жасады.

"Ресеймен арада санкция салынған тауарлар бойынша сауда-саттық жасайтын кез келген елге және компанияға санкция салуға тура келеді. Өйткені РФ одақтастары соған жөнелтіп жатқан бірқатар тауарлар мен олардың бөліктері артынша майдан даласынан табылып жатыр", – деді Джеймс О'Брайен.

Free Russia Foundation ұйымының талдауында айтылған ресейлік кеденшілердің дерегінше, БАӘ-ден тасылған электронды компоненттердің көлемі 2022 жылы, бір жылда бірден жеті еседен артыққа өсіп шыға келген: 283 млн доллардан асты.

Енді Батыс елдері агрессорды жабдықтау ниетінен қайтару үшін арабтарға қысым жасап бағуда. Себебі Файнэншл таймс сарапшысы Сэм Флемингтің жазуынша, ондаған мың ресейлік азамат БАӘ-ге қоныстанып, сонда компанияларын ашты, олар да өз отанына санкцияларды айналып өтуге көмектеседі.

Оның пайымдауынша, мұның бәріне тоқтау салынбаса, РФ армиясы қару-жарақ, оқ-дәрі өндірісін тоқтатпайды, онда Украинадағы соғыс бірнеше жылға созылады. Бұл ауқатты Батыс елдерінде инфляцияның артуына, сайлаушылар наразылығының өрістеуіне, ақыр соңында билікке популистік, ресейшіл күштердің келуіне соқтыруы ғажап емес.

Ақ үй түсініктемесінде көрсетілгендей, Мәскеуге санкциялық соққыны жеңілдетуге жәрдемдесіп отырған "прокладка" елдермен "әңгіме жалғасуда".

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу