АҚШ Украинаға ядролық қару бермейді

1208

Бір кездері Украина 5 мың атом бомбасына иелік етіп, әлемнің үшінші ядролық державасы болған.

АҚШ Украинаға ядролық қару бермейді Фото: AP

АҚШ Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Киев бас тартқан ядролық қаруды Украинаға қайтару мүмкіндігін қарастырмайды. Мұны жексенбі күні Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан ескертті.

Салливан мұндай мәлімдемені өткен айда "Нью-Йорк Таймс" газеті кейбір батыстық шенеуніктердің сөзіне сүйеніп, "президент Джо Байден биліктен кеткенге дейін Украинаға жаппай қырып-жоятын қару-жарағын қайтаруы мүмкін" деп хабарлағаннан кейін жасап отыр.

"Бұл мәселе қарастырылып жатқан жоқ. Біз Украинаға ядролық қару бермей-ақ әртүрлі қолдау көрсетіп, оның өзін тиімді қорғауына жағдай жасап жатырмыз", – деді ол ABC телеарнасына берген сұқбатында.

Өткен аптада Ресей мұндай идеяны "абсолюттік ақылсыздық" деп атап, бұл сценарийдің алдын алу үшін Украинаға әскер кіргізгенін мәлімдеді.

Киев 1991 жылы Кеңес одағы ыдырағаннан кейін ядролық қаруға мұралық етті. Бірақ 1994 жылғы Будапешт меморандумына сәйкес, Ресей, АҚШ және Ұлыбритания қауіпсіздік кепілдігін бергеннен кейін, Украинан атомдық арсеналынан толық бас тартқаны белгілі.

Үшінші ядролық держава

"Қырғи қабақ" соғыстың соңында жер бетіндегі үшінші ядролық держава Ұлыбритания, Франция немесе Қытай емес, Украина еді. Кеңес Одағы күйреп, енді ғана тәуелсіздік алған Украинаға шамамен 5000 ядролық бомба мұраға қалды. Сонымен қатар оның  әскери базаларының жер асты шахталарында 10-ға жуық термоядролық оқтұмсық тасымалдайтын алыс қашықтыққа арналған зымырандар болды. Олардың әрқайсысы Хиросиманы жермен-жексен еткен бомбадан әлдеқайда қуатты еді. Қысқасы, ядролық қару иелеленуден Украина Ресей мен АҚШ-тың ғана соңында тұрды.

Осы арсеналдан бас тарту мен оның жойылуы көбінесе қару-жарақты бақылаудың жеңісі ретінде бағаланады. Дипломаттар мен бейбітшілік белсенділері Украинаны ядролық державалар әлеміндегі "үлгілі азамат" ретінде сипаттап бақты.

Дегенмен сол кезде украиналық, америкалық сарапшылар атомдық қарусызданудың дұрыстығына күмән келтірді. Себебі жаппай қырып-жоятын қару Ресей агрессиясын тежеудің жалғыз сенімді құралы саналды.

Бүгінде Украинада осындай бомба жасау үшін материалдар өндірудің немесе сатып алудың оңай жолы жоқ. Соған қарамастан, соғыс жалғасып жатқан шақта ядролық қару иелену мәселесі бәрібір күн тәртібіне шығып отыр.

"Біз бұл мүмкіндіктен бекер айрылдық. Енді біреулер қағазға қол қоюды ұсынса, бұндайды көргенбіз, көп рахмет дерміз",  дейді Украинаның бұрынғы қорғаныс министрі Андрей Захороднюк.

Украина парламентіне депутат болып сайланған және бұрын ядролық базаға қолбасшылық еткен Владимир Толубко Киев ешқашан атомдық артықшылықтарынан бас тартпауы керек еді дейді. 1992 жылы сәуірде ол ассамблеяда сөз сөйлеп, Украинаның өзін ядролық емес мемлекет деп жариялауын "романтикалық әрі ерте шешім" деп атаған. Сонымен қатар Толубко ең болмаса алыс қашықтыққа ұшатын оқтұмсықтардың бір бөлігін сақтап қалуды талап еткен. Себебі, оның ойынша, осы зымырандық күштің өзі "кез келген агрессияны" тоқтатуға жеткілікті болар еді.

1993 жылдың жазында Чикаго университетінің халықаралық қатынастар теоретигі Джон Дж. Мирсхаймер де Украинада атомдық қаруды қалдыруға шақырды. 

"Украина бейбітшілікті қаласа, оған ядролық арсенал қажет. Мұндай қару украиндармен қатынасы нашар Ресейдің жаулау әрекетін тежер еді",  деп айтқан Foreign Affairs журналына берген сұқбатында.

1994 жылы Ресей, Украина, Ұлыбритания және Америка Құрама Штаттары қол қойған Будапешт меморандумы қабылданды. Ол келісім бойынша атомдық қарудан бас тартқан Украинаға қарсы бірде бір ел күш қолданбайды немесе қоқан-лоққы көрсетпейді және оның егемендігі мен шекараларын құрметтейді. Келісімде агрессия жасалса, меморандумға қол қойған елдер Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінен Украинаға көмек көрсету үшін дереу әрекет етуді талап ететіні айтылған.

Жаман үлгі

2001 жылға дейін Украинаның барлық ядролық қаруы бөлшектеу үшін Ресейге беріліп, ракета ұшыратын шахталары істен шығарылды.

Жалпы алғанда, бірқатар сарапшылардың ойынша, ядролық бомба Украинаны  қарусыздану мәселесіндегі үлгілі елден қауіпті мемлекетке айналдырып, әлемдегі Иран мен Сауд Арабиясы тәрізді елдерді өздерінің ядролық бағдарламаларын жүзеге асыруға итермелеуі мүмкін.

"Егер дипломатиялық шешімге қол жеткізілмесе, бұндай жағдай ядролық қаруы бар мемлекеттер ядролық қаруы жоқ елдерді қорқыта алады деген әсер қалдырып, қарусыздануға ынталыларды азайтады", – дейді Вашингтондағы қаруды бақылау қауымдастығының атқарушы директоры Дэрил Г. Кимбалл "Нью-Йорк Таймс" газетіне берген сұқбатында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу