Ақша айырбастау пунктерінің жарғылық капиталы жете ме?

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
6666

Былтыр 178  ақша айырбастау пунктінен 140 заңбұзушылық анықталды. 

Ақша айырбастау пунктерінің жарғылық капиталы жете ме?

Ұлттық банктің "ҚР қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру ережелеріне өзгеріс енгізу туралы" қаулысы күшіне енді.

Талап бойынша республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында орналасқан айырбастау пунктері 1 сәуірге дейін жарғылық капиталын 100 млн, ал ауылдар мен шағын қалаларда орналасқан айырбастау пунктері 1 шілдеге дейін 50 млн теңгеге жеткізуге тиіс. Көрсетілген уақытқа дейін валюта айырбастау пунктері бұған дейінгі жарғылық капиталымен жұмыс істей береді. Кейін жоғарыдағы талапты орындайды. Егер айырбастау пунктерінің шотынан, кассасынан Ұлттық банк белгілеген қаражат табылмаса, онда олардың қызметіне шектеу қойылады.

Осы талапқа мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова қарсы болды. Ол жаңа ереже шағын айырбастау пунктерін нарықтан ысырылуына және елде заңсыз валюта биржасының қалыптасуына түрткі болуы мүмкін екенін айтты.

Халық қалаулысы: "Ұлттық банк 2019 жылдың 4 сәуірінде  айырбастау пунктерінің жұмысына жаңа талап енгізуді көздейтін Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасын айырбастау операцияларын ұйымдастыру ережесіне өзгеріс енгізді. Атап айтқанда, түзетулер айырбастау пунктерінің ең төменгі жарғылық капиталын ұлғайтты. Нұр-Сұлтандағы, республикалық маңызы бар қалалардағы ақша айырбастау пунктері үшін 100 млн, (бұрын 30 млн теңге), облыс орталықтарында орналасқан айырбастау пунктері үшін 100 млн (бұрын 20 млн теңге) және ауылдар мен шағын қалаларда орналасқан айырбастау пунктері үшін 50 млн теңге (бұрын 10 млн теңге) болды. Көрсетілген қаражат айырбастау пунктінің шотында, кассасында теңгедей, шетел валютасында немесе алтын құймасы түрінде болуы керек. Неге 100 млн, неге 50 млн?" – деп қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымоваға депутаттық сауал жолдады.  

Айта кетейік, бастапқыда Ұлттық банк жоғарыдағы талапты 1 қаңтардан бастап енгізбек болған.

Ақша айырбастаудың жаңа тәртібіне сәйкес, айырбастау пунктері таңғы 9:00-дан кешкі 20:00-ге дейін ғана қызмет көрсетеді. Алайда бұл ел азаматтары 20:00-ден кейін ақша айырбастай алмайды деген сөз емес. Мәселенің мән-жайын Ұлттық банктің қолма-қол ақша айналымы департаментінің директоры Жомарт Қажымұратов: "Бұл қадамға айырбастау пунктері мен клиенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бардық. Бұған дейін кешкі, түнгі уақытта айырбастау пунктері валюта бағамын қайта-қайта құбылта беретін. Салдарынан халық дүрлігетін. Енді мұндай болмайды. Түсінікті болу үшін нақтылайын, әуежай, теміржол арқылы Қазақстанға келетін, кететін және мемлекеттік шекара арқылы өткізу пунктіндегі адамдар үшін айырбастау пунктері тәулік бойы жұмыс істейді. Ал ірі сауда орталықтарындағы айырбастау пунктері сағат 9:00-ден 22:00-ге дейін қызмет көрсетеді", – деп түсіндірді.

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының басқарушы директоры Ләззат Үсенбекованың айтуынша, валюта айырбастау пунктері Қазақстан қор биржасының бағамына сүйенеді. Бұл жерде сауда кешкі сағат 17:00-ге дейін жүреді.

"Бұрын қор биржасының саудасы жабылғаннан кейінгі валюта бағамын айырбастау пунктері белгілейтін. Бұдан былай мұндайға жол берілмейді", – деді басқарушы директор.

Ұлттық банктің қаулысына сәйкес, ақша айырбастау тәртібі де өзгерді. Енді, 500 мың немесе одан көп ақша айырбастаған азаматтардың аты-жөндері мен жеке сәйкестендіру нөмірі арнайы реестрге тіркеледі.

"Айырбасталатын ақша 500 мың теңгеден төмен болса, клиент жеке куәлігін ғана көрсетеді. Бұл көптеген елдерде қолданылып жүрген халықаралық тәжірибе", – деді Ұлттық банктің қолма-қол ақша айналымы департаментінің директоры Жомарт Қажымұратов.

Оның сөзінше, өткен жылдың екінші жартысында 178  валюта айырбастау пункті тексеріліп, 140 заңбұзушылық анықталған. Айырбастау пунктерінің 80%-ы "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңды" белден басқан. Бұған қоса жарғылық капиталды басқа мақсатқа пайдаланған. Заң бойынша жарғылық капитал тек ақша айырбастау үшін ғана қолданылу керек.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу