Жарғылық капитал жарға жығады

4390

Қарағандыда  жекеменшік валюта айырбастау пунктін ұстап отырған кәсіпкерлер осылай деп дабыл қағуда.

Жарғылық капитал жарға жығады

Қарағандыдағы кәсіпкерлер қауымдастығында жекеменшік валюта айырбастау пунктері бар кәсіпкерлер жиналыс өткізіп, Ұлттық банктің Қарағанды филиалының басшысына мұң шақты.

Кәсіпкерлер Ұлттық банктің жекеменшік валюта айырбастау пунктерінің жарғылық капиталын ұлғайту туралы қаулысына қарсы екендерін жеткізді.

Кәсіпкер Татьяна Монастырскаяның Топарда  және  Абай ауданында екі валюта айырбастау пункті бар. Оның сөзінше, Ұлттық банктің қаулысына сәйкес, ақша айырбастау нысандарының жарғылық  капиталы 6 есеге дейін өсіп кеткен.

"Мен мұндай қаржының бізде тұруы  қажет емес деп есептеймін. Ол бізде бостан босқа тұрады. Бізде  4 адам жұмыс істейді. Егер біз қойылған талапты орындай алмасақ, жабыламыз, ал адамдар жұмыссыз қалады. Бізде екінші деңгейлі банктерге көмектеседі де, шағын бизнесті қысады. Егер осы норма қаз-қалпында қалатын болса, жекеменшік валюта айырбастау нысандарының басым бөлігі жабылады", – деді Татьяна Монастырская.
Жаңа қаулы бойынша Алматы, Астана қалаларындағы валюта айырбастау нысандарының жарғылық капиталы 30 млн теңге болуы тиіс. Ал облыс орталығында орналасқан ақша айырбастау орындарында 20 млн, шағын шаһарларда 10 млн теңгені құрауы керек.

Ұлттық банк өкілдері жаңа норма шамына тиген кәсіпкерлерге басу айтып  көрді.

"Валюта айырбастау орнына келген кез келген адам шетелдік валютаны қалағанынша сатып алатын болуы керек. Ол үшін жекеменшік валюта айырбастау пунктерінде қомақты қаржы тұруы тиіс. Бұл норманың енгізілуіне адамдарға жағдай жасау қажет деген ұстаным себеп болды", – деді Ұлттық банктің Қарағанды филиалы директорының міндетін атқарушы Бектұрған Бозтериев.

Кәсіпкерлер жарғылық капитал көлемі қысқармаса нарықта тек екінші деңгейлі банктердің ақша айырбастау орындары ғана қалатынын айтып отыр.

"Біз мұндай жарғылық капиталдың не себепті енгізіліп отырғанын түсінбейміз. Бұлай болса екінші деңгейлі банктердің валюта айырбастау нысандары ғана қалып, солар айтқандарын жасайтын болады. Біз кәсіпкерлердің жанайқайына биліктің құлақ асуын сұраймыз. Ұлттық банк өкілдері бұл норманы  қабылдамастан бұрын кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізген жоқ. Неге олай, бұған кім жауап береді? – деді Қазақстан кәсіпкерлер және сервистік қызмет көрсету қауымдастығының президенті Ермек Әбілдин.

Валюта айырбастау нысандарын ашып, кәсібін дөңгелеткен бизнес өкілдерінің пайымдауынша, соңғы уақытта ел азаматтары валюта айырбастауды біршама азайтқан.

Кәсіпкерлердің  шымбайына батып отырған тағы бір мәселе жаңа салық кодексінен туып отыр. Осы құжат бойынша, жекеменшік валюта айырбастау пунктерінің иелеріне бірыңғай тіркелген салық бекітілген. Бұл кәсіпкерлер ақша айырбастау нысанының орналасқан аумағына байланысты әртүрлі, яғни 10 айлық есептік көрсеткіштен 50 айлық есептік көрсеткішке дейін бюджетке ақша аударуы тиіс деген сөз.

Кәсіпкерлер қауымдастығы елбасыға хат жазуға бекініп отыр. Олар капитал қорын жинақтап алғанша жаңа норманы кейінге шегеруді сұрамақшы.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу