Депутат валюта айырбастаудың жаңа ережелерін сынға алды

11703

Меруерт Қазбекова жаңа ережелерді қайта қарауды ұсынды. 

Депутат валюта айырбастаудың жаңа ережелерін сынға алды

Жаңа ереже бойынша, Нұр-Сұлтан, республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында әр ақша айырбастау пунктінің ең төменгі жарғылық капиталы 100 млн теңгеден кем болмауға тиіс. Ал ауылдар мен шағын қалалардың ақша айырбастау бекеттері кассаларында немесе шоттарында 50 млн теңгеден жоғары қаржы болуы міндетті.

Осы орайда, Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова  Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымоваға жолдаған депутаттық сауалында валюта айырбастау ережелерін қайта қарауды ұсынды. Депутаттың айтуынша, жаңа ережедегі олқылықтар кесірінен шағын айырбастау пунктері нарықтан шығып қалуы мүмкін. Сондай-ақ, елде заңсыз валюта биржасы пайда болып, қылмыстың да өршуі ғажап емес.

"Ұлттық банк 2019 жылдың 4 сәуірінде  айырбастау пунктерінің жұмысына жаңа талаптар енгізуді көздейтін Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасын айырбастау операцияларын ұйымдастыру ережесіне өзгерістер енгізді. Атап айтқанда, түзетулер айырбастау пунктерінің ең төменгі жарғылық капиталын ұлғайтты. Нұр-Сұлтандағы, республикалық маңызы бар қалалардағы ақша айырбастау пункттері үшін, 100 млн теңге (бұрынғы ережелерде 30 млн тенге), облыстардың әкімшілік орталықтары, облыстық маңызы бар қалалар үшін 100 млн теңге (алдыңғы ережелерде 20 миллион теңге), ал басқа жерлерде орналасқан әр айырбастау пункттері үшін 50 миллион теңге (бұрын 10 миллион теңге) болды", - деді депутат Меруерт Қазбекова.

Депутат валюта айырбастау пунктерінде 100 млн теңгенің болуы талабы қайдан шыққанын түсіндіруін сұрады.

"Талап бойынша бұл сома айырбастау пунктінің шотында, кассасында теңгедей, шетел валютасында немесе алтын құймасы түрінде болуы керек. Неге жүз миллион? Бұндай қомақы сома қайдан шықты? Оның үстіне, бұл қаражат бизнес иесінде емес, тікелей айырбастау пунктінде болуы керек", - деді ол.

Меруерт Қазбекова Ұлттық банк жарғылық капиталдың ұлғаюы мен кассада қаражаттың болуын бизнесті ірілендіру және төлем кезінде қолма-қол ақшаның аз болуына байланысты клиенттерден бас тартуға жол бермеу ретінде түсіндіргенін айтты.

"Ақша айырбастау пунктіне кенеттен біреу келіп, бірден 300 мың доллар сатып алғысы келеді дейсіз бе? Мұндай талап қою шағын және орта бизнестің айналымынан үлкен қаражатты шығарып қана қоймай, бизнеске және қызметкерлерінің өміріне қауіп төндіретіні анық қой? Бұл айырбастау пунктеріне шабуылдардың көбеюіне себеп болатыны даусыз. Өйткені олардың күзетшілерінде травматикалық қару да бола бермейді. Сонымен қатар қаскөй кез-келген шағын қалада немесе аудан орталығындағы әр ақша айырбастау пунктінде кем дегенде 50 млн теңге болатынын біледі. Қылмыскерлер мұндай еліктіретін жағдайларға қызықпай, шыдап жүре ала ма? Бүгін қаскүнемдер 50 млн емес, 5 мың теңге үшін де адамды соққыға жығып, өлтіріп жатқанын ескеру керек",– деді Меруерт Қазбекова.

Сонымен қатар, депутат айырбастау пунктерінің жұмыс уақыты өзгертіліп, клиенттің жеке деректерін жазып алу жөнінде де түзетулер қабылданғанын айтты. Оның пікірінше, айырбастау пунктерінің жұмыс уақытын қысқарту нарық үшін белгілі бір қиындықтар туғызады, өйткені кешке операциялардың саны көбейеді әрі қазақстандықтардың барлығының жұмыс уақыты кезінде валюта айырбастауға мүмкіндігі бола бермейді.

"Жұмыс істейтін азаматтар негізінен қажетін жұмыстан кейін сатып алады, қажет болған жағдайда  валютаны да кешқұрым ауыстырады, яғни сағат 18:00-де немесе 19:00-де. Әдетте, ауыстыратын сома жүздеген мың емес, жалақыдан қалған 100-200 доллар. Ұлттық банктің клиенттің жеке деректерін бекітуі жөніндегі талабына келер болсақ,  бұл норма "Жеке деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасы заңының талаптарын бұзады. Сонымен қатар, бұл заңда дербес деректерді жинау, өңдеу және қорғау ерекшеліктері тек заңдармен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен реттелетіндігі айтылған, бірақ ешқандай жағдайда Қазақстан Республикасы Ұлттық банк төрағасының бұйрықтарымен реттелмейді", - деді Меруерт Қазбекова.

Осыған байланысты "Ақ жол" фракциясы бұл талаптар "шағын кәсіпкерлерге қарсы әрі олардың ірі бәсекелестері мен банктерінің мүдделеріне" бағытталған деп санайды.

"Шағын бизнес әр кассирге күзетші қойып, күзет агенттігін жалдай алмайды. Сонымен қатар, осы салада шағын бизнес тек жұмыс орындарын ғана беріп отырған жоқ, олар сол банктермен салыстырғанда клиенттер үшін анағұрлым тиімді валюта бағамын ұсынып, икемді қызмет көрсетуде. Оларды жасанды түрде "қуып шығу" кешке және түнде жұмыс істейтін валютаның заңсыз нарығының қалыптасуына, сондай-ақ  соңғы кездері Өзбекстанда байқалып отырғандай ресми және нарықтық қосарлы бағамының пайда болуына әкеледі. Сіз басқарып отырған агенттіктің құрылуына байланысты, сізден осы мәселені тек банктермен ғана емес, осы саладағы шағын және орта бизнес өкілдерінің де қатысуымен қайта талқылауыңызды сұраймыз", - деп түйіндеді депутат.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу