Ақтаудың жабылған түрмесіндегі қылмыскерлер Нұр-Сұлтанға көшіріле ме?

1897

Кейбір сотталғандардың туыстары бұған қарсылығын білдірді.

Ақтаудың жабылған түрмесіндегі қылмыскерлер Нұр-Сұлтанға көшіріле ме?

Түрмелердің жабылу себептері анықталды

Қазақстанда колониялар жабылуда. Сарапшылар "Қазақстан Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заңы қабылданған соң, бұл үрдіс үдейді деп болжайды.

ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесi комитетiнің дерегінше, өткен жылы республикада екі колония – Қостанай облысының Құсмұрын кентіндегі УК-161/4 және Шығыс Қазақстан облысының Шуақ кентіндегі ОВ-156/17 колониялары жабылған көрінеді. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылған бұл қадамға "қамалғандардың санының қысқаруы" себеп болыпты.

Ведомствоның хабарлауынша, соңғы онжылдықта Қазақстанда сотталғандар саны екі еседен көп азайған.

"Осыған байланысты мейлінше көнерген, сәулет және техникалық тұрғыдан ескірген колонияларды бірте-бірте жабу жұмысы жүргізілуде. Мәселен, 2019 жылы осындай 4 мекеме жойылды. Әсіресе, облыс орталықтарынан алыс орналасқан мекемелер оңтайландыруға бірінші болып ілігеді. Себебі дәл соларда сотталғандарды жұмысқа тұрғызу және қызметкерлерді іріктеп алу проблемаларын шешу әлдеқайда күрделі. Колонияларды жабудан үнемделген қаражаттар басқа пенитенциарлық мекемелерді материалдық-техникалық күшейтуге бағытталады", – деп түсіндірді ҚАЖ комитеті.

Комитеттің мәліметінше, жойылған мекемелердің қызметкерлері ведомствоның басқа бөлімшелерінде жұмысын жалғастырады. Ал сотталғандар лек-лекпен қауіпсіздік дәрежесі ұқсас колонияларға жеткізіледі. Бұл ретте қабылдайтын түрменің коммуналдық-тұрмыстық шарттарының жақсырақ болуы назарға алынатыны хабарланды.

Жұрт неге алаңдаулы?

Бүгінде Ақтау қаласындағы ГМ-172/6 колониясы жабылып жатыр. Сотталғандардың туған-туыстарының айтуынша, онда ұсталушылар елорда маңындағы колонияға көшірілетін көрінеді.

Жасыратыны жоқ, Ақтаудағы "абақты" ең бір мазасызы болатын. Былтыр "колонияға әскер енгізіліпті" деген қауесет тарап, онда қамалғандардың туыстары дүрлікті. Оның үстіне ГМ-172/6 мекемесінде жазасын өтеп жатқан адамдардың ата-ана, туыстары екі аптадан, 25 мамырдан бері олармен көрісе алмай жатқанына алаңдады. Олардың ақпараты бойынша сотталғандар тіпті таксофонмен де қоңырау соғуды қойған. Байланыса алғандары "колонияға әскерилер еніп, күш қолданған, кейбірінің аяқ-қолын сындырған-мыс" деген әңгіме естіпті. Бұдан шошынған сотталушылардың туыстары WhatsApp тобын құрып, жаңалық алмасты.

Жағдайға қатысты түсініктеме берген Маңғыстау облысының Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі ол мекемеге құқық қорғаушылар барып, тексеретінін жеткізіп, елді тыныштандыруға тырысты. Бұл ретте карантин шектеулеріне байланысты ұзақ және қысқа мерзімді көрісулерге тегіс тыйым салыныпты. Аталған колонияда негізінен, Жаңаөзеннен, Ақтаудан, Атыраудан және Оралдан жеткізілген шамамен 40 тұрғын ұсталатын.

Олардың жақын-жұрағатының алдына ГМ-172/6 мекемесінің бастығы және оның орынбасары, сондай-ақ департамент бастығының орынбасары шығып, жауап берді, әскер кіргізілгені туралы ақпаратты жоққа шығарды. Видеожүздесу және телефонмен тілдесу мүмкіндігі ұсынылған. Жағдайдың жай-жапсары анықталған соң жиналған жұртшылық тарасқан екен. 

Елордаға ауысқанын неге қаламайды?

Дегенмен колонияның жабылуына байланысты сотталғандардың туыстарының қайтадан мазасы қашты. Өйткені жазасын өтеушілер тұрғылықты мекенінен, туыс-туғанынан жырақ кеткелі тұр.

"Ақтау қаласындағы ГМ-172/6 мекемесінің жабылуына орай әпкемнің заңды некедегі жолдасы Жалғасты Шымкенттегі ИЧ-167/2 мекемесіне ауыстыруды сұраған едім. Себебі жұбайымен кездесу үшін Нұр-Сұлтан қаласына бару отбасылық жағдайына және қаржысының жетіспеуіне байланысты әпкеме қиындық туғызайын деп тұр. Сонымен қатар оның Нұр-Сұлтанда тоқтайтын ешқандай туысы, танысы жоқ. Менің өзім Түркістан облысында тұрамын. Егер Шымкентке ауыстырғанда әпкем маған қонаққа келген сайын күйеуімен кездесуіне ыңғайлы болатын еді. Алайда шымқаладағы ИЧ-167/2 мекемесі сотталғандарға толып қалған деп, бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты. Ендеше Жалғасты ең болмаса, Жамбыл облысы ЖД-158/4 мекемесіне ауыстырсын деп сұрап отырмыз", – дейді Гүлсім.

Алайда бұл тілек те қабылданбайтынға ұқсайды.

"Сотталған Жалғасты Жамбыл облысында орналасқан мекемеге ауыстыру туралы өтініш қаралды. Қылмыстық-атқару кодексiнiң 88-бабының 4-1-бөлігіне сәйкес, сотталғандарды әлеуметтендіру үшін олардың әлеуметтік пайдалы байланыстарын қолдау – басқа мекемеге ауыстырудың міндетті шарттарының бірі болып табылады. Бірақ ол үшін тиісті мекемеде бос орынның болуы шарт. Бірақ Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ЖД-158/4 мекемесінде ұсталуға жататын сотталғандардың саны осы мекемеге белгіленген орындар лимитінен асып кетті. Сондықтан ол Қылмыстық-атқару кодексiнiң талаптарына сәйкес келмейді. Осыған байланысты әзірге сотталған Жалғасты сұралып отырған мекемеге ауыстыру мүмкін еместігін түсіндіреміз", – деп жазды ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов.

Жалпы Ақтауда жазасын өтеушілердің бірқатарының туыстары да өтінішпен жүгінген екен. Дегенмен жақын маңдағы түрмелердің толып тұрғанын біліп, өтініштерін қайтарып алған көрінеді.

Жасыратыны жоқ, елорданың түбінде, Аршалы кентінде орналасқан айрықша режимдегі ЕЦ-166/5 колониясында да мәселе жетерлік. Біраз жыл бұрын онда да "4 адам ішін тіліп тастады" деген қауесет тараған.

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің мәліметінше, қазіргі кезде 700-ден көп сотталған ұсталатын ол колонияда "ақ халатты" 11 медқызметкер ғана жұмыс істейді. Норматив бойынша олардың саны 16 болуы керек. Қызметкерлерінің кейбірі баспанамен қамтылмаған. Жалақылары да аз екен.

Таяуда, биылғы 4 қарашада Нұр-Сұлтан колониясында сәлемдемеде жасырылған телефон аксессуарларын өткізудің жолы кесілген. Жедел бөлімнің хаттарды тексеру және жеткізу жөніндегі инспекторы А. есімді сотталғанға жолданған хаттың ішінен ұялы байланыс құралдарына арналған аккумуляторлық батареялар, жинақтаушы флеш-карта және зарядтау құрылғысына арналған адаптерлерді тәркіледі.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу