Ақтөбе миллионер қалалар қатарына қосылуы мүмкін – облыс әкімі

5390

Оңдасын Оразалин inbusiness.kz порталына берген сұхбатында өңірдің дамуы, экологиясы мен эпидемиологиялық жағдайы сынды өзекті тақырыптар төңірегінде сөз қозғады.  

Ақтөбе миллионер қалалар қатарына қосылуы мүмкін – облыс әкімі

– Аймақтың короновирус инфекциясына байланысты қазіргі ахуалы жөнінде не айтасыз? Қиын кезеңнен қандай сабақ алдық? Келесі толқынға дайындығымыз қандай?

– Қазіргі кезде Ақтөбе облысында эпидемиологиялық ахуал бақылауда деп айта аламын. Дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында аурудың төмендеуі байқалады. Күзгі кезеңге инфекциялық стационарлардағы кереует санын 337-ден 487, провизорлық орталықтарда 1010-нан 3436-ға дейін ұлғайтылмақ. Сонымен қатар 403 (осыған дейін 103) реанимациялық керуеттер ашу жоспарланды. Бүгінгі күні 1547 ашылған төсек орынның 1371-і, яғни 89%-ы оттегімен қамтылған. Екі стационар орталықтандырылған оттекті және басқа медициналық газдарды беру жүйесімен қамтылған, бір стационарда жұмыстар жүргізілуде.

Бүгінгі таңда Ақтөбе облысында 369 дәріхана жұмыс істейді. Он үш дәріхана қоймасы бар. Күзгі кезеңге тұрақтандыру қорын қалыптастыру үшін КВИ емдеуге дәрілік заттардың 52 атауы комиссиялық түрде таңдалды. "Ақтөбе" ӘКК жанында облыстың дәріхана желісінде сатылатын 52 түрлі дәрі-дәрмектер сатып алынуда. Осылайша, екі айға жететін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіліп отырмыз. Сонымен қатар, жеке дәріханалық желілермен сауданың үстеме бағасын өзіндік құнынан 10%-дан асырмау жөнінде меморандум жасалды. Стационарлар мен провизорларда дәрі-дәрмектің отыз және жеке қорғану құралдарының қырық күнге жететін, қоймаларда екі айға жететін дәрі-дәрмек қоры жасақталды.

Біз бұл індетті ел болып қана жеңеміз. Өйткені, мұнда тек медициналық дәрі-дәрмек пен әдіс-тәсіл емес, ауызбіршілік, бірлік, тәртіп, ниеттестік  қажет. Біріксек бізге қарсы келер ауру да, қауіп те болмайды. Үкімет тарапынан жасалып жатқан іс-әрекетке қолдау білдіріп, бәріміз бір адамдай тәртіпке бағынайық!

– Пандемия кезінде бірден-бір зардап шеккен топ – кәсіпкерлер. Жергілікті кәсіпкерлердің карантиннен барынша аз шығынмен шығуы және бизнесін қалпына келтіру үшін әкімдік тарапынан жасалып жатқан шаралар бар ма?

–  Облыста пандемияға және шектеу шараларына қарамастан 60,5 мың шағын және орта бизнес субъектілері қалыпты жұмыс жасап тұр. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 3,6%-ға жоғары. Айта кетейік, бұл Мемлекет басшысының бастамасымен болған дағдарысқа қарсы шаралардың арқасында мүмкін болып отыр.

Аймақта ШОБ субъектілерін жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы басталып, облыс аумағы бойынша құны 25,8 млрд теңге сомасын құрайтын 103 жоба банктер тарапынан мақұлданды. Бұдан бөлек, ШОБ субъектілеріне негізгі қарызды төлеу мерзімін кейінге шегеру қарастырылған. Өңір бойынша құны 19 млрд теңгені құрайтын бір мыңнан астам кәсіпкердің несиесі кейінге шегерілді.

Бұдан басқа, "Бизнестің жол картасы-2025", "Қарапайым заттар экономикасы", "Еңбек" мемлекеттік бағдарламалары бойынша өзгерістер енгізіліп, несиелік мөлшерлемесі 6 пайызға дейінгі көрсеткіш қалыптастырылып, несие беру салалары кеңейтілді. Сонымен қатар, аталған бағдарламалар бойынша қаржыландыру көлемі артып, жалпы өңір бойынша кәсіпкерлікті қолдауға ағымдағы жылы шамамен 20 млрд теңге көлемінде қаржы бағытталады. Нәтижесінде, бүгінгі күні аталған бағдарламалар аясында 871 жобаға қолдау көрсетілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға  жоғары.

Кәсіпкерлердің  сұрақтарын жедел қарайтын құрамында жергілікті атқарушы билік өкілдері, қадағалау органдары, кәсіпкерлердің өңірлік палатасы, қауымдастықтар мен бизнес субъектілері өкілдерінен құралған жұмыс тобы қызмет етеді. Сондай-ақ, сауда объектілерінің басшыларымен жалдау ақысына қатысты жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде жеңілдіктер беру туралы шешімдер қабылданды. Онлайн жеткізу бойынша жұмыс істейтін жалға алушылар сауда орындары мен қоймаларды пайдалану кезінде құнының тең жартысын ғана төлейді. Сауда үйлерінің 88%-дан астамы жалға алушыларды жалға беру ақысын төлеуден толығымен босатты.

Пандемия кезеңінде "Grant ADAL" ЖШС, "ТК Фарм Ақтөбе" "КЕНТАВР" әлемдік сапа стандарттарына сәйкес келетін антисептиктер өндірісін жолға қоюына байланысты жергілікті атқарушы органдар  өндіріс орындарына барынша қолдау көрсетіп, барлық қажетті сертификаттарды алу үшін жобаларды "қолдан" сүйемелдеу жұмыстарын жүргізді.

Әкімдік тарапынан бизнеске жан-жақты қолдау көрсетілуде, біздің мақсатымыз - кәсіпорындардың іскерлік белсенділігін қалпына келтіру және жақсарту.

– Өңірдегі жұмыссыздық деңгейі жөнінде айтсаңыз? Өнеркәсіп орындарынан қысқарған жұмысшылар саны қанша, жұмысқа орналастыру мәселесі қалай шешілуде? Қанша бос жұмыс орны ашылды?

 – Ақтөбе облысында 2020 жылдың екінші тоқсанында барлық жұмыссыздар саны 21 408 адам құрады, жұмыссыздық деңгейі 4,9% болып тұр. Бүгінгі күні жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген жұмыссыздар саны – 8785 адам. Олардың барлығы әлеуметтік қолдаудың қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, қысқа мерзімді оқыту, жұмыссыздық бойынша жәрдемақы сынды түрлі шараларымен қамтылған.

2020 жылғы 13 тамыз күнгі дерек бойынша, он кәсіпорыннан қысқартылған жұмыс кестесі көшу туралы мәліметтер уәкілетті органдарға түсті. Көрсетілген мекемелерде 5254 адамнан 727 адам немесе 13% қысқартылған жұмыс кестесіне; 72  адам толық емес жұмыс күніне көшкендер; 641 адам жұмыстын уақытша тоқталуына байланысты 50% еңбек ақымен қамтылуда; тағы 14    адам жалақысы сақталмайтын еңбек демалысында. Сонымен қатар, осы жылдың басында өңірде үш кәсіпорыннан 37 адам қысқартылды. Қысқартылғандардың барлығы жұмыспен қамту шараларымен қамтылған. Жұмыс берушілердің мәліметі бойынша жаппай қысқартулар жоспарланбаған.

Облыста 2020 жылдың 1 тамызына 15092 жаңа жұмыс орны құрылды, бұл жоспардың 63,9%-ын құрайды, оның ішінде 7816-сы тұрақты жұмыс орны. Еңбек нарығында тұрақты жағдайды және жұмыс орындарын сақтауға бағытталған шаралардың күшейтіліп отырғанын айта кеткім келеді.

– Облыста әсіресе, өндірісі бар өңірлердің экология жағдайын жақсарту бағытында қандай шаралар атқарылуда? Ақтөбе экоеріктілерінің ағаш кесуге он жылға дейін мораторий жариялау жөніндегі ұсынысы жөнінде не айтасыз?

– Ақтөбе облысы - бірегей минералды-шикізат базасы бар қарқынды дамып келе жатқан индустриялық орталықтардың бірі. Облыс аумағында мұнай-газ, тау-кен өндіру, өңдеу және қайта өңдеу өнеркәсібі дамыған.

Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының ескірген №1 және №2 цехтарын жаңғырту, ілеспе мұнай газын кәдеге жаратуды 98,5%-ға жеткізуді, қорғаныштық-рекреациялық орман екпелерін құруды және басқа да шараларды қамтитын 2020-2024 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді.

Қазіргі уақытта қаланың өзекті экологиялық проблемасы күкіртсутек шығарындыларымен бірге жағымсыз иістердің болуы болып табылады. Экология департаменті жүргізген мониторинг нәтижелері бойынша күкіртсутегі шығарындыларының көздері анықталды. Бұл қалалық кәріз желілері, моральдық және физикалық тұрғыдан ескірген кәріздік тазарту құрылыстары мен кәріздік сорғы станциялары. Қала әкімдігінің тапсырмасы бойынша 20 тамыздан бастап "Aqtobe su-energy group" АҚ негізгі КСС-да катализаторларды қолдану жұмыстары басталды. Бұл жұмыстар 2018 жылы оң тәжірибе берген болатын.

Қазір тазарту имараттарын жаңғыртуға қатысты қазіргі уақытта  техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Оң қорытынды алынғаннан кейін жобалық сметалық құжаттама әзірленетін болады. Жобаны қаржыландыру Еуропа қайта құру және даму банкінің қарыз қаражаты есебінен жоспарлануда.

–  Ақтөбе облысында өнеркәсіп орындарынан шыққан химиялық зиянды қалдықтардың жойылмай қалатыны, тұрғындар мен төрт түлік малға зиянын тигізетіні, ауаны-суды ластайтыны жөнінде қоғамдық ұйымдар мен БАҚ жиі дабыл қағып жүр. Бұл проблеманы шешудің жолы қандай?

 – Облыстың тарихи сипаттағы экологиялық проблемаларының бірі - бұрынғы Алға химия зауыты аумағында орналасқан қауіпті өнеркәсіптік қалдықтар  мәселесі. Жоғарыда айтылғандай, әзірленген кешенді жоспар бойынша Алға химия зауытының қауіпті қалдықтарын жою қарастырылған.

Жұмыс жобасын республикалық меншіктен коммуналдық меншікке беру бойынша жұмыстар жүргізілді. Сараптама қорытындысына сәйкес, жобаны іске асыру үшін 7 757,853 млн теңге көлемінде қаржы қажет. Бюджеттік өтінімге сәйкес, 2020 жылға қарастырылған қаражат бөлінді. Алайда "Эко Қамқор" Қоғамдық ұйымының шағымына байланысты қазіргі уақытта жобаны іске асыру уақытша тоқтатылған.

Сондай-ақ, қайта өңдеусіз немесе залалсыздандырылусыз жалға алынған жер учаскелерінде орналастырылған Ақтөбе ферроқорытпа зауытының қалдықтарын бөгде ұйымдарға берілуіне қатысты мәселелер  бар. Экология департаменті қолға алған шаралар нәтижесінде Ақтөбе ферроқорытпа зауытымен  қалдықтарды өз еркімен шығару және қайта өңдеу мәселесі қарастырылуда.

–  Ақтөбе қаласын "сегіз өзен орналасқан қала" деп атайды. Алайда, соңғы жылдары қала тұрғындары Сазды, Қарғалы және басқа да өзендердің тартылып бара жатқанына алаңдауда.

–  Ақтөбе қаласы маңындағы өзендердің су тапшылығы 2018-2020 жылдар аралығындағы қысқы мезгілдегі жауын шашынның аз түсуіне байланысты  пайда болды. Ақтөбе қаласы маңындағы Сазды өзенінің арнасын сумен толтыру үшін "Қазсушар" РМК Астана қаласы бөлімінің тапсырысымен "Сазды өзенінің арнасына Ақтөбе су қоймасынан суағар салу жолымен Ақтөбе қаласының жасыл аймағының инфрақұрылым объектілерін дамыту" жобасын жасау үшін  "ТехникаРемстрой" ЖШС Жаса консорциумымен" 1,525 млн теңгеге келісім-шарт жасалып, оның 1,056 млн теңгесі игерілді.  Жобаның мақсаты - Ақтөбе қаласында ауыз су шығынынсыз жасыл желектерді үнемі суаруды жолға қою, Ақтөбе қаласының жасыл аймағының су-көлік инфрақұрылымы объектілерін дамыту үшін жағдай жасау. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамаларға түзетулер енгізіліп жатқандықтан, құрылыс-монтаж жұмыстары тоқтап тұр.

Сонымен қатар, Ақтөбе қаласы әкімдігінің тапсырмасымен Сазды су қоймасынан 5 ұңғыма салу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл іс-шара Сазды өзенінде суды сақтап қалуға септігін тигізбек. Жұмыстар аяқталуға таяу.

– Ақтөбе өндіріс саласы дамыған әрі жан-жақты аграрлы-индустриалды аймақ саналғанына қарамастан, орташа айлық жалақы көлемі жоғары емес. 2018 жылы халықтың 57%-ы облыс бойынша көрсетілген жалақы деңгейінен де төмен қаражатқа өмір сүрген. Бұл мәліметтер қаншалықты шынайы?

–  Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысында орташа айлық жалақы 172,5 мың теңгені құрады. Шынында да, өңір бұл көрсеткіш бойынша көш басында тұрған жоқ, алайда былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда жалақының 16%-ға өскенін атап өту қажет. Бұдан басқа, өңірдегі инфляция ескерілетін нақты жалақы индексі 109,6%-ды құрады, бұл да оң көрсеткіш болып табылады.

Сонымен бірге, орташа айлық жалақы халықтың өмір сүру деңгейін сипаттайтын жалғыз көрсеткіш емес екенін ұмытпаған жөн. Мысалы, халықтың орташа жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары бар, олар ағымдағы жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша 283,1 мың теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9%-ға жоғары. Нақты ақшалай табысқа келетін болсақ, мұнда өсім 3,9%-ды құрап отыр.

 –  Облыста көші-қон процесі қандай тенденцияға ие? Білікті мамандар басқа елдерге көптеп кетіп жатыр деген пікір шындыққа жанаса ма? Аймақ үшін аса қажетті кадрларды тұрақтандырудың қандай тетіктері қарастырылған?

–  Бүгінгі таңда біздің өңірде көші-қон сальдосы 2020 жылғы алты айдың қорытындысы бойынша теріс мәнге ие, ол - 399 адамға тең. Бұл облыстан кеткендердің саны көптігін көрсетеді. Алайда, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш айтарлықтай жақсарды, себебі, 2019 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша, сальдо -1 352 адамды құраған еді. Мамандардың басқа елдерге кетуіне келетін болсақ, біздің облысты білікті қызметкерлердің көп бөлігі тастап кетеді деп айтуға болмайды. Сонымен қатар, аймақта шетелдік жұмысшылар да өз қызметін жүзеге асырады. Осылайша, ағымдағы жылдың басынан бері облыстың 42 ірі және орта кәсіпорны 22 мыңнан астам қызметкердің жалақысын орта есеппен 17%-ға, мұнай-газ секторында орта есеппен 15%-ға көтерді.

– Ақтөбе қаласына ауылдық жерлерден, көршілес Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан да көшіп келушілер көп көрінеді. Облыс үшін урбанизация процесінің қазіргі маңызы, салдары, проблемалары жөнінде не айтасыз?

–  Урбанизация табиғи процесс екенін түсіну керек, оның үстіне Ақтөбе қаласы елдер агломерациясының 4 орталығының бірі ретінде айқындалды. Облыста урбанизация деңгейі 71,4%-ды құрайды, бұл облыс орталығында халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін жағдай жасалғанын білдіреді. Бұл ретте, ауылдық елді мекендерді дамытуға көңіл бөлінбейді деп айтуға болмайды, мысалы, биыл "Ауыл – ел бесігі" арнайы жобасы аясында 4,8 млрд теңгеге 32 жоба іске асырылуда. Тұтастай алғанда, урбанизация процесі Ақтөбе қаласының миллионер қала болу мақсатына қол жеткізуге ықпал етеді деп айтуға болады.

–  Сұхбатыңызға рақмет!

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу