Ақтөбе облысында улы шөпке байланысты карантин енгізілуі мүмкін

4307

Карантин нысандарының таралу ошақтары оқшауланып, жойылады.

Ақтөбе облысында улы шөпке байланысты карантин енгізілуі мүмкін

Ақтөбе облысы әкімдігінің "Карантиндік режимді енгізе отырып, карантинді аймақты белгілеу туралы" қаулысының жобасы жария етілді. Өйткені бұл өңірдің біраз елдімекенін аса қауіпті өсімдік басып барады.

"Біріншіден, осы қаулының 1-қосымшасына сәйкес шаруашылық жүргізуші субъектілер аумағында жатаған укекіре бойынша карантин режимін енгізе отырып, карантинді аймақ белгіленсін. Екіншіден, осы қаулының 2-қосымшасына сәйкес жатаған укекіре ошақтарын анықтау, оқшаулау және жою бойынша шұғыл шаралар жүргізу жөніндегі іс- шаралар бекітілсін", – делінген құжатта.

Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы басқармасының түсіндіруінше, өңір аумағында карантин режимі енгізіліп, зиянды карантиндік нысанның таралу ошақтарын анықтау, оқшаулау және жою шаралары жүргізіледі. Залалданған астық пен жем-шөп өртелуі ықтимал. Ауылдардағы үй-жайлар, қора-қопсылар, автокөлік пен техника атаулы зарарсыздандырылады және тазартылады.

Жатаған укекіре (аcroptilon repens) астық дақылдарына орасан зор кесірін тигізетін көп жылдық арамшөп. Оның отаны – Орталық Азия. Ол өз тұқымынан және тамыр жүйесінен улы химиялық заттарды бөлу арқылы өзге өсімдіктерді улап, құртады. Бұл арамшөп сондай-ақ үй және түз жануарларына, әсіресе, жылқы үшін өте зиянды. Оның үстіне 1 шаршы метрлік алақандай ғана жерге 100 сабаққа дейін топталып, шоғырланып өсетін жатаған укекіренің тереңге таралатын қалың тамыр жүйесі аграршылардың топырақты өңдеу жұмыстарын қиындатып, үлкен әуреге салады, шығынын арттырады.

"Неге ауыл шаруашылығы өндірушілері жатаған укекіреге үнемі шағымданады? Барлығының айтатыны сол. Өйткені өзге карантиндік нысандарға қарағанда, дәл осы арамшөпті түп тамырымен жою қиын. Егістік не шабындыққа жатаған укекіре бір түскен екен, онда ұзақ жылдарға сонда қалады деген сөз", – дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, өсімдіктерді қорғау зертханасының жетекші ғылыми қызметкері Григорий Стецов.

Ақтөбе облысының шағын шаруашылықтары бұл карантиндік өсімдікпен күресу үшін қолмен, техникамен гербицидтер төгуде. Ал ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындары осы мақсатта авиацияны пайдаланбақ.

"Ауыл шаруашылығы өндірушілер жақсы біледі, егер жатаған укекіре егін ору кезінде астыққа түсіп кетсе, элеваторлардың зертханалары астық сыныбын автоматты түрде төмендетіп тастайды. Ондай астықты шетелдік нарыққа сатудан үміттенбей-ақ қоюға болады. Сондықтан химиялық өңдеуге аграршылар жіті көңіл бөледі. Мемлекет адал өндірушілерді қолдап жатыр. Гербицидтерін сатып алуға шығарған шығындарын жабуы үшін шаруашылықтарға субсидия бөлінуде", – дейді өңірдегі ең астықты аудандарының бірі – Әйтеке би ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Бердібай Байрахметов.

Сонымен, карантин Ақтөбе облысының Әйтеке би, Алға, Ырғыз, Қарғалы, Қобда, Мәртөк, Мұғалжар, Хромтау, Шалқар аудандарында, сонымен қатар Ақтасты, Әйке, Жамбыл, Комсомол, Қызылжұлдыз, Сұлукөл, Ақай, Бесқоспа, Қарабұлақ, Қарағаш, Қарақобда, Қарақұдық, Маржанбұлақ, Сарықобда, Тамды, Үшқұдық, Ырғыз, Әлімбет, Ащелісай, Бадамша, Велиховка, Желтау, Кемпірсай, Қосестек, Степной, Бегалы, Бұлақ, Өтек, Құрманов, Аққұдық, Байторасай, Хазрет, Жайсан, Қарашай, Қараторғай, Қызылжар, Байнасай, Құрмансай, Родников, Еңбек, Қандыағаш, Абай, Табантал, Ақжар, Аққұдық, Құдықсай, Қызылсу, Тассай, Дөң ауылдары мен ауылдық округтерінде енгізіліп отыр.

Бұған қоса, Ақтөбе облысы бойынша барлығы 151 шаруашылықта – жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, шаруа қожалықтары және ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егістіктері мен шабындықтарында, бос жатқан мемлекеттік жер қорында да карантин жарияланады.

Сондай-ақ карантиндік шаралар Самара–Шымкент, Ақтөбе–Қандыағаш, Ақтөбе–Болгарка, Алға–Тоқмансай, Жерұйық–Қарабұлақ, Алға–Үшқұдық, Қобда–Ойыл секілді біраз автожол бойын да қамтиды.

Жатаған укекіре тіпті Ақтөбе қаласына да кіріп кеткен, қаланың "Алматы" және "Астана" аудандарында да жалпы көлемі 1600 гектарға жуық залалданған жерлер анықталды. Оларда да карантиндік шаралар қолға алынбақ.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу