Ақтөбе өңірінде "алтын безгегі" басталды

3874

Облыс әкімдігі өз бетінше бағалы метал іздегісі келетіндерге орын бөлді.  

Ақтөбе өңірінде "алтын безгегі" басталды

"Ақтөбе облысы бойынша кен іздеу үшін аумақтарды айқындау туралы" қаулы жобасына сәйкес, осы өңірдегі қазақстандық "Клондайк" қай жерде екені жарияланды.

Алтын іздегісі келетін азаматтарға Мұғалжар ауданындағы "Мыңжасар" кен орны, Шалқар ауданындағы "Пограничный", "Тастысай" кен орындары, сондай-ақ Хромтау ауданындағы "Қара тас" учаскесі бөлінді.

Ақтөбе облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дархан Ермағамбетовтың мәліметінше, "Мыңжасар" алтын кен орны "Юбилейный" кенішінен солтүстік-шығысқа қарай 60 шақырым, ал "Новогодный" ауылынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан.

Онда кеңес кезінде, 1961-1963 жылдары анық көрінетін алтыны бар бірінші алтын желі табылып, ашылған. 1991 жылдары кен орнында іздеу-бағалау жұмыстары жүргізілді, оның кені және алтын қоры 1993 жылы №75 хаттамамен бекітілді.

Кен орнында борлы тілімдердің бойымен жықпылдарда орналасқан 4 кварцты кенді желі бар. Үш желі бір-бірінен 50-200 метр ара қашықтықта, ал төртіншісі осы топтан солтүстікке қарай 2 шақырым қашықтықта тұр.

"Алтын көрсең, белден қаз" деген қағида бұл жерге жүрмейді, асыл тас әлдеқайда тереңіректе деседі: желі қабаты бірнеше сантиметрден бастап, 2 метрге дейінгі аралықта, ал кей жерде белгіленген кендерімен бірге 3,7 метрге дейінгі тереңдікте шашылып жатыр.

Алтынның шоғырлануы біркелкі емес, бір жерінде көп, бір жерінде аз. Алтыны аз тұстары алтыны он есе көп жермен кезектесіп отырады. Әсіресе бұл №19 желіге тән.

Ұлы ақын жырлап кеткен "самородный сары алтын", яғни табиғатты өзі құйған таза күйінде – қабыршақ және 0,5х1х1,5мм дейінгі өлшемдегі жұқалтыр (0,01м) түрінде кездеседі.

"Негізгі параметрлері алтынның ернеу кенідегі құрамы – 1 тоннада 3 грамм, есептеу блогындағы Au төменгі өндірістік құрамы 8 г/т-дан аз емес, берілген игеру тереңдігі – 15 метр", – делінген құжатта.

Мұнша алтын өнеркәсіптік көлемде игеруге жарамайды. Өйткені ірі инвесторлар әр тоннасында алтыны 20 грамнан жоғарғысына қызығушылық білдіреді. Сондықтан кен орны өз бетімен алтын іздейтін қарапайым "старательдерге" беріліп отыр.

"Пограничный" кен орнының алтыны бұдан әлдеқайда көбірек болса керек: ол Шалқар ауданындағы "Бершүгір" теміржол стансасынан солтүстік-шығысқа қарай 35 шақырым қашықтықта орналасқан. 1972 жылы 1:10000 масштабта кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізу нәтижесінде ашылды.

"Кендену кварцты желілермен және негізгі құрамның метасоматикалық өзгерген жыныстарымен байланысты. ССВ-тік жайылған 3 кенді желі түрінде ұсынылған. Жайылу көлемі 49 метрден 81 метрге дейін өзгереді, құлауы бойынша 19 метрден 40 метрге дейін, қуаты – 0,3 метрден 3,3 метрге дейін, есептік блоктар бойынша алтынның орташа мөлшері тоннасына 5,5 грамнан бастап 14,5 грамға дейін құбылады. Кен алтынды-кварцты болып келеді, арсенопириттің, пириттің және халькопириттің сирек теңбілдері бар", – деп хабарлайды Ақтөбе облысының әкімдігі.

Үлкен қызығушылық тудыруы ықтимал "Тастысай" кен орны да "Бершүгір" темір жол стансасынан солтүстік-шығысқа қарай 12 шақырым жерде жатыр. Ол 1979 жылы 1:10000 масштабта кешенді жұмыстар жүргізу нәтижесінде ашылды. Іздеу жұмыстары 1980 жылы жалғастырылды. Қоры 1981 жылғы ҚОК №25-хаттамасымен бекітілді.

Кен орны негізгі кен аймағынан және оның жанындағы кенді аймақтан тұрады. Негізгі алтынды аймағының ұзындығы 180 метр. Бағалы металы біркелкі таралмаған. Кей жерінде 543,3г\т дейін жетеді. Орташа алғанда, әр тоннасына 23,5 грамнан келеді.

Алтын табиғи құйма түрінде де, сондай-ақ темір гидроксидтері түрінде де табылады.

"Қара тас" ("Черный камень" деп те атайды) учаскесі "Хромтау" ауданында ("М-40-95-В-в" бетінде) орналасқан. 1962–1963 жылдары Ақтөбе кешенді геологиялық-барлау экспедициясы батыс және оңтүстік учаскелерде серпентиниттер мен желдеу қабығында іздеу жұмыстарын жүргізеді. Сонда спектральды талдау нәтижесінде құрамында 0,03 г/т дейін алтын бар листвениттер мен қоңыр бездердің барлығы анықталды.

Листвинитизация процесі мыс-кобальт кендерін және алтынды іздеушілер үшін белгі болып табылады.

Әрине, бұл іс әркімге-ақ қолжетімді болғанымен, одан әрбір адам байып кете алмайды. Алтын іздеушілердің қандай қиындықтарға жолығатынын Discovery арнасы көп жылдан бері "Алтын безгегі/Gold Rush" сериясындағы бағдарламаларында көрсетіліп келеді.

Дегенмен, биліктің жеке старательдерге кен орындарын заңды түрде бөле бастауы бір жағынан, заңсыз іздеушілерді көлеңкеден күнгейге шығарудың амалы болса, басқа жағынан ол – өркениеттің нышаны саналады. Оның үстіне шетелден де осы бағыттағы туристерді тартуға мүмкіндік болмақ.

Алтын іздеуші азаматтарға жергілікті атқарушы органнан лицензия алуға және жыл сайын лицензиялық алым төлеуге тура келетіні бұдан бұрын хабарланды. Алым ставасы жер учаскесінің көлеміне байланысты болады және 5 АЕК-ке дейін жетеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу