Ақтоғай жобалық қуаттылыққа шықты

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
2815

Кен байыту фабрикасы осы жылдың қорытындысы бойынша 70-85 мың тонна мыс өндірмек.

Ақтоғай жобалық қуаттылыққа шықты

KAZ Minerals тобы іске қосу-реттеу жұмыстарындағы үздіксіз ілгерілеудің нәтижесінде сульфидті кенді қайта өңдейтін Ақтоғай кен байыту фабрикасы өндірістің жобалық деңгейіне жетті деп хабарлады. Ақтоғай сульфид фабрикасына қатысты өнімді сатудан түскен табыс, операциялық және пайыздар бойынша шығындар топтың 2017 жылдың қазан айындағы табыстар мен шығындар жөніндегі есебінде жарық көрмек.

Кәсіпорын 2017 жылы 70-85 мың тонна өнім алады деген болжам бар. Тіпті одан асып түсуі де ықтимал. Кеннің жоғарғы қабатындағы мыс үлесінің күтілгеннен әлдеқайда жоғары болуы және сульфидті кенді өңдейтін байыту фабрикасындағы өндірістің артуы дәл осындай болжам жасауға мүмкіндік беріп отыр.

2017 жылдың үшінші тоқсанындағы өндірістік нәтижелер топтың 2017 жылғы 26 қазандағы өндірістік және менеджменттің аралық есебінде жария етіледі.

KAZ Minerals тобының басқарма төрағасы Олег Новачук былай дейді: "Біздің өркендеуге арналған ірі жобамыздың екіншісі - Ақтоғай кен байыту фабрикасының өндірістің жобалық деңгейіне жеткенін қуана хабарлаймын. Осы жобалардың құрылысы кезінде және өндіріс қарқынын арттыру барысында біз өзіміздің өндірістік және қаржылық мақсаттарымызды іске асыра алдық. Енді биыл – Бозшакөлдің, ал 2018 жылы Ақтоғайдың есептік қуатқа жету сәтін асыға күтеміз".

Мыс бағасының өсіміне байланысты 2017 жылдың алғашқы жартыжылдығында KAZ Minerals 291 млн доллар табыс тапқандығы бұған дейін хабарланған болатын. Бірінші жарты жылдықта KAZ Minerals тобы 118 мың тонна мыс өндірді. Бұл былтырғы көрсеткіштен (56 мың тонна) екі есеге артық.

Павлодар облысындағы Бозшакөл кен байыту комбинатында бірінші жартыжылдықта 52 мың тонна мыс өндірілді. Бұл 2016 жылдың алғашқы алты айымен салыстырғанда бес есе көп. Шығыс Қазақстан облысындағы Ақтоғай кен байыту комбинатының кәсіпорындарында өндірілген мыс көлемі – 33 мың тонна. Оның ішінде 22,6 мың тонна – мыс сульфидті кеннен, ал 10,4 мың тонна катодты мыс оксидті кеннен өндірілген. Шығыс өңір мен Қырғызстандағы Бозымшақ кен байыту комбинатындағы мыстың өндірісі 19%-ға (2016 жылдың бірінші жартыжылдығы – 40,8 мың тонна) азайып, 33 мың тоннаға тең болды.

KAZ Minerals бірінші жартыжылдықта 32 мың тонна концентраттағы мырыш, 93 мың унция алтын, 1,76 млн унция күміс өндірді. Өндіріс көлемінің артуы және шикізат бағасының өсуі сатылымнан түскен жалпы табысты 2,3 есе арттырып, 837 млн долларды құрады (2016 жылдың бірінші жартыжылдығы - 363 млн доллар).

Жобалық өндіріске дейінгі кезеңдегі сатылымды есептемегенде, сатылымнан түскен табыс – 721 млн доллар. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда (2016 жылдың бірінші жартыжылдығы – 302 млн доллар) 139%-ға артық. Сатылымнан түскен табыстың артуы мен төмен операциялық шығындардың нәтижесінде жалпы EBITDA 505 млн долларды құрады (2016 жылдың бірінші жартыжылдығы – 147 млн доллар). Жобалық өндіріске дейінгі кезеңдегі табыстары қарастырылмаған EBITDA көрсеткіші – 429 млн доллар (2016 жылдың бірінші жартыжылдығы – 115 млн доллар).

2017 жылдың бірінші жартысында Лондон металдар биржасындағы мыстың бағасы тоннасына 5748 долларды құрады. 2016 жылдың сәйкес кезеңіндегі баға тоннасына 4701 доллар шамасында болған еді. Есептік кезеңдегі операциялық табыс – 291 млн доллар. Бұл 2016 жылдың алғашқы жартыжылдығымен салыстырғанда 223 млн долларға артық. Қарыздар бойынша пайыздық мөлшерлемені төлегенге дейінгі еркін ақша ағымы операциялық іс-қызметтен түскен қаражаттың артуы арқасында 269 млн долларға дейін жетті. 2016 жылдың бірінші жартысында бұл көрсеткіш 20 млн доллар еді.

Еркебұлан Қыздарбек, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу