Ақылы оқитын студенттер білім алуға жылына қанша қаржы жұмсайды?

3059

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес елдегі университеттер оқу ақысын өздері белгілейді.

Ақылы оқитын студенттер білім алуға жылына қанша қаржы жұмсайды? Фото: canva.com

Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанда 112 жоғары оқу орны бар. Студенттер қаласы атанған Алматыда 37 ЖОО болса, Астанада – 14. Шымкент және Қарағандыда 8 университеттен бар. Меншік нысанына қатысты бөлетін болсақ, республикада 44 мемлекеттік, 67 жеке меншік, 1 шетел меншігіндегі жоғары оқу орны бар.

Жақында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек отандық университеттердегі ақылы оқу құнына қатысты пікір білдірді. Сөзінше, көптеген университетте оқу ақысының құны мемлекеттік грант құнынан әлдеқайда төмен.

"Мәселен, ұлттық университеттердегі грант құны 1 млн 200 мың теңге болып белгіленген, ал бір жылдық оқу ақысының құны 500-550 мың теңге маңайында. Әрине, КИМЭП, Нархоз секілді жеке меншік ЖОО-лардағы оқу ақысы жоғары. Бірақ олар білім сапасына жауап береді. Мемлекеттік университеттерді қатаң бақылап отырамыз. Баға диапазонын грант құнына қарағанда төмен деңгейде ұстауға тырысамыз. Сондықтан да бұл мәселе бақылауда тұр", - деді министр.

Ведомство басшысының жауабына сүйене отырып, алдымен өңірлік университеттердегі жағдайға тоқталсақ.

Мәселен, Петропавлдағы Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде бір жылдық оқу ақысы 505 мың теңгеден басталады. "Фармация" (719 мың теңге), "Жалпы медицина" (760 мың теңге) мамандықтарында оқитын студенттер біршама жоғары төлейді. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде білім алу құны – 496 мың теңге. Тек бірлі-жарым мамандық түрлерінде оқу үшін 596 мың теңге төлеу қажет. Қостанайдағы Байтұрсынов атындағы өңірлік университетте білім алып жүрген студенттер 546 мың теңге төлейді.

Астана, Алматыдағы оқу ақысы өзге қалалармен салыстырғанда ерекшеленеді. Ұлттық мәртебесі бар ЕҰУ, ҚазҰУ-дағы білім алу құны 1 млн теңгеден жоғары.

Жалпы республика бойынша жеке меншіктегі ЖОО-лардың дені Алматыда орналасқан (25). Кейбір жеке меншік университетте ақылы оқитын  студенттер 1,2 млн теңгеден бастап қаржы жұмсауға мәжбүр. Ал екі ЖОО-да (КИМЭП, NU) оқу ақысы тіптен шарықтап тұр. Бұл университеттерде ақылы негізде оқу екінің бірінің қалтасын көтере бермейтіні анық. Себебі оларда білім алуға жылына 3 млн теңгеден жоғары қаражат керек.

Айта кетерлігі, еліміздің университеттерінде ақылы оқу құны таңдаған мамандыққа байланысты өзгеріп отырады. Осындай тенденцияны мемлекеттік қана емес, жеке меншіктегі білім ордаларынан да көруге болады.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, ЖОО-ларда 606 394 студент білім алады. Оның ішінде 245 347-сі мемлекеттік тапсырыс бойынша, ал 361 047-сі ақы төлеп оқиды.

"Ерекше мәртебесі бар жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқу жылына мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде 1 студентті оқытуға жұмсалатын орташа шығыстар 1 млн теңгеден астам соманы құрайды. Мысалы, педагогикалық бағыттарда – 1139,2 мың теңге, техникалық даярлау бағыттарында ерекше мәртебесі бар ЖОО-да – 1 111,4 мың теңге", - делінген ведомство жауабында.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, мемлекеттік жоғары білім ұйымдарында оқитын студенттердің үлесі 45,1% болса, жеке меншік ЖОО-ларда – 54,1%, шетелдік меншіктегі білім беру ұйымдарында – 0,7%.

"Басқа қалалардан келген студенттердің жалпы саны 313,1 мың адамды құрады. Жатақханаға мұқтаж студенттер саны – 134,6 мың адам, оның ішінде 93,5 мың студент жатақханада тұрады. Соңғы 5 жыл ішінде жоғары білім білім беру бағдарламаларын жүзеге асыратын ұйымдардың саны 9,6%-ға қысқарды. 2018-2019 оқу жылымен салыстырғанда студенттер саны 9,3 пайызға артса, 2019 жылдан бастап көрсеткіштің төмендеуі байқалады", - делінген хабарламада.

Материалда университеттердегі оқу ақысына ғана тоқталдық. Ақылы негізде білім алып жүрген студенттердің пәтер жалдау ақысына (егер жатақханаларда орын болмаса), коммуналдық төлемге, негізгі қажеттіліктеріне кететін шығындары есепке алынбады.

Сарапшылар ЖОО-ларға баға белгілеу саясатында еркіндік берілгеннен кейін олардың оқу ақысын қымбаттатып отыруға мүдделі екенін жасырмайды. Оны жылда өзгеріп отыратын академиялық кредит деңгейінен-ақ байқауға болады. Инфляция мен елдегі экономикалық ахуалдың өзгерісі де білім алу құнының деңгейіне әсері бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу