Ақылы жол жүргізушілердің жүйкесін жұқартты

4675

Сапасыз жол мен жанар-жағармайдың қымбат бағасы және арзан тасымал құны жүк көлігі жүргізушілерінің шыдамына ши жүгіртті. 

Ақылы жол жүргізушілердің жүйкесін жұқартты

Төзімі таусылып, сабыры шайқалған азаматтар еліміздің 9 өңірінде наразылық акциясын ұйымдастырды. Олар бұл қадамға еріккеннен, желіккеннен барған жоқ.

Бұған дейін "ҚазАвтоЖол "ҰК" АҚ баспасөз қызметі маусым айынан бастап ұзындығы 5 800 шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар 18 жол учаскесі (Шымкент-Өзбекстан шекарасы, Орал-Ресей Федерациясының шекарасы (Саратов), Орал-Ресей шекарасы (Самара), Ресей шекарасы (Орынбор)-Ақтөбе, Щучинск-Петропавл, Шымкент-Қызылорда, Шымкент-Тараз, Тараз-Қайнар, Қапшағай-Талдықорған, Қарабұтақ-Қызылорда, Ақтөбе-Орал, Атырау- Бейнеу- Өзбекстан шекарасы, Ақтау-Бейнеу, Қостанай-Ресей шекарасы (Троицк), Нұр-Сұлтан-Қостанай, Павлодар- Ресей шекарасы (Омбы), Нұр-Сұлтан-Павлодар, Павлодар-Семей-Қалбатау) ақылы болатынын хабарлады. Бірақ нақты қай күннен бастап ақы алынатынын жариялаған жоқ. Бұл туралы "Қазавтожол" ұлттық компаниясының ресми өкілі Диас Ахметшәріп: "Белгіленген жол учаскелерінен ақы алу маусым айына жоспарланды. Бұл – ақы алу 1 маусымнан басталады дегенді білдірмейді. Ақы стандартқа сай жолдардан ғана алынады. Бізге Батыс Қазақстан облысынан шағым түсті. Осы өңірдегі жол шұңқырларын жамау қажет. Бұл жол жөнделгеннен кейін ғана ақылы болады", – деді.

Оның сөзінше, ақылы жолдардың бойына шлагбаум орнатылмайды. Жол бойындағы көлік қозғалысы камерамен бақыланады. Көлік жүргізушілері жол ақысын дер кезінде төлеуге тиіс. Бұлай болмаған жағдайда автокөлік иесіне бір аптадан соң 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл келеді.

"Төлем жасаудың 20-ға жуық тәсілі бар, – деді "Қазавтожол" ұлттық компаниясының ресми өкілі.

Жалпыға ортақ талап бойынша жеңіл автокөліктер 1 шақырымға – 1 теңге, жүк көліктері тасымалдайтын жүктің салмағына қарай – 5-25 теңге төлейді.

Автобус жүргізушілері отырғызу орнының санына байланысты бір шақырымға 5-15 теңге санап беруге тиіс.

Қазіргі уақытта автокөлік жүргізушілері Нұр-Сұлтан-Щучинск, Нұр-Сұлтан-Теміртау, Алматы-Қапшағай және Алматы-Қорғас бағыттарындағы ақылы жолдарға төлем жасап отыр.

Айтпақшы жол жүру ақысы автожолдың техникалық санатына қарай алынады. Мысалы I техникалық санаттағы жол үшін барлық көлік, II және III техникалық санаттағы жолға тек жүк көліктерінің жүргізушілері ғана төлем жасайды.

"Бірінші санаттағы жолмен жүргені үшін жеңіл көліктің де, жүк көлігінің жүргізушілер ақы төлейді. Басқа санаттағы жолмен жеңіл көлік иелері тегін жүреді", – деді Диас Ахметшәріп.

Жоғарыдағы жаңашылдыққа жүк көліктерінің жүргізушілері қарсы.

Павлодарлық жүргізуші Жәнібек Оралхан: "Жол ақылы болса, біз тасымал бағасын көтереміз. Бұдан кейін азық-түлік қымбаттайды. Жүк көліктері тасымалдайтын жүктің салмағына қарай 1 шақырымға 25 теңге төлейтін болса, мен Алматы мен Нұр-Сұлтан арасындағы 1300 шақырымға 32 500 теңге жұмсауға мәжбүр боламын. Бұдан бөлек жанар-жағармайға 100 мың теңге қажет. Жол ойдым-ойдым. Әр сапар сайын дөңгелек тілінеді. Жаңа дөңгелек 130 мың теңге тұрады. Үкімет ақылы жол жасап, халықтан ақша алғанша, ақылы жолға балама ретінде санаты төмен тегін жол ұсынсын! Біздің елде ақылы жолда да селкілдеп отырасың. Себебі бетон тегіс емес, – деп қынжылса, ақтөбелік жүргізуші Андрей Морозов: "Орал-Атырау бағытындағы жолмен жүрсеңіз, жаныңызды шүберекке түю қажет. Жол бойында не байланыс, не тоқтайтын жер жоқ. Қайдағы ақылы жол? Бар жолды қалпына келтіріп алсаңыздаршы", – деп кейіді. Ал шымкенттік Ғазиз Ыдырыс қыста жол тазаланбайтынын алға тартты.

"Жолды ақылы етуге қарсымын. Жол бойында жағдай жасалмаған. Тіпті  дәретхана да жоқ. Бізде қыста жол дұрыс тазаланбайды. Құм шашады, оны  видеоға түсіріп, есеп береді. Бар тындыратын істері осы", – деді жүк көлігінің жүргізушісі.

Өз кезегіндде индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов үкімет ақылы жол жүйесінен бас тартпайтынын мәлімдеді.

Ол жүк көлігі жүргізушілерінің жаңа учаскелерге ақылы жүйе енгізуге қарсылық танытуына қатысты мәселе министрліктің, "ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясының, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының және "Казлогистикс" өкілдерінің назарына алынғанын тілге тиек ете келіп,

ақылы жол тәжірибесі әлем кең таралған айтты.

"Көптеген елдерде "Жолды кім пайдаланса, күтіп ұстау шығынын сол төлейді" деген әділ қағида бар. Көп жағдайда жол төсемін инертті материал  тасымалдайтын ауыр жүк көліктері бұзады. Бұған қоса үшінші елдерден 10  мыңдаған транзиттік жүк көліктері Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Олар да жолдың бүлінуіне әсер етеді. Біздің тасымалдаушылар өзге елдердің аумағы арқылы өткенде барлық алымдарды төлейді ғой", – деді министр.

Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, 2025 жылға дейін автомобиль жолдарының 11 мың шақырымына ақылы жүйе енгізіледі.

"Бірінші кезеңде 2021 жылы 5,8 мың шақырым ақылы жол ашу жоспарланды. Жөнделмеген жолдар ақылы болмайды. Жөнделген, ақауы жоқ жолдар ғана ақылы болады. Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары мен Орал қаласындағы жүк көлігі иелерінің наразылығынан хабардармын. Ақтөбе облысындағы жолдарды ақылы ету жоспарлаған жоқпыз. Бұл жақтағы жолдар 2025 жылға дейін жөндеуден өтеді. Кейін Ұлттық стандарт бойынша жолдың санаты анықталады. Осыдан кейін ғана жол ақылы болады", – деді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.

Бұдан кейін Бейбіт Атамқұлов тариф туралы сөз қозғады.

"Тарифке келетін болсақ, Қазақ жол ғылыми-зерттеу институтының мамандары ауыр жүк көліктері үшін "38" деген сан ұсынды. Министрлік пен салалық ведомство бұл тарифті бекіткен жоқ. Қазір 2013 жылғы тарифті қолданып отырмыз. Ақылы негіз біртіндеп ақаусыз учаскелерге ғана енгізіледі", – деді министр.

Бейбіт Атамқұлов осыған дейінгі төлем ставкалары жаңа учаскелерде де сақталатынын айтты.

"Көрші елдерде ақылы жүйе бұрыннан бар. Олардың тарифтік мөлшерлемесі бізден әлдеқайда жоғары. Салыстырып қарасақ, Ресейде жүк машиналары 1 шақырым үшін 22 теңге төлейді. Италия мен Германияда орта есеппен - 70,

Беларусьте - 80, Хорватияда жүк көлігі үшін - 122 теңге ақы алады", – деді Бейбіт Атамқұлов.

Біле жүріңіз, еліміздегі жолдардың жалпы ұзақтығы – 168,7 мың шақырымды құрайды. Оның 24, 8 мың шақырымы республикалық маңызы бар жол.

2019 жылы инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шарасы аяқталды. Бағдарлама аясында республикалық жолдардың 3 мың шақырымы қалпына келтіріліп, республикалық маңызы бар жолдардың 7 мыңға жуық шақырымы және жергілікті маңызы бар жолдардың 15 мың шақырымы жөнделді.

Үкіметке жүк көлігі жүргізушілерінің жанайқайын мәжіліс депутаты Азат Сембинов жеткізді. Ол ақылы автожолмен жүру тарифінің өсуіне байланысты еліміздің бірнеше өңірінде жүк көлігі иелерінің наразылық акциясы өткеніне назар аударып, тариф пен жол сапасы бір-біріне сай келмейтінін айтты.

"Бұл мәселені "Ақ жол" партиясының депутаттық фракциясы 2013 жылы көтерді. Партия "ҚазАвтоЖол компанияның құрылуына қарсы шықты. Біз

мемлекеттік функциялар мен салық төлеушілер есебінен коммерция жасайтын кезекті құбыжық бой көтеріп келеді деп мәлімдедік. Өкінішке қарай, біздің ескертуді ешкім пысқырған жоқ. Ал содан бері бұл компания сыбайлас жемқорлық жанжалынан арылған емес. Осыдан үш жыл бұрын жолдардың ақылы болуын талқылау кезінде біздің фракция "бүкіл әлемде ақылы автожолдар тегін балама трасса ұсынылған жағдайда ғана енгізілетінін" мәлімдеді. Бірақ біз адамдарға таңдау қалдырмай отырмыз. Ал жолдар солардың салығы есебінен салынып жатыр. Бүгінгі таңда "ҚазАвтоЖолдың" "тәбеті" тағы ашылып барады. Тиісінше, бұл халықтың наразылығын тудыруда. Бастамашылар ақылы жолдардың пайда болуы нарықтық экономиканың талаптарынан туындағанын алға тартуда. Бірақ нарықта бәсекелестік те, таңдау да болуы керек. Ал "ҚазАвтоЖол" ұстанған тәсіл көлік иелерін таңдау құқығынан айырып қана қоймай, адамдарды тығырыққа тіреп отыр", – деді Азат Сембинов.

Айта кетейік, былтыр еліміздегі ақылы жолдардан 10,7 млн көлік жүріп өтті. Қазынаға 5,7 млрд теңге түсті. Нақтылайтын болсақ, Нұр-Сұлтан –  Теміртау бағытынан – 1 млрд 914 млн, Нұр-Сұлтан – Щучинск бағытынан 1 млрд 672,3 млн, Алматы – Қорғас бағытынан 1 млрд 121,4 млн, Алматы – Қапшағай бағытынан 1 млрд 038,7 млн теңге кіріс кірді. Ал биылғы жылдың I тоқсанында жүргізушілер жоғарыдағы учаскелерді басып өткені үшін 1,153 млрд теңге төлем жасады.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу