Алакөлге қатысты жаңа жоба туризмді жарға жығуы мүмкін

3711

Дабыл қаққан кәсіпкерлер Алакөл туризміне қандай қауіп төнгенін айтты. 

Алакөлге қатысты жаңа жоба туризмді жарға жығуы мүмкін Фото: egemen.kz

Күн ысыған сайын демалысты аңсаған азаматтар қатары артуда. Шетелдік саяхат әлі де болса шектеулерден бас көтере алмай жатыр. Сондықтан қазақстандықтардың көбі биыл арқаны күнге күйдіріп, самалға бетті сүйдіріп, отандық жағалауларда демалуға ниетті. Әлеуметтік желілерде мысалы, "Алакөлде ең жақсы қандай қонақүй бар, ақыл қосып жіберсеңіздер" деген сауалнаманы кездестіруге болады.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Алакөл – еліміздегі ең қонақүйі көп курорттық аймақтың бірі саналады. Мысалы, оның Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы бөлігінде 172, ал Алматы облысына қарасты бөлігінде – 198 қонақүй орналасқан. Егер тарата айтсақ, бұлардың 15-і – мейрамханасы бар қонақүй, 17-сі – мейрамханасы жоқ қонақүй, 17-сі – демалыс үйі, 9-ы – пансионат, 1-еуі – балалар лагері, қалғаны – жергілікті қу кәсіпкерлер "бунгало", "шале" атайтын бір қабатты ауылдық үйлер, коттедждер, шағын үйлер.

Қонақ күтетін осы нысандар саны жөнінен Алакөл алдына тек Алматы тау кластері (447 қонақүй) түседі. Үштікке Щучье-Бурабай курорттық аймағы ілікті (170). Алакөл – еліміздегі ең танымал демалыс орындарының бірі.   

Әйткенмен, осы аймақта қалыптасып жатқан жағдай ішкі туризммен айналысатын бизнесмендерді алаңдатып отыр. Олар – "Aquamarine resort" ЖШС, "Пеликан Сервис" ЖШС, "Alateniz HV" қонақүйі, "Мирас" демалыс үйі, "Alakol Akniet" демалыс базасы секілді бірқатар компания мен қонақүй кешендерінің басшылары өздерін алаңдатқан мәселені көтеріп, билікке хат жолдады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.   

Мәселенің мәнісі неде?

Алакөл жағалауының жыл сайын бұзылып, мүжіліп, демалыс нысандарына қауіп төндіре бастағаны біраздан айтылып келеді. Бұл мәселе жоғарғы деңгейде сөз болған. Содан қазір туристік саланы дамыту мембағдарламасы аясында литодинамикалық ерекшеліктерін ескеріп, маңызды су қоймасының Алматы облысындағы жағалауының бұзылуын тоқтатуға бағытталған жұмыстар қолға алыныпты. Көптен күтілген шара болғандықтан, жергілікті бизнес өкілдері қатты қуанды.

Таяуда мердігер компания Алакөл аумағы, Ақши ауылында орын тепкен, яғни ішкі туризмнен нәпақа тауып жүрген қонақүйлер өкілдерімен кездесіп, жағаны нығайту жобасының тұсауын кескен. Сондағы естігендері кәсіпкерлердің көңіліне алаң салды.

"Презентациядан білгеніміз, құрылыс компаниясы бұл жобада адамдардың суға және ондағы су көліктеріне төмен түсуі үшін бар-жоғы 3 орын жасамақ. Оның бірі Төтенше жағдай станциясының аумағында қалады. Бұған қоса, жағалауда үлкен көлемдегі кеме-қайықтарға арналған паркинг қарастырылмапты. Саяхатшылар, жаяу адамдар үшін төменге түсетін жерлер бір-бірінен 125 метр қашықтықта орналаспақ. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған пандустар мүлдем жоқ. Бала арбасы бар қонақтардың да жүріс-тұрысы шектеледі", – деп баяндады "Aquamarine resort" директоры Инна Дорош.

Кәсіпкерлер осындай гәп-кілтипандар отандық және шетелдік демалушылардың көңілін қалдырып,олар қайта оралмауы ықтимал деп қауіптенеді. Өйткені тынығуға келген адам ештеңеге бас ауыртқысы келмейді. Ал мынадай кереғарлықтар адамның жүйкесін жұқартуы мүмкін. Көлге келіп, оның жағасына түсер жер іздеп, жар жағалап жүру кімге ұнасын?

Әрине, құрылыс компаниясы өз шығынын мейлінше азайтатын жобаны ілгерілетуде. "Арзанның жілігі татымас" деген қанатты сөз бар. Мұндай үнемшілдік туризмнің гүлденуіне кедергі болуы ғажап емес. Әйтпесе, Мысыр, Түркия және өзге де туристік тартымды елдерде жағажайға түсу үшін тіпті далада арнайы лифттер орнатылады.

Пандемияның ішкі туризмді өркендету үшін бұрын-соңды болмаған мүмкіндік ұсынғанын бизнес өкілдері түсінді. Қапы қалып, қарап отырған жоқ. Олардың айтуынша, Алакөл ауданындағы қонақүй қожайындары сервис сапасын жақсартты, жағажайлар абаттандырылды. Жұрттың қалтасына қарай әртүрлі жайлылық деңгейіндегі қонақүй кешендері тұрғызылды. Олардан суға шығатын жеке кіреберістер жасалған.

Туристер келгенде, жаға жөнделіп жатады

Тағы бір түйткіл. Ол биылғы демалыс маусымына қатысты. Жоғарғы комфортқа бағдарланған кейбір қонақүй кешенінің өз жағажайы бар. Алайда жағалау нығайтылғанша, қонақтары дәл алдында тұрған сол жағажайға биыл суға түсе алмайтынға ұқсайды. Яғни, алыстағы жағажайға қатынауға мәжбүр болады.

"Жүзеге асырылып жатқан жоба сервисті төмендетеді. Алакөлдегі туристік бизнестің жетістіктерін жоққа теңестіреді. Инфрақұрылымды жақсарту, көрсетілетін қызмет сапасын арттыру мақсатында бұдан бұрын біз әрбір отель үшін суға апаратын жеке орындар сайлағанбыз. Су көліктері де сол жерде тұратын: олар қонақтарды су ортасындағы шығанақ-мүйісте орналасқан жеке жағажайға тасымалдаумен айналысады. Сондай-ақ қонақтарды су көлігіне отырғызып, түсіретін айлақ-пирстеріміз жабдықталған. Алайда жағаны бекіту жұмыстарының ұзауы алдағы жазғы маусымды жарға жығатын түрі бар. Қонақтарымыз өз жағажайымызда шомыла алмайын деп тұр", – дейді И.Дорош.

Өйткені жобаның өндірістік жұмыстары тым ауқымды әрі күрделі болғандықтан, мердігер биылғы маусымның ашылуына, яғни 1 маусымға дейін жағалауды бекіту жұмыстарын аяқтап үлгермейді.

"Бірінші жағалау сызығындағы" отельдердің басшыларын үрейлендіріп отырғаны да осы: қалталы туристер жағаға дейін ұзақ уақыт жоғалтпау үшін соған ең жақын орналасқан қонақүйлерді таңдайды. Бірақ биыл мұның еш қисыны қалмайды: жағажайдағы нысандар ондай мүмкіндікті бұл жолы ұсына алмайды. Демек, қазақстандықтар мен шетелдік меймандар жағадан әрі тұрған, тиісінше, бағасы да арзандау қонақүйлерге бет бұрмақ. Бұл "бірінші жағалау сызығындағы" қымбат қонақүйлерді шығынға отырғызуы мүмкін.

Қазіргі уақытта бұл қонақүйлер өз бөлмелерінің үлкен бөлігін броньдатып қойыпты. Олардан бас тарта ма деген қаупі бар. Демалыс маусымы қызғанда мұндағы қонақүйлерде 450–650 адам бір мезгілде аялдайды.

Бірақ келішулер бәрібір суға шомыла алады: "Пеликан" демалыс орталығы туристерді 2 пароммен мүйістегі жағажайға 20 минут үзіліс салып, тасымалдап тұрады. Яғни, 1 күнде шығанаққа орта есеппен 1500 жолаушыны жеткізеді. Өзге де қонақүй кешендері моторлы қайықтарға ие. Жалпы алғанда, маусым шырқау шегіне жеткенде паромдар мен катерлер әрлі-берлі жүйткіп, мүйіске мыңдаған адамды апарады.

Бизнестің тілегі не?

Сонымен, Алакөлде ішкі туризммен айналысатын бизнесмендер не сұрайды? Біріншіден, жаңа, жазғы маусым ашылғанда, әрбір қонақүй үшін судағы катер не паромға қарай түсетін уақытша орын сайлауға жер бөлуді өтінеді. Екіншіден, жобаға өзгеріс енгізіп, халықаралық стандарттарға сай, айлақта кем дегенде 100 су көлігі тұратын тұрақ тұрғызуды сұрайды. Түнгі уақытта су көлігін суда қалдыру қауіпті, сондықтан иелері жағаға сүйреп шығарады. Ондай орын бөлінбеген.

Үшіншіден, шығанақтағы жағажайға қатынайтын мыңдаған адам бір пирстен ғана түсіріледі және отырғызылады деп жобаланыпты. Алакөл жақта кейде ауа райы күрт бұзылып, дауыл тұрады. Мұндай жағдайда қауіпсіздік үшін барлық жүзу құралы адамдарды шұғыл эвакуациялауға тартылады. Әйткенмен, жаңа жобаға сәйкес, жайдақ жағалау және жеке пирстар жойылатындықтан, жарға өрмелемеу үшін бүкіл жолаушы жалғыз айлақ-пирске жеткізіледі. Ал ол бір уақытта мыңдаған адамды қабылдауға қауқарсыз. Оның үстіне дауыл кезінде қаптаған катер мен паромдардың бір жерге ұйлығуы да қауіпті.

Төртіншіден, мүгедек адамдарға, бала арбасы бар отбасыларға арнап, жағалауға түсетін пандустар жасалуға тиіс. Бұл да жобаны түзетуді талап етеді. Бұған қоса, туристер мен суға түсушілер жағалауға қауіпсіз әрі жаяу түсе алуы үшін сатылар жабдықталуы қажет.

Бесіншіден, су көліктеріне арналған пирстер санын көбейткен абзал.

Билік бизнестің пікіріне құлақ асып, жобаны қайта қараса, бұл ішкі туризмнің дамуына сәл де болса серпін беруі мүмкін.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу