Алаштың Абылайы айдалада

7743

6,5 млн теңгеге қашалған хан ескерткішіне қаланың ішінен орын бұйырмады.

Алаштың Абылайы айдалада

Әңгіме анау-мынау емес, өз дәуірінің дарынды қолбасшысы, даңқты мәмілегері һәм қарымды қайраткері, небір жырау мен жыр сүлейі есімі мен ерлігін дара-дара дастанға желі қылып тартқан хан ескерткіші хақында.

Абылай хан жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былай деген: "Алмағайып сұрапыл заманда есеңгіреген елге ес кіргізіп, бір тудың астына біріктіре білген Абылай ерлігі мен ақыл-парасатын қатар жұмсаған сарабдал саясаткерлігінің арқасында қазақ халқын жойылып кетуден сақтап қалды. Осылайша, туған халқының кемел болашағын аңсаған ол өз дәуірі артқан ұлы жүкті қайыспай көтеріп, ел алдындағы перзенттік парызын атқарып кетті".

Ендеше "Алаштың Абылайы айдалада" деп айқайлатып, елді неге еміндіріп қойдық. Түсінікті болу үшін сәл-пәл шегініс жасауға тура келеді. Бұрын қала әкімдігі алдына қойылған Абылай хан ескерткішінің жалпы болмысы мен көркемдігіне көпшіліктің көңілі толмай жүретін. Содан Жезқазғанға әкім болып келген Берік Әбдіғалиұлы Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай қаланы дамытудың 20 басым бағытын белгілеген бағдарлама аясында бөлінген 6,5 млн.теңгеге Абылай хан ескерткіші жобаға келтіріліп, қойылған аумағы абаттандырылды. Сөйтіп, авторы қайта қашаған тас мүсін 91-орам мен Алашахан даңғылы түйіскен тұстағы Кеңгір жағасындағы дөңнен орын тепті.

Сол бір салтанатты сәтті аймақтағы журналистика ардагері, облыстық "Орталық Қазақстан" газетінің бұрынғы меншікті тілшісі, зейнеткер Амандық Рахұлы былай еске түсіреді: "Бұл шырайлы шараға Астана мен Алматыдан бірнеше мәртебелі мейман арнайы келіп қатысты. Ескерткіштің ашылу салтанатында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының сол кездегі орынбасары Ералы Тоғжанов пен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан елдіктің, бірліктің символына айналған қасиетті Ұлытау өңірінде, Жезқазған төрінде Абылай бабаға бедерлі белгі қойылуы өте орынды іс болғанын атап өтті.

Ескерткіштің ашылу салтанатынан соң С.Қожамқұлов атындағы сазды драма театрда "Абылай ханның туғанына 300 жыл және қазақ рухы" тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті. Бұл басқосуды қала әкімі Берік Әбдіғалиұлы ашып бергеннен кейін "Нұр Отан" партиясының экс-хатшысы Ерлан Карин, жазушы-тарихшы, Л.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университеті жанындағы "Отырар" кітапханасының директоры Тұрсын Жұртбай, Шығыстану институтының кафедра меңгерушісі Бақыт Еженханұлы, "Дем Орда" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Ерғали, "А.Сәрсенбайұлы" қорының төрағасы Айдос Сарым сөз сөйлеп, өткенге ой жүгіртіп, саясаткер әрі дипломат Абылай ханның тарихтағы орнын таразылады, қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы тарихи-мәдени мұраны дәріптеу және тарихтан тағылым алу төңірегінде әңгіме өрбітті".

Расын айту керек, Абылай ханның "мекенжай" ауыстыруын әркім әрқилы қабылдады. Көпшілік қолдағанымен, арасынан қарсылар да қара көрсетті. Мәселен, Бизнес және көлік колледжінің оқытушысы Жансая Нұртазинова: "Атамның жағдайы мәз емес... Жоғары жағына тойхана түзілді" десе, жеке кәсіпкер, дәріхана иесі Анар Құрманбаева: "Орталық аурухана жаққа ұмсынған бабамыз сонда жатқан науқасқа ем-шипа тілеп тұрғандай...Негізі "Абылай ханның ескерткіші" деуге ауыз бармайды. Әу баста, солай аталып, айдар тағылған соң, амалсыз мойындауға тура келеді" деп ағынан ақтарылды. Бұрын ЖезУ-де оқытушы болған, бүгінде Астанада тұратын жезқазғандық Асхат Яров: "Үлкен қорымның қасына қойса, ең болмаса қазақтар құран оқып тұрар еді" деп қырындай тартты.

Осы жерде "Кешкі Сәтбаев" газетінің құрылтайшысы әрі бас редакторы Абдолла Дастановтың мына дәйекті пікірін толық келтірген орынды сияқты: "Қаланың сыртына шығарып тастады" деген "керек қылмады" деген мағына береді. Өзім Абылайхан ескерткіші керек болғандықтан жаңа орынға көшірілді деп ойламаймын.

Ескерткішті кезінді жергілікті мүсінші жасады. Ниет түзу болғанымен, орындалуы көпшіліктің көңілінен шыға қоймағаны рас. Мұндай ескерткішті қаланың төріне, яғни, әкімдіктің алдына орнатқан дұрыс болмағанын Жезқазған жұртшылығының басым бөлігі айтып та, жазып та жүрді. Кейін қалаға әкім болып келген Берік Әбдіғалиұлы көпшіліктің осындай пікірін ескеріп, ескерткіштің кем-кетігін жөндеуге тапсырма беріп, тұрған орнынан алдырып, шеберханаға жөнелтті.

Бұрынғыдан әлдеқайда жақсарған Абылайхан ескерткіші жаңа орынға салтанатты жағдайда орнатылды. Қала сыртында деуге келмейді. Тұрған орны биік қырдың үстінде. Жан-жағына алғашында гүл егіліп, сәнді жарық шам орнатылып, әп-әдемі болған. Бірақ көп ұзамай бұзықтар шамды сындырды, орындықты төңкеріп тастады. Ескерткіштің күтімі болмады. Міне сол тұста "Айналасы айтақыр Абылайхан" деген сын мақала жазғам, оған Берік бауырым сәл ренжіп те қалғаны бар.

Егер ескерткіштің Кеңгір жағалауында тұрғанын ескерсек, оның айналасын абаттандырса, әсіресе, жағалаудан жоғарыға қарай гүл емес, тіпті, табиғи шымды, яғни, көл табанындағы дернды ойып әкеп төсеп, жерсіндіріп жіберсе, көкпеңбек болып, көздің жауын алып тұрар еді. Оңаша әңгімеде Бекеңе осы ойымды айтқанда, ол "Осыны ертерек айтқанда, солай тапсырма беретін едім ғой, білмей қалдым, мына ойыңыз көңіліме қонып тұр" деген. Бірақ, содан соң Бекең көп ұзамай Астанаға қызмет ауыстырды.

Ал ескерткіштің қазіргі хал-ахуалына бүгінгі әкімдік тарапынан көңіл бөлінбей отырса, бұған ескерткіштің қырдың басында тұрғандығының еш кедергісі жоқ. Өткенде қала әкімі: "Ескерткішті қала орталығына қайта орнатпасақ болмайды, ана жақта оған бақылау жасау қиын, бұзықтар оның айналасын бәрібір бүлдіріп кете береді" депті. Бұндай пікір негізсіз екенін сол кезде жазғанбыз. "Шегірткеден қорыққан, егін екпейді". Бүлдірген бұзықтардың "тілерсегін қиюдың" орнына, бишара күйге түсу биліктің дәрменсіздігін ғана танытады. Ескерткіштің қазіргі тұрған жері д­ұрыс.

Оның жанындағы мейрамхананың терезе-есігін бұзықтар неге қиратып кетпейді? Өйткені, олардың күзеті де, бақылауы да мықты. Билік те өзін көрсететін жерінде көрсетуі тиіс. Сол бұзықтардың бірде-біреуінің ұсталғаны туралы естіген емеспіз. Одан да ескерткіштің айналасын абаттандырып, көпшіліктің бас қосатын қастерлі орнына айналдыра білу керек.

Қазақ хандығының 550 жылдығын, Тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойладық. Сол тұста "Абылайхан бабаның басына барып қайтайық" деген біреу болды ма? Жоқ! Мұны мойындау керек. Бірақ біз көбіне басшылыққа қарап үйренгенбіз ғой. Ал, жергілікті биліктегілерді айналасы қирап жатқан Абылайхан ескерткішіне елін бастап баруға ар-ұяттары жібермеген шығар?!".

Бұған айтар жергілікті биліктің уәжі қандай? Қала әкімдігіндегі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мереке Мырзабекова былай деген: ""Былтыр қарашада өткен қоғамдық кеңесте осы ескерткіштің жағдайы жөнінде әңгіме қозғалып, орталыққа қарай көшіру жөніндегі ұсыныс халықтың талқысына салынды. Жезқазғандықтар арасында әртүрлі пікір қалыптасқан. Бір жағы Абылайдай алып тұлғаны қала сыртына шығарып тастау айдалада қалғандай әсер береді десе, енді бірі ол жерді абаттандыруды неге жалғастырмасқа, шамын дұрыстап, жан жағын неге гүлдендіріп қоймайды деген сыңайдағы  назын айтады.

Менің өз ойым, ескерткішті орталыққа көшіру мүмкін болмаған жағдайда, ескерткіштің маңайына бірнеше бақылау камерасын орнатып, гүлзар егіп, халықтың демалыс орнына айналдыруға әбден болады".

Бәріне уақыт — төреші!

Әлібек Әбдіраш 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу