Эстетикалық талғамнан жұрдай ескерткіш орнатуға келгенде Шығыс Қазақстан өзгерлерге дес бермей тұр. Мүсінін қортықтың кейпінен айнытпай орнатқаны үшін жергілікті әкім-қараларды Абайдың аруағы атқан-ау деген ой келді бізге. Бұл жолы "ерліктің қос қанаты" атанған Мәншүк Мәметованың мүсінінен шу шықты.
Семейдегі Жеңіс саябағына кәрі ағаштан қашалған мүсін орнаған күні-ақ әлеуметтік желідегі жұрт өре түрегелді. Бірі батырлық пен сұлулықтың символына айналған аяулы Мәншүктің ескерткішін қораш етіп қашаған шеберлерге сын айтса, бірі идеологияны ескерткіштер эстафетасы деп қабылдайтын әкімдік өкілдерін жерден алып, жерге салып жатыр.
Көп өтпей мүсіннің авторы ретінде ерлі-зайыпты Куртуновтар көпшіліктің сынына Аrnapress.kz сайты арқылы жауап қатты.
"Адамдар басында бұл ағаштан Ақшақар мен Баба Яганың мүсінін жасап жатыр деп ойлапты. Жеңіс саябағында ертегінің мүсіні үйлеспейді ғой. Біз Мәншүк Мәметованы сомдадық. Оның материалы маңызды емес. Мәншүк Мәметова өлгеннен кейін, "Кеңес одағының батыры" атағын алған тұңғыш әйел. Ол осы саябақта тұруға әбден лайық", – деген Юлия Куртунова күйеуі Иван екеуіне Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов тапсырыс бергенін айтады.
"Ол бізді бірнеше ағаш мүсін қашау үшін шақырған болатын. Бұл өзі азабы мол жұмыс. Мұнда қайырымдылық жасайық деп келген жоқпыз. Төрт баланы асырап, тәрбиелеу керек. Тапсырыстың бағасы аса қымбат емес", – дейді Юлия Куртунова.
Мәншүктің ұсқынсыз мүсініне тапсырыс берілгенін қала әкімінің баспасөз қызметі де растап отыр.
"Жазда олар Абай алаңына бірнеше мүсін жасаған болатын. Барлығы дерлік сәтті шыққан еді. Халық та оң бағасын берген. Келесі жылғы мерейтойға орай Жеңіс саябағына біраз жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Соның аясында Мәншүктің мүсініне тапсырыс берілген болатын. Бірақ мүсін сәтсіз шыққан. Қазір оны алып тастадық. Оған қалалық бюджеттен ешқандай қаражат қарастырылмаған. Кәсіпкерлердің қолдауымен жасалып жатыр. Нақты қай кәсіпкердің демеушілік жасағанын, қанша ақша бөлгенін сізге айта алмаймын. Ескерткіш жарамсыз болды екен деп, авторлардың 6 күнгі еңбегін жерде қалдырмаймыз. Демеушілер есебінен уәде етілген ақша беріледі", – деген Ролан Кемербаев мүсіннің алдағы тағдыры белгісіз екенін айтты.
"Қаладағы мектептердің біріне апарып, ауласына қою туралы ұсыныс болған. Халықтың пікірін бағып отырмыз. Әрине, мүсін сәтсіз шыққан. Сол сын ескеріліп, мүсін жөнделетін шығар", – деп қысқа қайырды әкімдік өкілі.
Абайдың аруағы атқан шығар дедік қой сөз басында, енді соған тоқталайық.
2014 жылы облыстық мәдениет басқармасының тапсырысы бойынша Абай даңғылы мен Михаэлис көшесінің қиылысына қос тұлғаның ескерткіші қойылып, бір түннің ішінде көзі жойылған болатын.
Кейін ескерткіш авторы сәтсіз туындысына төккен тері мен көзінің майын даулап, біршама шу шығарғаны ел есінде.
Владимир Самойловты Шемонаиха ауданының әкімдігі сабырға шақырып, Абайдың мүсінін 500 мың теңгеге сатып алуға уәде береді. Әкімдіктің сөзіне малданған мүсінші Абайды Михаэлистен ажыратып, жеке бюст ретінде қайта сомдайды. Ақыры ол келісім де сиырқұйымшақтанып, тапсырыс жайына қалған. Владимир Самойлов өмірден озған соң, бұл мәселе қозғаусыз қалған болатын. Былтыр марқұмның ұлы қоқыста жатқан мүсінді OLX сайты арқылы сатпақ болды.
"Бас ақынның" басы қоқыста жатқанын көріп, желідегі жұрт тағы да шуласқан. Ол шуға қала әкімі Жақсылық Омар араласып, кәсіпкерлердің көмегімен Абайдың бюстін сатып алған еді. (2014 жылы шу шыққан кезде облыстық мәдениет басқармасының басшысы осы Жақсылық Омар болған-тұғын).
Ескерткішке қатысты екінші дау алаш көсемі Әлихан Бөкейхановқа қатысты туындағаны жұрттың жадында. Жүк тиеуіш трактормен отбасын асырап жүрген қарапайым тұрғын Берікхан Жұмаділовтің өз ақшасына Әлихан Бөкейханның ескерткішін орнатуы, жергілікті әкімдікті алаш көсеміне арнап еңселі ескерткіш жасатуға мәжбүр еткенін БАҚ сол кезде де жарыса жазды.
Ескерткіш дауының кезегі енді Мәншүк Мәметоваға жетіп отыр. Әкімдік бұл жолы пейілсіз жасалған мүсінді ел көзінен тасалап құтылды.
Есімжан Нақтыбайұлы