Алаяқтар дәрігер болып та хабарласа бастады

323

Ішкі істер министрлігінің дерегінше, қазақстандықтар 2024 жылы интернет-алаяқтарға 45 млрд теңгесін ұрлатқан. 

Алаяқтар дәрігер болып та хабарласа бастады Фото: canva.com

Осы жағдайлардың 98 пайызында азаматтар бұны өз еркімен жасаған, яғни, көрсетілген сілтемеге кірген немесе нөміріне келген СМС-кодты алаяқтарға айтып берген.

Қазір жұртшылық алаяқтарға қарсы сәл де болса иммунитет қалыптастыра бастады, әдістерін ескеретін болды. Алайда адамнан айла аспай тұр, алаяқтар шым-шытырықты ойдан құрап, азаматтарды сендіретін жаңа әдістерді ойлап табуда. Салдарынан ақшасын "өз қолымен" ұрлататын азаматтар азаймайтын сыңайлы.

Кез келген "мекеме өкілі" алдап соғуы мүмкін

Сонымен, жақында пайда болған алаяқтардың жаңа тәсілі туралы "Мемлекеттік техникалық қызмет" АҚ өкілдері хабарлап, азаматтарды сақ болуға үндеді.

Бұрын полициядан, банктен хабарласып тұрғанын айтып алдаса, енді олар тағы да ресми ұйымдардың атын жамылып, емхана, коммуналдық және жеткізу қызметінің мамандары ретінде әрекет ететінді шығарды. Бұл тәсіл алдыңғыларына қарағанда сенімді көрінетіні анық.

Мысалы, сізге өзіңіз тіркелген емханадан дәрігер хабарласады. Аты-жөнін бүркемей, толық айтады. Сосын жақында дәрігерлердің қабылдауы мен жедел жәрдем шақыру ЖСН бойынша емес, медициналық декларация нөмірі бойынша жүргізілетінін баяндайды.

Бір қарағанда бәрі дұрыс, содан кейін олар "декларация нөмірін" жазуды сұрайды, бұл іс жүзінде DamuMed немесе eGov сияқты мемлекеттік өтінімдерді енгізуге арналған бір реттік код түрінде келеді. СМС-хабарлама алғаннан кейін олар алты таңбалы кодты айтуды сұрайды. Егер айтсаңыз, алаяқтардың айы оңынан туды деген сөз, әп-сәтте жеке кабинетіңізге кіріп, барлық ақпаратқа оңай қол жеткізеді.

Екінші мысалда "электр есептегішін тексеруші" ретінде хабарласуы мүмкін. Алаяқтар "Астана энергосбыт", "Алматы су" немесе басқа да коммуналдық кәсіпорындардың қызметкері ретінде қоңырау шалып, "Есептегіштерді ауыстырудың мемлекеттік бағдарламасына" қатыстырамыз деген желеумен соңғы рет қашан ауыстырылғанын сұрап, өтініш жолдайтынын айтады. Содан кейін телефонға код жіберіп, оны айтуды сұрайды. Бұл жолы да жеке деректерді ұрлайды.

Міне, екі жағдай тосын әрі күтпеген жағдайға ұшыратпақ. Осыған дейін алаяқтар "Қазпочта" немесе курьерлік қызметтердің атын жамылып, салық комитетінен, ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінен, Халыққа қызмет көрсету орталығынан немесе басқа да мекемелерден тапсырыс хат жіберетін. Олар мекенжайды нақтылайды да 1414 немесе 1412 нөмірлерінен SMS жолдайды әрі кодты жазуды немесе сілтеме бойынша өтуді сұрайды. Міне, тағы да ұрлыққа ашылады.

Енді не істеген жөн? "Мемлекетттік техникалық қызмет" АҚ мамандары ең маңызды 3 жайтты айтып отыр. Біріншіден, ешкімге СМС-кодты айтпау, екіншіден, СМС арқылы жіберілген сілтемелерге еш уақытта кірмеуді және соңғысы – өзін "мемлекеттік ұйымнан хабарласып тұрмын" деп сөз бастаған қоңырауларды үзіп тастап, ресми органдарға шұғыл хабарлауды кеңес етіп отыр.

Интернет-ұрлықтар қайдан бастау алуда

Негізі қазақстандықтарды шырмауына түсіріп жататын көбіне – ресейлік алаяқтар. Сол секілді көрші елдің де халқы кейде деректерін, қаржысын ұрлатып жатады. Оның арасында әлі бізге жете қоймаған схемалар мен тәсілдер де бар.

Мысалы, биыл ресейлік құзырлы органдар адам айтса сенгісіз алаяқтық схемасының бірін әшкереледі. Сауда орнында, дүкенде мектептегі баладан зейнеткерлерге дейін ұялы телефонымен терминалдарда төлем жасап жатады.

Смартфон камераларының ғажайып мүмкіндіктерін енді алаяқтар емін-еркін, кең ауқымда пайдаланады. Алдаудың бұл схемасы ұялы телефонға деректерді ұрлауға мүмкіндік беретін қосымшаны орнатқаннан кейін жұмыс істей бастайды. Ол қосымша банктік картаның деректерін NFC арқылы оқиды да, ақшаны оңай қолды қылуға жол ашып береді.

Әзірге бұл тәсіл арқылы ақша жымқыру деректері Қазақстанда бар-жоғы айтылмауда. Дегенмен көрші елде бұл схема толығымен әшкере болатын болса, көп ұзамай бізге де келуі мүмкін.

Бұған қоса, балалар да алаяқтардың оңай нысанасына айналуда. Балалардың ата-анасының телефонына кіріп, кодты хабарлау арқылы оның жинағындағы миллиондаған қаржыны қолды етуге көмектескені, алаяқтарға есікті ашып, отбасылық бағалы заттарды, қаржы салынған сейфтерді, қымбат әшекейлерді тауып бергені сияқты деректер тіркеліп бастаған.

Яғни, балаларды қорқыту, алдап соғу оңай. Бұны алаяқтар жақсы біледі, түрлі манипуляциялар арқылы баланы әуреге салып, ата-анасының деректерін ұрлатады. Тіпті, баланың өзінен де ақша сұрап, ата-анасына айтып қойса жағдайдың қиын болатынын ескертеді.

Бір қиыны, балалар бұндай жағдайда жүргенін жақындарына айта бермейді, жасырады. Сондықтан сарапшылар қазір баланың не істейтініне, кіммен сөйлесіп, қоғамдық ортада өзін қалай ұстайтынына назар аударған жөн екенін айтады. Ең бастысы, ата-ана баланы ашық сөйлесуге үйрете алуға тиіс.

Бұған дейін де біз психолог Кира Гольдштейннің алаяқтарға баланы құрбан қылмаудың жолына байланысты кеңестерін ұсынған едік.

"Алаяқтар көбіне қисынға емес, эмоцияларға екпін түсіріп, манипуляциялар жасайды. Осы арқылы адамды, баланы шатастырады. Жағдайдың төтенше, ауыр екеніне және дереу араласпаса, әрекет жасамаса, оның кесірінен қиын жағдай туындайтынына сендіреді. Балаңызға былай деңіз: "егер әлеуметтік желіде саған біреу жазып, тез арада ақша аудару керегін айтса, солай жасауға асықпа. Әрқашан маған келіп, менімен ашық сөйлесе аласың". Осы арқылы балаңыздың қауіпсіз жағдайда екенін сездіресіз әрі онда сындарлы ойлау қабілетін дамытасыз", – деген сарапшы.

Енді ата-аналар бұрынғыдай алаяқтар схемаларын өздері біліп қана қоймай, балаларына айтып отыруға тура келетін секілді. Себебі түрлі алаяқтық мысалдарын естіген бала сол жағдай өз басында қайталанып жатса, дереу жақындарына айтуға асығады. Қайткен күнде де айласына құрық бойламайтын интернет-ұрлықшыларын толық бұғаттау мүмкін болмай тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу