Алдағы науқан ұлттық компанияларды дүрліктіріп жатыр

3099

Квазисектор қызметкерлері байлығын толық жариялауға мәжбүрленбек.  

Алдағы науқан ұлттық компанияларды дүрліктіріп жатыр

Және бұл кезекті амнистия емес: Мемлекеттік кірістер комитеті 2021 жылдың 1 қаңтарында жаппай декларациялаудың бірінші кезеңі басталатынын мәлімдеді.

Ел Президенті 2020 жылғы 10 желтоқсанда Салық кодексіне тиісті өзгерістер енгізетін заңға қол қойған-тын. Ол күшіне енді. Құжатқа сәйкес, Қазақстанда бүкіл халықтың табысы мен шығысын толық декларациялау 4 кезеңмен енгізіледі.

Бірінші кезеңде, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды орындайтын және оларға теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайлары декларация тапсыруға тиіс. Бұған қоса, "Сайлау туралы", "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы", "Банктер және банк қызметі туралы", "Сақтандыру қызметі туралы", "Бағалы қағаздар нарығы туралы" заңдарына сәйкес, декларация ұсыну міндеті жүктелген тұлғалар да осы қатарға енді.

Екінші кезеңде 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік кәсіпорындардың, соның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және басқа салалардың қызметкерлері ("бюджетники") және олардың жұбайлары қосылады. Үшінші кезеңде 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – барлық бизнесмендер және олардың жұбайлары, жеке компаниялардың, заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары қанша ақша тауып, қаншасын жұмсағаны жөнінде мемлекетке есеп беруге кіріседі. Ақырғы төртінші кезеңде, яғни 2025 жылғы 1 қаңтарда барлық қазақстандықтар табысы мен шығысын ашып көрсетіп, "270.00 формасын" толтырады.

Декларация салық органына жылына бір рет тапсырылады. Осы жүйеге бірінші рет кіргенде азамат елдегі және шетелдегі барлық дүние-мүлкін, қаражатын тегіс көрсетуі шарт. Әйтпесе, келесі жолы декларация ұсынғанда жаңадан ірі мүлкі не ақша сомасы пайда болса, мемкірістер ведомствосы ол адамды тексеру бастамасын көтеруі мүмкін.

Алдағы жылы осы науқанға араласатын азаматтар 2020 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша қолдарындағы әл-ауқатын – отандық не шетелдік банктердегі, сейфтегі ақшасын, жылжымайтын және жылжитын мүліктерін, жер телімдерін, акциялары мен үлестерін, көлігінің барлық түрін, соның ішінде ұшақтары мен яхталары секілді әуе және су көлігін паш етуге міндетті. Бұған қоса, құны 1 000 АЕК-тен (2021 жылы 2 миллион 917 мың теңгеден) асатын қымбат мүлкін, мысалы, картиналарды, әшекейлерді көрсетуге кеңес беріледі. Егер құны белгісіз болса, салық төлеуші оны бағалайтын маманды тартуы қажет.

Декларация қағаз күйінде 2021 жылғы 15 шілдеден, ал электронды күйде – 2021 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей ұсынылуға тиіс.

Бұған дейін декларацияны негізінен шенеуніктер, жергілікті билік органдарының қызметкерлері, депутаттар тапсыратын. Енді мемлекет квазисектордағы – ұлттық компаниялар мен холдингтердегі, министрліктер мен әкімдіктердің қаптаған кәсіпорындарындағы топ-менеджерлер мен ірі қызметкерлердің және олардың жұбайларының әрқайсысының қандай дүние-мүлкі барлығын біледі.

Бұл қадамға олардың бәрі бірдей дайын деп айту қиын. Мысалы, Ақтау қаласындағы "ҚазМұнайТеңіз" теңіз мұнай компаниясының филиалы түсініктеме беруді сұрап, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевқа жүгінді. Бұл кәсіпорын 100% "ҚазМұнайГазға" қарайды, оның еншілес кәсіпорны. Тиісінше, квазимемсектордың субъектісі.

"2021 жылдың қаңтарынан кейін филиал директоры, оның зайыбы, директордың орынбасарлары, сондай-ақ құрылымдық бөлімшелердің басшылары, сатып алулар ұйымдастыру жөнінде шешім қабылдауға уәкілетті, сондай-ақ мембюджеттен қаржыландырылатын жобаларды іріктеуге және жүзеге асыруға жауапты қызметкерлеріміз салық органына табысы мен мүлкі туралы декларация ұсынуы керек пе?" – деп сұрады "ҚазМұнайТеңіз" филиалының директоры Қамбар Байтұров.

Өз блогы арқылы жауап қайырған антикоррупциялық қызмет басшысы олардың бәрі де тапсыруға міндетті екенін баса айтты.

"Ақтаудағы "ҚазМұнайТеңіз" филиалының мемфункцияларды орындауға уәкілетті тұлғаларға теңестірілген қызметкерлері де, олардың жұбайлары да 2021 жылғы 15 маусымнан, электронды түрде – 15 қыркүйектен қалмай, салық органдарына "Активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны" (кіру декларациясын) тапсыруға тиіс. Ары қарай жыл сайын "Табысы мен мүлкі туралы декларация" тапсырып отырады. Бұл қатарға квазимемлекеттік сектор ұйымында ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық қызметтерді атқаратындар да, сатып алуларды ұйымдастыру бойынша шешім қабылдауға уәкілетті тұлғалар да, мембюджет пен Ұлттық қордан қаржыландырылатын жобаларды іріктеуге және жүзеге асыруға жауапты қызметкерлер де жатады", – деді агенттік төрағасы.

Кейбір жылдары әкімдер мен әкімдіктер қызметкерлері, бірқатар депутаттар "Өзіңнен баста!" секілді акциялар аясында өз декларацияларын интернетте халыққа жария етіп жүр. Бәлкім, шенеуніктерден бірнеше есе көп, миллиондап жалақы мен бонус алатын ұлттық компания қызметкерлерінің де декларациясы ғаламторды кезіп кететін, сөйтіп елге жарияланатын кез болар. Ең бастысы, оларды осындай декларация толтыруға мәжбүрлейтін заң "Жаңа жыл" мерекесімен бірге күшіне енбек.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу