Кіріс азайып, шығыс ұлғайып барады

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
4585

Энергетиктердің шығыны 7,6 млрд теңгеге жетті.

Кіріс азайып, шығыс ұлғайып барады

Finprom.kz-тың жазуынша, 2017 жылы өндіріс ұлғайып, соңғы бес жылдағы рекордтық көрсеткіш тіркелсе де, қаржылық көрсеткіштер отандық энергетиктердің көңілін көншітпей отыр. Себебі электрмен, газбен және бумен жабдықтау секторында жұмыс істейтін ірі және орта кәсіпорындар  шығыннан көз ашпай келеді.

2017 жылдың ІІІ тоқсанының қорытындысы бойынша, нарықтағы ірі қатысушылардың жиынтық шығыны 7,6 млрд теңгені құрады. 2016 жылдың сәйкес кезеңінде аталған нарықтың табысы 17,2 млрд теңгеге тең болған еді.

Еске сала кетейік, 2017 жылдың І тоқсанында энергетиктер 105,3 млрд теңге көлеміндегі рекордтық табысқа қол жеткізген болатын. Алайда ІІ тоқсанда пайданың орнын бірден шығын алмастырды. Бұл тоқсанда компаниялардың шығыны 1,7 млрд теңгені құрады. Аталған сектордағы ахуалдың дәл осылай қалыптасуына кірістің азайып,  шығынның ұлғаюы әсер еткен. Дәлірек айтсақ, 2017 жылдың ІІІ тоқсанында саладағы ірі және орта кәсіпорындар 377,8 млрд теңге пайда түсірген. Бұл 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,7%-ға артық. Алайда дәл осы мерзімдегі шығын көлемі 14,4%-ға өсіп, 385,4 млрд теңгеге жетті.

Негізгі тауарлар мен қызметтерді сату энергетиктерге 353,5 млрд теңге кіріс әкелді. Аталған көрсеткіш бір жыл бұрынғы деңгейден 14,3%-ға артық. Десе де өзге кірістер айтарлықтай кеміген. Мәселен бір жыл ішінде қаржыландырудан түсетін кіріс 46,1%-ға немесе 11 млрд теңгеге дейін азайған. Сол секілді басқа табыстар да 45,5%-ға немесе 13,3 млрд теңгеге дейін төмендеген.  

Қаржылық нәтиженің қорытындысына несиелік шығындардың және басқа да қаржыландыру шығындарының едәуір ұлғаюы (51,2%-ға, 37,2 млрд теңгеге дейін артты), сондай-ақ өндіріс және өнімдерді сату шығындарының өсуі (12,4%-ға, 305,6 млрд теңгеге дейін ұлғайды) айтарлықтай қысым көрсетті.

Таң қаларлығы, өндіріс көлемінің мейлінше өскеніне қарамастан, электр энергетикасы саласы шығынға ұшырап отыр. 2017 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша, кәсіпорындардың шығарылымы 2016 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 5%-ға асып кетті.

Еске сала кетейік, "100 нақты қадам" ұлт жоспарына сәйкес, электр энергетикасы саласын маңызды реформалар күтіп тұр. Атап айтқанда, бұл салаға "Бірыңғай сатып алушы" моделін енгізу жоспарлануда. Бұл өңірлер арасындағы электр энергиясының әртүрлі тарифтерін реттеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ өңірлік энергетикалық компаниялар ірілендірілмек. Бұл энергиямен қамтамасыз етудің сенімділігін арттырады, өңірлерге электр энергиясын таратудың шығынын төмендетеді және тұтынушылар үшін электр энергиясының ақысын азайтады.

Электр энергетикасы секторында салаға инвестиция тартуды ынталандыратын жаңа тариф саясаты енгізіледі. Тариф құрылымы өзгереді.  Тарифтерде 2 құраушы фактор болады. Яғни күрделі шығындарды қаржыландыру және электр энергиясы өндірісінің ауыспалы шығындарын жабу үшін пайдаланылатын электр энергиясы үшін төленетін ақы белгіленеді. Бұл "шығынды өтеу" әдісі бойынша тарифтерді бекітетін қазіргі ахуалды өзгертуге мүмкіндік береді.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу