Әлемнің ең үлкен, ең қымбат сайлауына әзірлік жүріп жатыр

5437

Сәуірде Үндістанда парламенттік сайлау басталып, оған алты аптада 900 миллион адам қатысып, 7 миллиард доллар жұмсалады.

Әлемнің ең үлкен, ең қымбат сайлауына әзірлік жүріп жатыр

Дүниежүзінің ең ірі демократиясы ең қымбат саяси науқанға әзірленіп жатыр. Үндістанда парламенттік сайлау сәуірдің 11-де басталып, мамырдың 19-да аяқталып, оның қорытындысы мамырдың 23-де жарияланады. Дауыс беру бөлімшелері елдің солтүстігіндегі Гималай бөктерінде, оңтүстігіндегі Үнді мұхиты жағалауында, батысындағы Тар шөлінде, шығысындағы Сундарбанс нулы аймағында ашылады.

Нью-Делидегі Медианы зерттеу орталығының мәліметінше, бұл сайлауға 500 миллиард рупий немесе 7 миллиард доллар жұмсалады. Ал, Америка саясатының ақшасын санаумен айналысатын OpenSecrets.org порталының есебінше, 2016 жылы Құрама Штаттарда өткен президент және Конгресс сайлауларына 6,5 миллиард доллар кеткен екен.

2014 жылы Үндістан парламенттік сайлауға 5 миллиардтай доллар шығындады. Яғни, әрбір дауыс берушіге 8 доллардан келген. Осы тұста айта кететін бір жайт, бұл оңтүстіказиялық мемлекет тұрғындарының 60 пайызы күніне 3 долларға ғана өмір сүріп жатыр.

"Шығынның артуына әлеуметтік желілерді көбірек қолдану, жол шығынының еселенуі, жарнаманың жиілеуі себеп", – дейді Медианы зерттеу орталығының басшысы Бхаскара Рао "Блумберг" агенттігіне берген сұқбатында. 

Оның дерегінше, 2014 жылы саяси партиялар әлеуметтік желілерге 2,5 миллиард рупий жұмсаса, биыл 50 миллиардқа жуық рупий шығындауы мүмкін. Сонымен қатар, кандидаттар мен партия қызметкерлері сайлаушылармен кездесу үшін автобустар мен өзге де көлік түрлерінен бөлек, тікұшақтарды да көбірек қолданбақ.

Үндістан парламентінде 545 орын бар. Сол мандаттарға 8 мыңнан астам үміткер таласады. Демек, бәсеке өте қатал. Пара беріп, дауыс жинауға кепілдік жоқ. Сондықтан, кандидаттар халыққа сыйлық таратып, өз ықпалы мен ресурстарын көрсетуге тырысады.

Калифорния университетінің доценті Дженнифер Бассель жүргізген сауалнама нәтижесіне қарағанда, Үндістанда федералдық деңгейдегі саясаткерлердің 90 пайыздан астамы өз сыбайластарының дауыс жинау үшін сайлауда қолма-қол ақша, алкоголь және жеке заттарын таратуға мәжбүр болатынын айтқан.

Кейбір аудандарда электорат алдында бедел жинау үшін үміткерлер тұрғындарға блендерлар, теледидарлар, кейде тіпті ешкілерді таратқан. Дегенмен, мұндай шығынды заңдық нормадан асыруға болмайды. Мәселен, былтыр осы ереже бұзылғандықтан, Карнатака штатында өткен сайлау кезінде 1,3 миллиард рупий, алтын бұйымдар, ішімдіктер, есірткі заттары тәркіленген.

Үндістан саясаткерлері митингтерді жақсы көреді: олар халықты жинап, сайлау қарсаңында жалынды риторикаларымен өз жағына тартуға мейлінше күш салады және кейбір үміткерлер тұрғындарға тауық етінен әзірленген ұлттық тағам үлестіреді. Ал, мұндай ас ауылдың қарапайым тұрғыны үшін үлкен олжа саналуы мүмкін. Орындықтарға, петардаларға, микрофондарға, күзетшілерге, кандидаттарды тасымалдайтын көліктерге кететін шығын өз алдына бір төбе.

Үндістан сайлау комиссиясы ескерткендей, биыл да рейтинг бойынша алда келе жатқан канидаттардың атын жамылып, бақ сынайтын адамдар кездесуі мүмкін. Мұндай фактілер 2014 жылы халқы көп Уттар-Прадеш штатында көп тіркелген.

Теледидар мен газет-журналдарда жарнама орнанастырумен айналысатын Zenith India фирмасының мәліметінше, алдағы сайлауда жарнаманың өзіне 26 миллиард рупий жұмсалады. Бұл осыдан бес бұрын екі негізгі партия жарнамаға шығындаған қордан 12 миллиард рупийге көп.

Үндістанда сайлау шығындарының түгелге жуығы үгіт-насихат науқандарына кетеді. Дегенмен, қазір орталық сайлау комиссиясы Гималайдың теңіз деңгейінен 4500 метр биіктігінде орналасқан елді мекендері мен Батыс Үндістан джунглиінде жалғыз күн кешіп жатқан тақуа адамдар үшін дауыс беру бөлімшесін ұйымдастыру қиындығына тап болып отыр.

Тағы бір айта кететін жайт, үстіміздегі қаржы жылында Үндістан бюджеті сайлау комиссиясына 2,62 миллиард рупий бөлген. Сол қаражаттың бір бөлігі шалғайдағы ауылдарға электрондық дауыс беру машинасын жеткізу үшін піл жалдауға және елдің солтүстік-шығысындағы қуатты Брахмапутра өзені арқылы адамдар мен материалдарды қайықпен әрі-бері тасымалдауға жұмсалады.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу