Әкім сайлау ауылды көгерте ме

5504

Елдегі әділ сайлау ауылдағы әкімді таңдаудан басталар деген үміт бар. Күдік те жоқ емес. 

Әкім сайлау ауылды көгерте ме

Президенттің сөзі аузынан шыққаннан бастап заңға қолы қойылғанға дейін ауылдағы сайлау тақырыбы сан түрлі әңгімеге арқау болды. "Биыл әр ауыл өз әкімін өзі таңдап алады". "Бұл – реформа, демократиялық қадам"... Осы сипатта қаншама ой, сараптама, ұсыныс та айтылды. Ақыры санаулы күн бұрын Ақорда Президенттің ауыл әкімдерін сайлауға қатысты заңға қол қойғанын жариялады. ...Әйтсе де, заңда жазылғандай ауылдың өзінде әділ сайлау өтетініне күмәнмен қарайтындар бар. Сайлау барысы ауылдағы ағайынның арасына жік салады-ау деп секемденетіндер де жоқ емес. Қалай дегенмен басталмаған сайлауды мақтағымыз, не даттағымыз келмейді. Тек біршама сарапшының пікірін тыңдап, inbusiness.kz оқырманының назарына ұсынып отырмыз.

Әкім болам десеңіз...

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нақтырақ айтсақ "Қазақстандағы сайлау туралы" конституциялық заңға өзгерістерді енгізетін құжатқа қол қойды. Тың өзгерістер ауыл әкімдерінің сайлауын өткізуге жол ашады. Заңға сәйкес, кандидаттың өзін-өзі ұсынуына мүмкіндігі бар. Сондай-ақ әкімдікке саяси партиялар өз қатарынан кандидатты ұсына алады. Сайлауға түскен үміткерлер 2 адамнан аспаған жағдайда аудан әкіміне де бір үміткерді ұсынуына мүмкіндік берілген.

Әкім болғысы келетін азаматтарға біршама талап қойылып отыр. Үміткердің жасы 25-тен кем болмауы керек. Аталған лауазымға біліктілігі, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын жалпы талаптарға сай болуға тиіс. Жоғары білімінің де болуы шарт. Үміткердің өзі мен зайыбы активтері мен міндеттемелері туралы сайлау комиссиясына декларация өткізуге міндетті. Ол декларацияны мемлекеттік кірістер комитеті бес күннің ішінде тексереді.

Ауыл әкімдігіне үміткерлердің тізімін аудандық сайлау комиссиясы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жолдайды. Өз тарапынан ҰҚК 30 күннің ішінде арнайы тексерудің нәтижесін сайлау комиссиясына жолдауға тиіс.

Кандидаттар әкім болуы үшін бір реттік минималды айлық төлем мөлшерінде жарна өткізеді. Алайда жарна өткізу талабынан саяси партиялардан ұсынылған үміткерлер босатылады. Олар үшін жарнаны партиялардың өзі төлейді.

Сайлаудың қашан өтетіні 40 күн бұрын жарияланады. Сайлау кампаниясының 30 күнге созылатынын ескерсек, ауыл әкімдерінің бұл науқаны күзде өтетінін болжауға болады.

Бюллетенге "Бәріне қарсымын" деген баған қосылады. Егер кандидаттар бірдей дауыс жинаса, аумақтық комиссия сайлауды қайтадан өткізу туралы шешім қабылдайды.

Рушылдық өршуі мүмкін, бірақ одан қорықпау керек 

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ауыт Мұқибек Президент шешімдеріне аздап көңілі толмайтындар барын, алайда қоғам болған соң, ол заңды құбылыс екенін айтады. Оның пікіріне құлақ ассақ, Мемлекет басшысының шешімдерін қате немесе дұрыс емес деп ешкім айта алған жоқ.

"Әрине, ауыл әкімдерін сайлауда кемшіліктер болуы мүмкін. Ол заңдағы олқылықтардан емес, жергілікті жердегі таңдаудан келуі, тіпті көбірек болуы да ықтимал. Ол – рушылдық пен жершілдіктен туындайды деп ойлаймын. Бірақ оның да өзіндік пайдасы бар, тәжірибе жиналады. Оның үстіне, бұл – бірінші рет өткізіліп отырған сайлау. Бүгін кеткен кемшілік, келесіде түзетіледі. Әкімді сайлай білген жұрттың, кетіруге де құқығы бар. Сөйтіп, халық бұл кезеңнен де өтеді. Ең бастысы, ауыл әкімдері ұйқысынан оянып, жоғары жақтан гөрі төменге көбірек қарайтын, тіпті жалтақтайтын болады. Халықтың талабы мен әкімнің жауапкершілігі күшейеді",– деп сенеді сарапшы.

Ауыт Мұқибек жалпы, ауыл әкімдерін сайлау – өте маңызды қадам деп есептейді. "Сайлау мәдениеті төменнен қалыптасқаны дұрыс",–дейді. Айтуынша, алыстан оралып, Қазақстан азаматтығын алған, 18 жасқа дейінгі қандастарымыздың тек президенттікке кандидат болып түсуге ғана мүмкіндігі жоқ, өзге сайлаулардың бәріне қатысуға құқығы бар.

Ауылдағы ағайынның алауыздығына сайлау себеп болуы мүмкін бе деген сұрағымызды Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиға да қойып көрген едік. Мәжілісменнің пайымдауынша, мұндай қауіпті жоққа шығаруға болмайды. Депутат Абайдың тұсында да халықтың партияға бөлініп, қырық пышақ болғанын тарихтан мысал ретінде келтіріп өтті.

"Ру дейтін ол... Тіпті бір ру болса да, соның ішінде атаға бөлініп алып, таласып жататындар да бар. Сондықтан ру деуге келмейтін шығар. Бөлінгісі келетіндер амалын табады. Қалай бөлінсе де, жұртты біріктіретін адам әкім болуы керек. Ең бастысы, әрине. Елдің ақсақалдары, үлкендері бар. Бәрі бірігіп, атсалысып, ондайға жол бермеуі керек. Ол мәселеге мемлекеттік билік қана емес, сол жердегі ақсақалдар, үлкендер де араласуға тиіс", – дейді депутат.

Кандидатқа неге талап көп қойылып отыр?

Берік Әбдіғали Қазақстанның солтүстігіндегі облыстарда халық саны 400-600 адамнан аспайтын ауылдар көп екенін ескеру керектігін атап өтті. "Күні ертең кім қалай дауыс бергенін ауыл халқының бәрі тегіс біліп отырады",–дейді. Яғни ауыл халқы сайлаудың өзінің әділетті өтуін қамтамасыз етеді. Өйткені сайлаудағы дауысты санап алатын да – ауыл тұрғындарының өздері. Депутат сол себепті шағын ауылдарда ешкім-ешкімді алдай алмайтынына сенімді.

Берік Әбдіғалидың өзі де былтыр ғана Ұлытау ауданының әкімі болған. Әңгімеміз барысында ауылдарға барғанда халықтың өзі осындай мәселелерді жиі көтеретінін, "біз осы әкімімізді неге өзіміз сайламаймыз" деп сұрақ қоятынын айтып қалды.

"Ауыл әкімі лауазымы – кәдімгі мемлекеттік қызмет. Мемлекеттік қызметтерге қандай талап бар – ауыл әкімдеріне де сондай талап қойылып отыр. Басқа ештеңе жоқ. Ауылда жай жүріп, "мен де әкім болып көрейінші" дейтін неше түрлі адам болады. Ертең сол кісіміз дұрыс жұмыс істей алмаса, қағаздарға қол қоймай, істі болып сотталып жатса – бәріне қиянат жасаймыз. Әкімдіктің жұмысы оңай емес. Қаражатқа байланысты қаншама қағаз-құжат бар. Ол өзі компьютерімен конкурс ұйымдастыруы керек. Бәрі үшін ауыл әкімі жеке жауап береді. Оған қоса ол елмен сөйлесе білуге тиіс", – деп сөзін түйіндеді Берік Әбдіғали.

Ауыл жайлы жазған соң "Ауыл" партиясын да айналып өтпеуге тырыстық. Төрағасы Әли Бектаевты әңгімеге тартып көргенбіз. Жақтастары алдағы сайлауға тас-түйін дайын екен. Айтуынша, ауыл әкімдігіне үміткерге қойылып отырған талаптар орынды. Себебі мемлекеттік қызметте еңбек ету үшін әкімнің біліктілігі болуы керек.

"Арнайы тексеруден өткен адамның соттылығы бар ма, бұрын түрлі жемқорлық немесе басқа да қылмыстарға тартылған ба, жоқ па – бәрі анықталады. Ауыл әкімі деген халықпен жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкер болғаннан кейін, оған қойылатын нақты талаптар да болуы керек. Ол жаңадан шығарылған нәрсе емес. Дәл сол әкімдіктің өзінен әкімнің сайлануы керек деген сөз жоқ. Сол ауылдан шыққан, туған, алайда басқа ауылда немесе ауданда жұмыс істеп жүрген азаматтар көп. Облыс деңгейінде жүрген немесе басқа шаруашылық қызметтерге ауысып кеткен кандидаттар да болады. Қазір мысалы мемлекеттік қызметте ешқандай тәжірибесі жоқ ауыл әкімін сайлап алдық делік. Мемлекеттік қызметтің не екенін білмеген, халық пен оның кәсібін ұқпаған адамыңыз қалай әкім болады? Сондықтан мемлекеттік қызметте тәжіриесі бар адам әкім болуы керек деген талап дұрыс",– деді Мәжіліс депутаты.

Өзін-өзі ұсынған азаматтың әкім болып кетуі қиын

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов болса сайлаудың әділ өтетініне сенбейтінін, тәуелсіз азаматтардың әкім болатынына күмәні барын жасырмайды. Оның пайымдауынша, қазіргі сайлау жүйесі "Нұр Отан" мен басқа да партия өкілдерінің өтуіне ыңғайластырылған.

"Өздерін ұсынған азаматтардың әкім болып кетуі қиын. Аракідік бір демократиялық өзгерістер болып жатыр деп айту үшін мүмкін тәуелсіз кандидаттарды жіберетін шығар. Олар үшін ауыл аса үлкен саяси қауіп төндірмейді. Неге? Өйткені ауыл әкімінің саяси, ал ең бастысы экономикалық тұрғыдан қолы байлаулы. Өзінің бюджеті жоқ. Халық әкімін сайлап алған күннің өзінде ол аудан әкіміне қарайды. Аудан әкімі облыс әкіміне бағынышты. Облыс әкімі Үкіметке есеп береді. Қарап тұрсақ, бұл – тікелей иерархия. Өзінің бюджеті болмай, сол бюджетті дұрыс игеру үшін өзі шешім қабылдай алмай, біздің әкімдер тәуелсіз саяси қызметкер бола алмайды",–деп есептейді саясаттанушы.

Шалқар Нұрсейітов сайлау бюллетеніне "барлығына қарсымын" деген бағанның енгізілуіне қоғам үшін жақсы көрсеткіш деп баға берді. Айтуынша, биыл Парламент сайлауында 300 мыңға жуық дауыс беруші қарсылық білдірген. Шын мәнінде, бюллетенді құртқан азаматтардың саны одан да көп болуы мүмкін.

"Өкінішке қарай, біз нақты санды білмейміз. Өйткені сайлау комиссиясы бізге әр аймақ бойынша нақты санды көрсетпейді. Бұл – шын мәнінде азаматтарға сайлау нәтижесіне әсер етуге мүмкіндік бермейді. Неліктен? Себебі айналып келгенде сайлау комиссиясы, одан бөлек аймақтық территориялық сайлау комиссиялары бар – барлығы өз қалауы бойынша жоғарыдан келген тапсырмамен сайлау нәтижесін әр учаскеде көрсетеді. Яғни ол жерде бір учаскедегі 1000 адамның бәрі "барлығына қарсымын" деп белгілесе, сайлау комиссиясының қорытындыны дәл солай көрсететініне күмәнім бар. Себебі мұндай факт сайлау нәтижесін жоққа шығарады. Еуропарламент Қазақстанға қатысты жылдың басында резолюция қабылдады. Соған бір жауап ретінде "жаңа Президенттің келуімен Қазақстан өзгеріп, демократиялық бағытта бой түзеп жатыр" деген пікір қалыптастыру үшін қолға алынған саяси косметикалық өзгерістер болып жатыр. Мұны өкінішке қарай реформа деп ауыз толтырып айтуға келмейді",– деп түйді жалпы реформаларға баға берген саясаттанушы.

Аудан әкімінен бір үміткер

Заң бойынша аудан әкімі де ауыл әкімдігіне бір үміткерді ұсына алады. Дегенмен бұл бап алдағы сайлауда ым-жымы бір жақтастардың оң жамбасына келіп тұрған жоқ па? Аудан әкімдері ұсынған кандидаттар оза шапса, халыққа қайтпек керек? Аудан әкімдерінің "батасын алғандардың" бағы жанып кетпей ме? Сарапшыларға осы сұрақты да қойдық. Берік Әбдіғалидің айтуынша, бұл жердегі жеңіс – халықтың өзінің ұйымдасуына байланысты. Ауылға әкімді аудан әкімі, партия ұсынуы мүмкін. "Бірақ халық өзі жиналып, беделді адамын таңдап, бірігіп дауыс беріп жатса, ешкім де оған аудан әкімі де, партия да кедергі келтіре алмайды" дейді ол.

Сарапшы Марат Шибұтов бұл баптан аса қорқыныш жоқтығын алға тартты. Оның айтуынша, аудан әкімі өз кандидатурасын қандай жағдайда ұсына алатынына мән беру керек. Егер ұсынылған кандидаттардың саны 2 адамнан аспаса ғана аудан әкімінің ұсынуына мүмкіндігі бар. Яғни, адам аз болған жағдайда бәсекелестік болуы үшін аудан әкімі өз тарапынан кандидатты ұсына алады.

"Сондықтан бұл шұғыл шара – ауыл әкімін сайлауда аса қатты қолданыла қоймайды деген ойдамын. Менің ойымша, ауыл әкімдігіне ұсынылатын кандидаттардың саны көп болады. Ең алыс, халқы аз, ешкім әкім болғысы келмейтін ауылдарда ғана аудан әкімдері өз кандидаттарын ұсынуы мүмкін. Әлбетте, партиялардың аудандық филиалдары аянып қалмайды. Өз кандидаттарын ұсынады. Сондықтан бұл нормаға күмәнданудың қажеті жоқ. 10 мың немесе 20 мың халқы бар ауылдарда бәсеке қыза түсер деген үміттемін", – деп түйді Марат Шибұтов.

Аян Өрібай


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу