Зағиптар сайлауда алдағандай сезінуде

1791

Ресей бізден тағы бір салада озды.

Зағиптар сайлауда алдағандай сезінуде

"Қазақстандағы сайлау туралы" конституциялық заңына сәйкес, азаматтардың сайлау құқықтарын бұзуға, дауыс беру құпиясын бұзуға не сайлаушының ерiк бiлдiруiн бұрмалауға қатаң тыйым салынған.

Сондықтан Президентті, Парламент пен мәслихаттар депутаттарын, сондай-ақ әкімдерді сайлағанда, дауыс беру кабинасына екі адамның қатар кіруіне жол берілмейді. Егер кіріп кетсе, отандық және шетелдік байқаушылар мұны бұзушылық ретінде тіркейді.

Мұндай тәсіл әрине, соқырлардың құқығы мен мүддесіне сәйкес келмейді. Елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың осы санатының қажеттіліктер толыққанды ескерілмеген.

Дегенмен, бұл тұйықтан шығар жол бар: сайлау кезінде көру қабілетінен айырылған адамдар үшін сайлау бюллетенінің ерекше түрін – Брайль шрифтімен терілген бюллетенді, болмаса трафаретті ұсынуға болады.

Қоғам белсендісі Мұсағали Дауылов биылғы сайлауда содан үміттенгендерін жеткізді. Және бұл үміті жоқ жерден тумаған.

"2021 жылғы 10 қаңтарда өткен Парламент пен мәслихат депутаттарының сайлауында көру қабілеті бұзылған адамдардың дауыс беруі үшін трафареттер пайдаланылды. Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне шағым жолдадым. Ортсайлаукомның қайтарған жауабына көңілім толмайды және онымен келіспеймін", – дейді ол.

Орталық сайлау комиссиясы өз жауабында биылғы сайлауда ондай бюллетень шығару о бастан көзделмегенін меңзеді.

"Азаматтың 2021 жылғы 16 ақпандағы сұрауын қарай келе, Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы келесіні мәлім етеді:  Парламент Мәжіліс мен маслихаттар депутаттарының сайлауында көру қабілеті бойынша мүгедек азаматтар үшін Брайльдің бедерлі-нүктелі шрифті бар бюллетендерді жасау қарастырылған жоқ. Тиісінше Қазақстанның Ортсайлаукомы да, аумақтық сайлау комиссиялары да аталған жұмыстарды сатып алуды жүзеге асырған жоқ. ОСК аппарат басшысы Ә.Ғалымова", – делінген жауапта.

Соқыр жанға – Брайльсіз трафарет

"Мұны қалай түсінуге болады. Себебі, goszakup.gov.kz мемлекеттік сатып алу сайтында зағип адамдар дауыс бере алуы үшін трафареттер әзірлеуді бір көзден сатып алуға байқау жарияланған. Сондықтан Орталық сайлау комиссиясы жауабының қаншалықты шындыққа жанасымды екеніне тексеру жүргізуді сұраймын", – дейді құзырлы органдарға жүгінген М.Дауылов.

Расында, мемлекеттік сатып алулар порталында ОСК-ның 2020 жылғы желтоқсанда "Бюллетеньдер мен трафареттер дайындау" жөнінде тікелей келісім бекіту жолымен бір көзден сатып алуды ұйымдастырғаны көрсетілген. Оның шарты бойынша жеңімпаз компания "көру қабілеті бұзылған сайлаушылар үшін трафарет жасауға, Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауында құпия дауыс беру үшін бюллетендерді әзірлеуге" тиіс болған.

Сатып алу сомасы 142 миллион 57,1 мың теңгені құрапты. Қаражат республикалық бюджеттен бөлінген. Қандай компания жеңіп алғаны да жазылыпты. Бұған қоса, "келісімді орындаудың жоспарланған мерзімі" ретінде 2020 жылғы 31 желтоқсан белгіленді.

Алайда "Орындаудың іс жүзіндегі датасы" бос тұр.

Қалай болғанда, сайлауда Брайль қарпі бар арнайы бюллетендер ешкімге ұсынылмаған.

Мұның мәнісін Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы Берік Нәжімиденов айтып берді. Комитет мемсатыпалулар порталындағы ақпаратты зерделеген екен.

"Анықталғанындай, Орталық сайлау комиссиясы тікелей келісім бекіту жолымен бір көзден тәсілімен мемлекеттік сатып алулар туралы келісім бекітті. Келісім көру қабілеті бұзылған сайлаушыларға арналған трафареттер дайындау жұмыстарын қарастырды. Сол трафареттерді пайдаланып, зағиптар қарапайым бюллетенді өз бетінше толтыра алады. Бұл ретте мемсатыпалулар порталында ұсынылған техникалық спецификацияға сәйкес, аталған келісім бойынша Брайль бедерлі-нүктелі шрифтті пайдаланусыз, трафареттер сатып алынғанын атап өткіміз келеді", – деді комитет төрағасы.

Бара-бар Ресейге тең болмадық

Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстан дамыған елдер түгіл, тіпті Ресейден біршама арттап қалды. Мәселен, солтүстік көршіде сайлау кезінде бюллетенде не жазылғанын көре алмайтын адамдар үшін трафареттің бірнеше түрі ұсынылады. Атап айтқанда, ресейлік сайлау саласының маманы Оксана Кислицынаның түсіндіруінше, дауыс беру кезінде көру мүмкіндігі шектелген немесе одан айырылған жандарға ірі қаріпті трафарет және Брайль шрифтімен басылған трафареттер ұсынылады. 

"Әрбір сайлау учаскесінде нашар көретін сайлаушыларға арналған ірі шрифтті трафареттерді табуға болады. Егер дауыс беруге көру қабілетін жоғалтқан сайлаушы келсе, онда оған Брайль әліпбиімен басылған трафарет көмегімен өз бетінше, ешкімнің көмегінсіз ықтиярын білдіру мүмкіндігі беріледі. Барлық трафареттер көру қабілеті бойынша мүгедектерді сауықтыру орталығы мамандарының тексеруінен өткен. Осы қос түрлі трафареттер сыртында зағиптарға сайлау алдында арнайы шақыру – секограмма жолданады. Әрбір осындай секограммада Брайль арнайы қарпімен мәтін жазылып, онда зағип жанға дауыс берудің қай күні өтетіні және сайлау учаскесі қай жерде орналасқаны хабарланады", – деді ресейлік маман.

Осылайша, Ресейде еш айғай-шусыз, ың-шыңсыз мүмкіндігі шектеулі жандарға әр салада жағдай жасалуда.

Ал әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына кіретіні жайында жаһанға жар салған Қазақстанда мүгедектерге қатысты қаптаған заң мен қаулы қабылдануда, бұл іске билеуші партия жеке жобасын арнаған, Үкімет үкіметтік емес ұйымдарға осы мақсатта қаншама қаражат үлестіріледі. Жыл сайын пандустар орнату мәселесін билік жеке қарап, есеп тыңдайды. Соған қарамастан, көп жайт тасада қалып, мемлекет бұл салада сонша мақтанатындай жетістікке жетер емес.

Озық елдердің, ең құрығанда көршілерінің жақсы үлгілерін алу орнына біздің шенеуніктер қулыққа басыпты. Мысалы, "Сайлау туралы" конституциялық заңда зағиптарға дауыс беру кабинасына өзімен бірге адам ала кіруге рұқсат берген көрінеді.

"Дауыс берушiлер сайлау бюллетеньдерiн жасырын дауыс беруге арналған кабиналарда толтырады. Оларды толтыру кезiнде дауыс берушiден басқа кiмнiң болса да кiрiп тұруына тыйым салынады. Бірақ бюллетеньдердi өз бетiнше толтыруға мүмкiндiгi жоқ сайлаушы өзi сенетiн адамның көмегiн пайдалануға хақылы", – деп жазып қойған.  

Айтпақшы, алда әкімдер сайлауы келе жатқанын ескерсек, зағип жандарға бөгденің көмегінсіз дауыс беруге мүмкіндік жасау қайтадан өзекті болмақ.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу