Әлем коронавирус үшін бар шығынын Қытайдан өндіруі мүмкін

5651

Ковидтің шың елінен тарағаны растала бастағанға ұқсайды.

Әлем коронавирус үшін бар шығынын Қытайдан өндіруі мүмкін Фото: eastasiaforum.org

Джонс Хопкинс университеті (Johns Hopkins University) сарапшыларының санағында көрсетілгендей, 2020 жылдың наурызында жаһандық пандемия басталғалы бері әлемде COVID-19 індетінен жалпы саны 6 миллион 811,6 мыңнан астам адам қаза тапты.  

Бірақ бұл сан нақты емес. Себебі, сарапшылардың байламынша, Ресей, Қытай және басқа елдер дерттен қаза тапқандардың шын санын жасыруы мүмкін. Мысалы, ақпарат құралдары ҚХР-да мәйіттерді тіркеуге алмай, жаппай жағып жатқаны жөнінде дүркін-дүркін хабарлады.

Сонымен бірге жарты әлем екі жылдай үреймен телмірген жаһандық санақ деректерінде қайшылық бар. Онда 2023 жылғы 11 наурыздағы жағдай бойынша төрткүл дүниеде 681 млн 459,9 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырып, ауырғаны көрсетілген. Бірақ соның бүгінде тек 654 млн 344,9 мыңы ғана айығыпты. Сонда 27,1 миллион адамның қайда кеткені белгісіз. Мемлекеттер ковид стационарларын жаппай жапты.

Қытай ісіне келсек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) адамзатты қырғынға ұшыратқан вирустың табиғи әлде жасанды екенін, ол зертханада арнайы жасалған болса, бұған кім кінәлі болғанын анықтау үшін түрлі елдің ғалымдарынан құралған топ құрған. Шығыс көрші ол миссияны ұзақ уақыт өз аумағына жібермеді. Батыс ақпарат құралдарының болжамынша, осы уақытта Қытай билігі іздерді жоюы мүмкін. Мысалы, вирус алғаш тіркелген Ухань қаласындағы жануарлар базарының бір бөлігі сүріліп тасталыпты.

Тек 2021 жылы ұйымның беделді эксперттерінен құралған топ зерттеу мақсатында Ухань қаласына бара алды. Мамандар сол жылғы наурызда алдын ала есебін жариялады, онда 4 сценарий берілген, соның ішінде мүмкіндігі жоғарысы ретінде "вирус алдымен жарғанаттан адамға берілуі ықтимал" деген жорамал аталды. Демек, Қытай жағы мамандардың вирусты "лабораториялық туынды" деп жарияламағанына қуанып, уһ деп жеңіл күрсінуге тиіс еді, оның орнына Бейжің алдын ала есептегі ақпараттың сыртқа ағып кеткеніне қатты кіжінді. Бұл қылық көптеген сарапшының күдігін туғызды.  

Ал енді, 2023 жылдың басында ДДСҰ Қытайдағы миссиясының жұмысын доғаруға мәжбүр екенін жариялап отыр. ҚХР халықаралық ұйым мамандарына үлкен зерттеудің маңызды екінші фазасын өткізуге рұқсат бермей қойды. Дәл осы кезең коронавирустың шығу тегін әшкерелеуге тиіс еді. Бұл туралы медицинаға маманданған Nature мәлім етті.

Nature жазуынша, 2021 жылғы шілдеде ДДСҰ зерттеудің маңызды екінші сатысы аясында не жасалатынының жай-жапсары жазылған циркуляр таратыпты. Бұдан Бейжің қатты тіксінсе керек. Себебі, 2 кезеңде халықаралық зерттеуші ғалымдардың Ухань қаласының айналасындағы жабайы жануарлар сатылатын барлық базарды (қытайлар ит, мысық, тышқан, жыланнан бастап, жәндік пен аң атаулының бәрін тамаққа тұтына береді), бұдан бөлек сол нарықтармен байланысы бар, тірі тауар жеткізетін фермерлерді тегіс тексеріп шығуы жоспарланған.

Тек сонда ғана вирустың таралу жолын дәлірек табуға болатын.

Сарапшылардың пікірінше, ұйым құжатында қытайлардың төбе шашын тік тұрғызған тағы бір пункт болыпты: осы сатыда коронавирустың алғашқы деректері тіркелген елді мекендерінде орналасқан ҚХР вирусологиялық зертханаларында ауқымды аудит жүргізу қарастырылды. Себебі, оларда жарғанаттарға да сынақтар жүргізілген, солардың бірі әлдеқалай сыртқа ұшып кетуі мүмкін.

Nature екінші кезеңді бүкіл әлем ғалымдары тағатсыздана күткенін еске салады: миллиондардың өмірін жалмаған індеттің қалай туындағанын әрбір маман білуге асық. Оның үстіне бұл білім адамзатты болашақта жаһандық пандемиялардан аман сақтап қалуға үлес қосатын еді.

Бұған қоса, 2021 жылғы тамызда Уханьда болған ДДСҰ миссиясының мүшелері де зерттеудің екінші сатысына тездетіп кірісу қажеттігін айтып, дабыл қақты. Олардың дәйектеуінше, уақыт ұзаған сайын вирустың биологиялық іздері жоғала береді. Мысалы, ең алғашқы ауырғандардың бойынан соны растайтын антиденелер жойылып кетеді.

Алайда содан бері түрлі сылтау айтып, созбұйдаға салған Қытай ДДСҰ мамандарына екінші фазаны бастауға іс жүзінде тосқауыл қойды. Nature сарапшыларға сілтеме жасап, бұл іске саясат араласқанын алға тартады: Қытай өз тұрғындарынан және өз аумағында шетелдіктердің түрлі материалдар, вирусологиялық деректер жинағанын қаламайды.

Бұған өкініш білдірген канадалық Саскачеван Университетінің вирусологы Анджела Расмуссен Қытай ДДСҰ эксперттеріне еркін аяқ бастырмай, түрлі тыйымдарымен байлап-матап тастағанын жеткізді.

Күні кеше Си Цзиньпинь ҚХР төрағасы болып, үшінші мерзімге сайланды. Бұл ел диктатура жолына түсуі мүмкін.

Бәріне саяси ахуал кедергі болғанын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жасырмады.

"Екінші фаза болмайды. Ұйым жұмысты кезең кезеңмен жүзеге асырып шығуды жоспарлап еді. Бірақ бұл жоспар жайына қалып тұр. Бүкіл әлемдегі саясат вирустың шығу тегін анықтау жолындағы прогреске шынымен бөгесін болды", – деп мәлімдеді Женевадағы ДДСҰ эпидемиолог-инфекционисті, ұйымның COVID-19 пандемиясына үн қату бойынша эксперті Мария Ван Керхове.

Вирусологтар ҚХР үкіметінің адамзат үшін маңызды ғылыми зерттеуге тыйым салып тастағанына және ДДСҰ-ның оны иліктіре алмағанына қатты қапаланып, түңіліп жатыр. Бостондағы жаңа жұқпалы аурулардың ұлттық институтының зерттеушісі Джеральд Койш (Gerald Keusch) Қытай мен ДДСҰ ковидтің қайнарын табу міндетін жарға жықты деп айыптады.

Сонымен бірге, бүгінде АҚШ-та коронавирустың қайдан шыққанына қатысты айтыс-тартыстар қайта жанданды. Негізсіз емес: Америка одан ең көп зардап шеккен №1 ел. Құрама Штаттарда індетке жалпы саны 105,6 миллионға жуық азаматы шалдығып, оның 1 миллион 148,7 мыңнан астамы жантәсілім етті. Осынша адамынан әлемде бірде бір ел айырылған жоқ (ресми дерек бойынша).

2023 жылғы 1 наурызда Fox News телеарнасында Федералдық тергеу бюросының директоры Кристофер Рэйдің сұхбаты жарияланды. Оның тақырыбының өзі айғайлап тұр: "FBI директорының айтуынша, COVID пандемиясы Қытай лабораториясында туындағанға ұқсайды".

Яғни, К.Рэй пандемия әлемге Қытайдың Уханьдағы зертханасынан таралып кетті деп ашық айыптап отыр. Шынында, шың елінің сол қаласында Ухань вирусология институты орналасқан, онда қатаң режимдегі лабораторияда ғалымдар коронавирустармен жұмыс істеген.

"FBI жаһандық пандемияның басталуына Уханьдағы зертханадағы ықтимал инцидент себепкер болуы мүмкін деп санайды. Мәселе ҚХР үкіметі бақылауындағы лабораториядан вирустың сыртқа шығып кетуі мүмкіндігінде болып отыр. Ал Қытай үкіметі осыған қатысты зерттеулерге кедергі жасап, мамандарды шатастыру үшін қолдан келгеннің және ойына келгеннің бәрін жасауда. Бұл бәріміз үшін өте өкінішті жайт", – деп нықтады ФТБ директоры.

Ол Федералдық тергеу бюросында биологиялық қатерлер қаупін зерттеумен айналысып жатқан арнаулы мамандар барын еске салды.

Бұдан бөлек, дәл осы нұсқаны АҚШ Энергетика министрлігі де қарастырып жатқаны белгілі болды. Қырғи қабақ соғыс кезінде Кеңес одағы тарапынан болуы мүмкін ядролық соққы және басқа да шабуылдар мен олардың салдарларын жою осы министрлікке жүктелген еді. Содан бері ведомство өз құзырын кеңейтіп, оның құрамына қолдан жасалған эпидемиялармен күресіп, соны зерттейтін ғылыми зертханалар желісі берілген.

Fox News атап өтуінше, ФТБ мен Энергетика министрлігі бір бірінен тәуілсіз түрде осындай байламға келіпті.

РФ ғылым академиясы институтының аға ғылыми қызметкері, биоинформатик Александр Панчин XXI ғасырда ең көп адамды жайратып салған аса қауіпті вирустың қайдан келгеніне қатысты бірнеше теория барына назар аудартты.

"Соның бірін ұстанатын АҚШ құрылымдары пандемияның туындауына қытай зертханасын кінәлайды. Негізсіз еместей: COVID-19 індеті алғаш 2019 жылдың желтоқсанында Уханьда тіркелді. Дәл сол қалада 1956 жылдан бері микробиологиялық зерттеулермен шұғылданатын Ухань вирусология институты орын тепкен. Институтқа Биоқауіпсіздіктің ұлттық лабораториясы кіреді: ол BSL-4 стандарты бойынша сертификатталған Қытайдағы бірінші орын. Бұл оған әлемдегі ең қауіпті ауру қоздырғыштарын зерттеуге мүмкіндік берді", – деді А.Панчин.

Панчин бұған дейін де, 2004 жылы Қытайда атипті пневмония – SARS вирусының сыртқа шығып кеткенін еске салды. Сол кезде билік індеттің "кездейсоқ қашып кеткенін" мойындаған еді.

2021 жылы Daily Caller елді елең еткізген жаңалықты жариялады: Ухань зертханасының вирусологтарының бірінің әйелі пандемия басталмай тұрып, 2019 жылғы желтоқсанда коронавирустан өліпті.

Қытай болса, АҚШ лауазымды тұлғаларының мәлімдемелерін айыптады және "фактілерді саяси манипуляцияға салуға болмайтынын" нұсқады. ҚХР үкіметі де, Ухань институтының басшылығы да вирустың лабораториялық шығу тегін жоққа шығарды.

Бірақ олардың әлемге ашылмауы, айқындылық танытпауы, ғалымдарды вирустың бастапқы ошағына жібермеуі күдік бұлтын қалыңдата түседі.

Ресейлік бірқатар саясаттанушы АҚШ вирустың қытайлық зертханадан таралуын жариялау арқылы Бейжіңге қысым көрсетуге тырысып отыруы мүмкін деп тұспалдады. Өйткені вирус кесірінен туысқандарынан айырылған миллиондаған адам бүкіл әлемде Қытайды сотқа беруі мүмкін. Онда шығындар триллиондаған долларға жетуі ғажап емес. Сонымен қатар мұның бәрі ҚХР имиджіне қуатты соққы. Сонда Ресейге қолдау көрсетіп, Тайваньды өзіне қосып алуға ынтыққан ҚХР "байтал түгіл, бас қайғы" жағдайға жетер еді.

Алпауыт державалар қақтығысы ушығып барады, олар осы шайқаста кез келген нәрсені, вирусты да қолшоқпар ретінде пайдалануға әзір сияқты.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу