Әлемде 15 жастан асқан еріктілердің саны 850 млн-нан асты

1687

Нұр-Сұлтанда алғаш рет ұйымдастырылған Орталық Азия волонтерлер форумының пленарлық сессиясы өтіп жатыр.

Әлемде 15 жастан асқан еріктілердің саны 850 млн-нан асты

"Волонтерлер қоғамда тәртіптің жаңа үлгісін қалыптастыратын адамдар. Ол – жауапкершілік пен қамқорлықтың үлгісі. Сіздердің жұмыстарыңыз жақсылық пен мейірімділікке деген сенімді күшейтеді. Қиын жағдайда көмек қолын созатын, жүрегі кең жандардың табылатынына сену адамға ерекше рух береді. Осындай құндылықтарды дәріптей отырып, сіздер бүкіл қоғамды өзгертесіздер. Сондықтан елдегі волонтерліктің деңгейі қоғамның кемелдену көрсеткіші деп айтуға толық негіз бар", – деді Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат Спикері елде Волонтерлікті қолдау стандартын енгізудің қажеттігін атап өтті.  

Жалпы елімізде 680-нен астам еріктілер ұйымдары мен топтары бар. Осыған дейін еліміздегі тұрақты волонтерлер саны 200 мыңды құрайтынын жазған болатынбыз.

Форумда сөз сөйлеген ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров елімізде еріктілер қозғалысының дамуына бірқатар факторлардың әсер еткенін атап өтті. Оған волонтерлікті дамытудың 2023 жылға дейінгі жол картасы, "Birgemiz" республикалық фронт-офисі мен 17 өңірдегі офисінің жұмысы кіреді. Бұдан бөлек 53 мыңға жуық еріктіні, мыңнан астам жобаны және 3400-ден астам ұйымды біріктіретін qazvolunteer.kz ақпараттық платформасын да атауға болады.

"Біздің форумның серіктесі – Біріккен Ұлттар Ұйымының Еріктілер Бағдарламасы. Бүгінде БҰҰ жүйесінде Қазақстаннан 71 волонтер жұмыс істейді, оның 42-сі әйелдер. Қазақстандық 7 волонтер біздің министрлік пен БҰҰ Еріктілер Бағдарламасы арасындағы серіктестік туралы келісім аясында Иорданиядағы, Кениядағы, Түркиядағы және Таиландтағы БҰҰ-ның түрлі құрылымдарында жемісті еңбек етіп жатыр. Қазақстандық еріктілер өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсетіп, БҰҰ тарапынан жоғары бағаланды.  Біз осы бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастырамыз... Орталық Азия форумының нәтижелері, соның ішінде Орталық Азия волонтерлер хабын құру да осы мақсатқа қызмет ететініне сенімдімін. Жалпы Волонтерлік қозғалыстың дамуына оң ықпал етпек", – деді министр.

Қазақстанда арнайы тағайындалған "Халық алғысы" мемлекеттік медалі мен "Волонтер года" халықаралық сыйлығы бар. 2020 жылдан бастап бұл наградалармен 700-ге жуық волонтер марапатталған. 

Жиынға Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстаннан келген еріктілер саласындағы сарапшылар келді. Бұдан бөлек Әзірбайжан, Армения, Грузия, Ресей және Түркия елдерінен келген делегациялар қатысты.

Пленарлық сессияда сөз сөйлеген спикерлер өз оқиғаларымен бөлісті. Соның бірі – Бекназар Қазиев. Оның еріктілікпен айналысқанына 15 жылдан асты. Ол Елордада тұрады. Мектеп қабырғасында оқып жүріп, еріктілер қатарына енген. Алғашында көршілерге, мүгедек адамдарға, қарияларға барып көмектескен. Бүгінгі таңда елдегі волонтерлық қозғалысқа өзінің үлесін қосып отыр. Осыдан бес жыл бұрын "Тәлімгер" жобасына қатысып, балалар үйі тәрбиеленушісінің тәлімгері болды.

"Жобаға бес жыл бойы қатысып келемін. Виталиймен танысқан кезде ол 13 жаста болатын. Қазір оның жасы 18-де, 2 курс студенті. Бүгінде жақсы араласып тұрамыз. Жақында үйлендім. Тойымның қадірлі қонағы болды. Бір-бірімізді әрқашан қолдап отырамыз", – деді Бекназар.

Еске сала кетейік, Орталық Азия волонтерлер форумы 15 тамыздан басталды. Бүгін бұл халықаралық іс-шараның соңғы күні. Форумның ұйымдастырушысы – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі. Іс-шара шеңберінде қатысушылар волонтерліктің жаңа үрдістерін, волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялауға дайындықты талқылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу