Әлемде мұнай өнімдері қымбаттап жатыр. Қазақстанда ше?

4769

Ресейдің мұнай өнімдерін АҚШ нарығына тасымалдауға шектеу енгізілуіне байланысты 2014 жылдан бастап алғаш рет мұнайдың 1 баррелі 130 доллардан асты. Соңғы күндері мұнай бағасының ауытқуы өте жоғары, бұл экономика заңына емес, саясатқа байланысты. 

Әлемде мұнай өнімдері қымбаттап жатыр. Қазақстанда ше?

Биыл наурыздан бері жоғары баға мен геосаяси тәуекелдердің қазақстандық мұнай экспортына әсері қызу талқыланды. 

Әлемдегі мұнай бағасының жоғары болуы бұл Қазақстан бюджеті үшін "жағымды". Экспорттық баж мөлшерлемелері (ставка), рента салығы әлемдегі мұнай бағасы мен долларға байланысты. Алайда бүгінде мұнай бағасы өсуінің "феномені" теңгенің "төмендеуімен" қатар жүреді. Бұл теңгерімсіздік Қазақстанның ішкі нарығына мұнай жеткізуді қамтамасыз ететін мұнайшыларға ешқандай әсерін тигізбей отыр.

Жер қойнауын пайдаланушыларда шикізат экспортының жиынтық үлесі өндіру көлемінің 45%-нан, ал Ақтөбе және Құмкөл тобындағы кен орындарын игеріп жатқандарда бұл көрсеткіш 30%-дан аспайды. Демек теңге бағамының төмендеуі аясында әлемдегі мұнай бағасының өсуі және елдің ішкі нарығын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелер мұнайшыларға "кері" әсерін тигізеді.

Себебі бұрғылау қондырғыларына, сорғыларға және басқа да мұнай кешеніне қызмет көрсету доллар бағамына байланысты, ал Қазақстанның ішкі нарығына мұнай жеткізуді қамтамасыз ететін жер қойнауын пайдаланушылардың негізгі ақша ағыны теңгемен қалыптасады.

Қаңтар оқиғасы, теңгенің құнсыздануы, әрі Қазақстанда жанар-жағармай бағасын көтеруге 180 күндік мораторий енгізілгеніне қарамастан мұнай өндірудің өзіндік құны өсіп жатыр. Қазіргі таңда біздің ішкі нарыққа мұнайдың 1 тоннасы 70-90 мың теңге (мұнайдың бір баррелі 18-23 доллар) көлемінде жеткізілуде. Бұл Қазақстанның ішкі нарығындағы мұнай экспортының номиналынан 2,5-3 есе арзан, әрі оның нақты өзіндік құнына жетпейтінін көрсетеді. Сондықтан еліміздің ішкі нарығына мұнай жеткізетін жер қойнауын пайдаланушылардың экспорттық кірістері яғни қазақстандық мұнай өңдейтін зауыттарға мұнайды жеткізу кезінде болатын шығынды жаппайды.

Әлемдегі геосаяси және экономикалық жағдайларға байланысты Қазақстандағы барлық бөлшек және көтерме сауда кәсіпорындары өз бағаларын көтергенін есепке алған жөн.

Екінші деңгейлі банктер бизнеске кредит беруді тоқтатып жатыр, құрылыс нарығы қымбаттайды немесе олар өз өнімін сатуды тоқтата тұрады. Сондай-ақ азық-түлік және тұрмыстық техниканы сатушылары бағаны өсірген болатын. Қарапайым тұтынушы да өз кірісінің азайғанын сезіп отыр.

Үкіметтің жанар-жағармай бағасын өсірмеуге қатысты енгізген мораторийі нарық қатысушылары үшін ерекшелік болып тұр. Өйткені Қазақстандағы мұнай саласы әлеуметтік бағытқа басымдық беретіні тарихи қалыптасқан факт болып саналады.

Әлеуметтік желіде Қазақстандағы сұйытылған газдың бөлшек саудадағы бағасы әлемдегі ең төмен баға деген ақпарат тарап жатыр. Мен бұл ақпараттың рас-өтірігін айта алмаймын, бірақ бұл планетадағы ең арзан газ екені анық. 2022 жылғы 10 наурыздағы ақпаратқа сәйкес, 1 литр сұйытылған газ – 0,07 доллар.

Мұнайшылар бағаны қанша уақыт ұстап тұра алады, салада қандай тәуекелдер бар, бүгінде саланы қолдау үшін не істеу керек?

Жоғарыда мен теңгенің құнсыздануы, мұнай бағасының жоғары болуы және жанар-жағармай бағасын ішкі бөлшек саудада ұстап тұру мұнай саласының экономикасына "кері әсерін" тигізіп жатқанын айттым. Алайда жағдайды түзеуге әлі мүмкіндік бар.

Үкіметтің тапсырмаларын орындау аясында 2021 жылғы отын дағдарысынан кейін елімізде бензин, дизель отыны мен авиациялық керосиннің жеткілікті қоры қалыптастырылды. Жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарында (МӨЗ) бензиннің жеткілікті қоры бар, себебі оны шығаратын жер жоқ. Егер бензин шығарылмаса, Павлодар мен Атырау мұнай өңдеу зауыттарында өндірісті тоқтатуды көздейтін есептік күндер де бар. Қазір бензин экспортын ашу туралы шешім қабылдау өте орынды. Өйткені оған қолайлы жағдай септігін тигізіп отыр: артық бензин қоры мен әлемдегі мұнай бағасының жоғары болуы. Бензин экспорты еліміздің ішкі нарығына жеткізілетін мұнай құнының артуына ықпал етеді, әрі мораторий жағдайында мұнайшылардың шығынын ішінара жабады.

Мұндай шешімдерді шұғыл түрде қабылдау қажет. Себебі Ресейдің мұнай өнімдері Еуропа және Азия нарығына шектеу енгізу қаупінің жоғары болуы, ресейлік арзан отынның ЕАЭО нарығына эспансиясын ескерсек, шешімді уақытында қабылдау мұнай өңдеу саласының қалыпты жұмыс істеуіне, әрі мұнай өндірудегі құлдырып бара жатқан экономиканы қолдауға мүмкіндік береді.

Қазақстанның мұнай саласы нарықты тұрақтандырушы ретінде қызмет атқарып жатыр, ал бағаны ұстап тұрудың әлеуметтік маңызын ескерсек, бұл мемлекет экономикасындағы басымдық берілетін қызметтің бірі болып қала береді. Мұнай саласы Қазақстан үшін маңызды сектор екенін ескерсек, әлемдегі бүгінгі жағдайда оны қорғау керек.

Ерлан Жаукин

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу