Әлемдік БАҚ: "Қазақстан жарты ғасыр араз Рим мен Қытайды татуластыра ма?"

3146

Рим Папасы Францисктің қазақ еліне сапары әлемдегі барлық ақпарат құралдарының басты бір тақырыбына айналды. Ол туралы жазбағаны аз. Бұл ретте жаһандық БАҚ-тың не ой түйгені қызық.

Әлемдік БАҚ: "Қазақстан жарты ғасыр араз Рим мен Қытайды татуластыра ма?"

Съез – қазақтардың бейбітсүйгіш сыртқы саясатының жарқын үлгісі

АҚШ-тың жетекші басылымы The Washington Post Рим Папасы сапарлаған шақта Қазақстанның астанасына Қытай төрағасы Си Цзиньпин де келе қалғанына назар аудартты.

"ҚХР лидері әлемде коронавирус пандемиясы басталғалы бірінші шетелдік сапарын Қазақстанға жасап отыр. Осы кезде астанада Франциск болады. Ватикан мен Бейжің жарты ғасырдан бері дипломатиялық қарым-қатынас жасамаған еді. Осы уақытта олар араз болды. Аралары қазір де күрделі. Қос тарап Қытайдағы католиктік епископтардың кандидаттарына қатысты дауды аяқтап, мәмілеге келулері керек. Ватикан қазіргі уақытта Франциск пен Си арасында ешқандай кездесу жоспарланбағанын мәлімдеген еді. Бірақ енді екеуі де Қазақстанның астанасында. Мысалы, дастархан басында жолығып қалуы да ғажап емес. Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Сидің кестесінде Францискпен келіссөздерге уақыт қарастырылғанына күмәнданды. Алайда Нұр-Сұлтанға барар алдында Францисктің өзі Қытайға барып қайтуға да әрдайым дайын екенін мәлімдеді", – деп жазады Вашингтон пост.

Мына жағдайда шау тартқан Рим Папасына ешқайда барудың да қажеті болмайды. Бәрін Астана төрінде, бір үстел басында отырып, шеше салуға мүмкіндік бар.

Америкалық сарапшы Николь Уинфилд Рим Папасын қанға бөгіп, зұлымдықпен жанқиярлықпен шайқасқан Украина халқы күтіп отырғанын еске салды. Бірақ ол бара алмауы мүмкін. Дегенмен "Папа Франциск дүниежүзіндегі 50 елден, мұсылман, христиан, иудей, буддист, синтоист және басқа діни топтардың 100-ден аса делегациялары жиылған діни құрылтайға қатысып, діни лидерлердің бейбітшілік туралы дұғасына қосылудан" бас тартпады.

"85 жасар Францисктің зақым келген тізесі жыл бойы оның қозғалысын қатты шектегені белгілі. Соған қарамастан, ол Қазақстанға аттанды. Бірақ бұл жолы денсаулығы нашарлап, тізесі сырқырап, қиналтса керек, Римнен 6,5 сағаттық ұшудан соң Францисктің жүзінен шаршаңқылық пен ауруының жанға батқаны анық сезіліп тұрды. Бастапқыда таяққа сүйеніп ақсаңдай басып, ұшақтан өзі шығуға тырысқанымен, соңынан қаладағы іс-шаралардың көбін мүгедектерге арналған арбада өткізді. Дәрігерлер оған кейінгі сапарлар, мысалы, Киевке бару туралы әзірге тіпті сөз қозғауға да болмайтынын айтқан", – деп хабарлады америкалық басылым арқылы Николь Уинфилд.

Әдетте Қазақстанды аяусыз сынауға бейім тұратын The Washington Post бұл жолы еліміз туралы оң көзқарасын білдірді. Рим Папасының айтқан сөзіне сай, америкалық басылым Қазақстанның ондаған жылдарға созылған сталиндік репрессияларға қарамастан, көптеген ұлыс пен мәдениетке құтты шаңырақ болып қалғанын, әралуандылық пен диалогқа беріктігін жоғары бағалады. Сондықтан Франциск айтқандай, қазақ елі "енді әлемнің басқа жерлеріндегі шиеленістерді шешуде іргелі рөл атқаруға тиіс".

Басылым Қазақстанның да биыл соғыс шыңырауына құлауға таяп барып, тоқтай алғанын еске салады. Батыс оқырмандары үшін маңыздысы, Тоқаев қазір демократиялық реформалар жүргізуге тырысуда, Батыстың Ресейге қарсы санкцияларын сақтауға уәде етті, сепаратистік квазиреспубликаларды мойындаудан бас тартты.

"Осымен 7-ші рет өтіп отырған конфессияаралық конгресс Қазақстанның бейбітсүйгіш сыртқы саясатының жарқын үлгісі және елдің көпмәдениетті және көпұлысты сипатының көрінісі болып табылады. Қазақстан Шығыс пен Батыстың қиылысы", – деп жазды The Washington Post

Кирилл үмітті күйретті...

Францияның халықаралық телеарнасы "France 24" денсаулық жағдайына байланысты дәрігерлері Украинаға баруына рұқсат етпеген Папа Францисктің Қазақстанға үш күндік сапардан бәрібір бас тартпағанына екпін түсіреді. Астанадағы діни құрылтайға қатысу арқылы ол диалог пен бейбітшілікке ықпал етуге ұйғарды.

"Бұл 2013 жылы Рим Папасы болып сайланғалы бергі Францисктің шетелге жасап отырған 38-ші сапары ғана. Понтифик өзінің бұл сапары әлем ынтыға күтіп отырған бейбітшілікке ұмтылыс жолында диалогты жолға қоюға мүмкіндік береді деп хабарлады. Осы орайда президент Владимир Путиннің үзеңгілесі, Орыс православ шіркеуінің патриархы Кирилл де діни форумға қатысады деп күтілген. Алайда ол қатысудан бас тартып, оның Рим Папасымен кездесіп, Украинадағы қақтығыс жөнінде диалог құруын күткен сарапшылардың үмітін күйретті. Қазақстанда Папа Франциск бейбітшілікке шақырып, "қатыгез әрі мағынасыз" соғысты айыптап жатқанда, Кирилл путиндік "әскери операцияны" және Ресейдің "ішкі және сыртқы жаулармен күресін" қорғап әлек", – деп хабарлады өз аудиториясына "France 24" арнасы.  

Ал Рим Папасы үшін ресейлік патриархпен жүздесу, ойлағанын бетке айту бастысы болмаған.

"Әртүрлі діни және мәдени әлемдер арасындағы диалог, жақындасу, бейбітшілікті іздеу – Понтификтің қазақ еліне сапарының негізгі арқауы", – деп мәлімдеді Ватиканның ресми өкілі Маттео Бруни.

Франция телеарнасы энергетикалық ресурстарға бай Қазақстанда  өмір сүретін 19 миллион адамның 70 пайызы – сүннит мұсылман, 26 пайызы – христиан екенін еске салады. Соның ішінде католиктер саны бір пайызға да жетпейді. Сондықтан Рим Папасы қазақ еліне тек жамағатымен жүздесуге ғана келген жоқ, миссиясы басқа.

"69 жастағы Тоқаев Ресейдің одақтасы болып есептеледі. Дегенмен биылғы ақпанда Ресей соғыс бастағалы бері екі ел арасында кернеу пайда болды. Қазақстан лидері соғысты қолдаудан бас тартты. Мұнда қазақ елінің мүддесі жатыр: Қазақстанның солтүстігінде қалың орыс қоғамдастықтары тұрады, бұл Мәскеудің империялық амбицияларының осы аумаққа таралуы мүмкін екеніне қатысты қауіп тудырды. Қазақстан жан-жақтан бұрынғы кеңестік республикалармен және Қытаймен қоршалған. Қала тұрғыны, 74 жасар Людмила бізбен әңгімеде патриархтың емес, Рим Папасының сапары дүниежүзі халқына Қазақстан туралы жақсырақ және жақсы қырынан білуге мүмкіндік береді деген үміт білдірді. "Бәлкім, осындай жаһандық ірі рухани қайраткердің қорықпай, Қазақстанға келуі еліміздің бедел-ажарын қайта көтереді", деді ол", – деген кейуананың пікірін келтірді француздық Agence France-Presse (Франс Пресс агенттігі).

AFP Папа Францисктің тізесінің сіңіріне қатысты дерт Ватиканды оның көптеген шетелдік сапарын доғаруға мәжбүрлегенін еске салады. Понтифик солардың ішінен астанаға сапарды қалдырыпты.

Сatholic news agency (CNA) сарапшысы Джона МакКаун Папа Францисктің дүйсенбі күнгі кеште Salus Populi Romani (Рим халқының қорғанышы) Мария белгіше-иконасының алдында ұзақ сыйынғанын, сөйтіп өзінің Қазақстанға маңызды сапарын Марияның қорғауына табыстағанын жазады. 

"Қазақстан – мұсылман жамағаты басым ел. Онда католиктер аз. Жалпы саны шамамен 250 мың адам. Қазақстандық католиктердің басым көпшілігі латын жоралғыларын ұстанады. Дегенмен шамамен 3 мың адамнан тұратын шағын тобы шығыстанған жоралғыларға берік. Қасиетті II Иоанн Павел  бұл елге 2001 жылы сапарлап, халық оны үлкен ықыласпен қарсы алған еді. Қазақстан халқы арасында Евангелияны Францискандық миссионерлер алғаш 13 ғасырда тарата бастаған деген дерек бар. Бірақ католиктер қатары Кеңес одағының өзге елдерінен халықтарды депортациялау нәтижесінде өсті. Қазақстан бодан болғанда, ондағы діндәр азаматтар аяусыз қуғын-сүргін көрді. Бүгінде Қазақстан зайырлы мемлекет және онда наным-сенім бостандығы салтанат құрған", – деп мәлім етті CNA.

Агенттік КСРО кезінде Қазақстан "қан мен көз жасының мұхитына" айналғанын, мұнда аса ірі концлагерлер орналасқанын, соның ішінде Қарағанды лагерінің аумағы қазіргі Францияға бара-бар болғанын еске салады. Мұның бәрі қазақ халқын қатігез етпеді, тұрғылықты халық мейірбандығын сақтап, өзі де құруға шақ қалғанына қарамастан өзге ұлттарға аман қалуға көмектесті. "Бастан өткерген тағдыр теперіші, қайғылы тарих халықтарды және түрлі діндерді біріктірді".

Ал Рим Папасының бұл жолғы сапарының миссиясы қандай?

"Украинадағы соғыс тұрғысынан алғанда, жаһандық ахуал қасіретті. Діни форум арқылы оның шешімін табу қиын. Қасиетті әкей бірлік пен бейбітшіліктің елшісі ретінде Христ атынан Қазақстанға сапарлады. Біз бұл сапардан саяси шешімдер күтпейміз. Бірақ ғажайыпқа сенеміз. Өйткені Құдайдың құдыреті адамның күшінен айрықша", – деді агенттікке сұхбатында Қазақстандағы жалғыз католиктік епархияның архиепископы Томаш Пета.

"Көп түкірсе көл" дейді мұндайда қазақ.

Рим Папасының Қазақстанға сапары туралы әлемнің өзге елдерінің де ақпарат құралдары белсенді жазуда. Дегенмен басым көпшілігі талдаусыз, Астанадағы іс-шаралардан репортаж, сюжет, жаңалық түрінде беріп жатыр. Fox news арнасының тілшілерін Понтификтің Қытай басшысымен кездесу мүмкіндігі қызықтырады. Себебі Мао Цзэдун тұсында, 1950 жылдар басында ҚХР Ватиканмен қарым-қатынасын үзіп, біраз католик шіркеулерін қиратып, миссионерлерді депортациялаған. Содан соң төл католиктік қауымдастығын құрды. Тиісінше, епископтарды Қытай компартиясы Ватиканның мақұлдауынсыз, өзі бекітеді. Рим бұрынғы құқығын қайтаруға ынтық. 

Сондықтан егер Қазақстанда Рим Папасы мен ҚХР төрағасы келіссөз жүргізе алса, бұл тарихи оқиғаға айналуы мүмкін екен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу