Әлемдік рейтинг агенттігінің өкілдері біз туралы не білді?

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3949

Қазақстанға жаһандық үш рейтингтік "алпауыттың" бірі ревизиямен келіп қайтты.

Әлемдік рейтинг агенттігінің өкілдері біз туралы не білді?

"Көкейкесті... Көкейкесті күй.... Не дейсің? Уа, не қыл дейсің? Тынбаған көңіл, талмаған көкей..." – ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтың "Еңлік-Кебегінде" Абыз осылай шамырқанбаушы ма еді, шіркін.

Әлемді көтеріп тұрған үш кит – үш жаһандық рейтингтік агенттік әр мемлекет пен әр компанияға қатысты рейтингтік бағаларын жаңартқан сайын біраз елдің басшылығы, қаншама ірі бизнесмен осындай аласұрған сезімді бастан кешері анық.

Себебі баға төмендесе, инвесторлар теріс айналады, халықаралық қаржы ұйымдары мен әлемдік банктер беретін несие-заемдар құны қымбаттайды, имидж-бедел деген "қош" айтысып, тастап кетуге ыңғайлана бастайды.    

"Менің оларға түкіргенім бар! Олар үнемі қателік жасайды және мұны әдейі, қасақана жасайды. Олар шын айта ма, жоқ па, бәрібір, Түркия экономикасы күшті болып табылады", – бұл Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанның Нью-Йоркте берген сұхбатынан үзінді. Ата-тегі қазақшаға "ер туған" болып аударылатын бауырлас елдің қайсар да қажырлы лидерінің кенет төзімі таусылып, күйінетін жөні бар.

Былтырғы жылы 15 шілдеде жоғарғы билікте төңкеріс жасау талабы бұрқ етіп барып басылғанда, Түркияға қарсы "рейтинг агенттіктерінің" шабуылы басталды. Бүлік еш нәтижеге жетпесе де, S&P Global Ratings агенттігі бұл елдің рейтингін ВВ деңгейіне дейін, яғни инвестициялық деңгейден екі тұғырға төмендетті, дәйектемесі – "саяси тәуекелдердің артуы себепті". Шынында, Ердоған Ыстанбұлда өзін қолдауға бағытталған бес млн адам қатысқан әлемдегі ең бір ғаламат шеру өткізіп, билік тізгінін мықты ұстап отырғанын және тірегі – халқы болып отырғанын жер-жаһанға паш етті.

Соған қарамастан Fitch Rating те бұл ел рейтингін ең бір төмен инвестициялық деңгейде – ВВВ-де ұстап, мемлекеттің болжамын "тұрақтыдан" "теріске" түсірді. Bloomberg-тің хабарлауынша, агенттік мұнысын былай түсіндіреді: "Мемлекеттің төңкеріс талабының артында тұрғандардың ары қарай бейберекетсіздік жасау әлеуеті сақталуда".

Moody’s Investors Service те осындай баға беріп, елдің "құрдымға құлауы мүмкіндігін" қарастырды. Әрине өз тарихында талай дәуір дүрбелеңіне қасқайып қарсы тұрған Түркия құлаған жоқ, кері кетпеді. Сондықтан Ердоған мырза бұл бағалардың бәрін Батыстың Шығыс елдеріне шекеден қарауының көрінісі деп танып, әділ болуға шақырды.  

Бұл үш алпауыт Батыс елдерін де қан қақсатуда. Мысалы 2012 жылы "Стандард энд Пурс" Францияны дамыған елдерге ғана берілетін "Трипл Ей" (ААА) ең жоғарғы кредиттік рейтингтен айырды. Оның ізінше қалған екі алпауыт агенттік те бұл елді "тұғырынан тайдырды". Француздар бұл жаңалықты аса ауыр қабылдағанын айта кеткен жөн. Халыққа жетекші телеарналар арқылы үндеумен қайырылған Францияның экономика, қаржы және өнеркәсіп министрі Франсуа Баруэн "рейтинг агенттіктері Францияға өз саясаттарын таңбауға тиіс" деп олардың мекенжайына қарай қатаң жекіді.

Осының алдындағы күннің кешінде хабар жария бола салысымен франциялық басшылық Елисей сарайына жеделқабыл жиналып, сол кездегі президенті Николя Саркозидің басшылығымен шұғыл жиын өткізді. Бұл ретте бюджет министрі Валери Пекресс "БФМ-ТВ" телеарнасы арқылы халыққа қайырылып, елдің түсіп кеткен еңсесі мен рухын көтере сөйледі: "Рейтинг агенттіктерінің шешімдеріне қарамастан, француз экономикасы өзінің сенімділігін сақтауда. Қазіргі кезде Франция өзіне-өзі сенімді. Ол өз қарыздарын толық өтей алады. Оның үстіне бюджеттік тапшылыққа қатысты соңғы жаңалықтар күткендегіден жақсы болып шықты емес пе?..."  

S&P Global Ratings Италияның да кредиттік рейтингін "А"-дан "ВВВ+"-ке дейін құлдыратты. Оның алдындағы жылы да Италияның рейтингі төмендетілген еді. 

Агенттік Аустрияны да мақтанышына айналған кредиттік рейтингінен айырды. Бұған дейін Аустрия – Германия, Франция, Нидерланды, Финляндия және Люксембургпен бірге, еуроаймақтағы кредиттік сенімділіктің ең жоғарғы рейтингіне ие "алтылықтың" бірі болып келіп еді. Бұл қатар кейінгі жылдары қатты сиреп қалды.

Халықаралық рейтинг агенттіктерінің бағаларына көрші Ресей саясаткерлерінің қалай ашына қарсы шығатынын айтып жатудың да қажеті шамалы. Солтүстік көршіміздің егемен рейтингі "қоқыстық" деңгейге дейін құлдыратылған. Осыған қатты шамданған ресейлік саясаткерлер мен сарапшылар "рейтингтік үштікті" әлемдегі ең ауыр сөздермен атайды, ең жағымсыз эпитеттер тағады, тіпті төмен баға қойған сарапшыларға тозақтың "төрінен" орын сайлап та қояды. Бірақ рейтинг агенттіктерінің қазақша айтқанда, оған мұрты да бұзылмайды.

Былтыр S&P Ресеймен бірге, Қазақстанның да кредиттік рейтингтерін төмендетіп, "теріс" болжам таңды, шетелдік және ұлттық валюталардағы міндеттемелері бойынша Қазақстанның ұзақмерзімді кредиттік рейтингтерін "ВВВ"-дан "ВВВ-"-ке дейін түсірді. Ал бұл инвестициялық деңгейдің ең соңғы сатысы болып табылады. 

Фитч те сол жолмен жүрді: былтырғы мамырда Fitch Ratings Қазақстанның шетелдік валютадағы рейтингін "ВВВ+"-тан "ВВВ"-ға дейін төмендетті. Болжам – "тұрақты".

Moody's ше? Ол да өткен жылы Қазақстанның егемен рейтингін "Baa2"-дан "Baa3"-ке дейін кемітіп, "теріс" болжам тақты.

Бірақ Қазақстан Ресей көршісі сияқты, ерін бауырына алып туламай, өз рейтингін жақсарту бағытында бірізді жұмыс жүргізуде.

Мәселен, осы аптада, 5 сәуірінде Moody’s халықаралық рейтингтік агенттігі сарапшылары мен JP Morgan елдің тәуелсіз несиелік рейтингін бағалау аясында Қазақстанға кезекті сапарын ұйымдастырды. Олармен Қазақстанның қаржы және ұлттық экономика министрліктерінің өкілдері кездесіп, олардың бағалауына қажетті құжаттарды ұсынған және экономикадағы жағдайды баяндаған.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, рейтингті бағалау жүйесіне әлеуметтік, қаржылық салалардағы көрсеткіштер, сондай-ақ экономикалық салаларды дамытуды сипаттайтын көрсеткіштер кіреді.

Еліміздің қаржы министрлігі, ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп Қазақстан Республикасынының несиелік рейтингін қолдап, көтеру үшін қолдан келгенді жасап жатқандарын айтады.

Moody's және JP Morgan өкілдері осы сапарында республикадағы қаржылық, экономикалық және қарыздық ахуалды қарапты. Әрине, бұл тәуелсіз "ревизия" жабық есік жағдайында өтті.

"25 жыл ішінде өте көп маңызды реформаларды өткізсек те, біздің еліміз қазір әлі де түбегейлі өзгеру фазасына шықты. Біз әлемдік экономиканың трендтерін ұстануға тырысамыз, өйткені жаңа экономикалық дағдарыстарда өзгермеу – мүмкін емес", – деді кездесу кезінде қаржы министрі Бақыт Сұлтанов. Рас, осы сапардан рейтинг агенттігінің сарапшылары не ой түйетінін және оның нәтижесі еліміздің рейтингін қалай қарай қозғап жіберерін министр де білмейді: агенттіктер шешім қабылдағанға дейін сырларын алдырмайды.

Әйтсе де, ұлттық банктің дерегіне сенсек, рейтингтері төмендегенімен, Қазақстан инвестициялық тартымдылығын сақтап отыр.  Мәселен, 2016 жылдың қорытындысында елімізге құйылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі алдыңғы жылғыдан бірден 27,3%-ға ұлғайыпты. ҰБ ақпарынша, өткен жылы республикаға шетелден 14,5 миллиард доллар инвестиция келді.

Әлемдегі елдерге бөлсек, қазақ еліне ең көп инвестициялар мына мемлекеттерден құйылды: Нидерланды ($5,7 млрд), АҚШ ($2,2 млрд), Швейцария ($1,7 млрд), Франция ($832,7 млн), Қытай ($623,9 млн), Ұлыбритания ($593,8 млн), Ресей ($537,3 млн).

Халықаралық танымал сарапшы Евгений Карасюк рейтинг агенттіктеріне қатысты бірнеше сұраққа түсініктеме берді.

Бірінші сұрақ: "неге барлық үш ең беделді рейтингтік агенттіктер – америкалық?"

"Үлкен үштіктің" барлық қатысушыларының негізі АҚШ-та қаланған: S&P – XIX ғасырда, Moody’s және Fitch – XX басында. Олардың гүлденуі ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдарға келеді: сол тұста Американың халықаралық ықпалы артқан болатын – ол ең басты әлемдік резервтік валютаның, ірі биржалардың, заманауи қаржылық институттарының, озық стандарттардың отанына айналды. Осының барлығы әлгі агенттіктердің дәл осы елде "тіркеу-пропискада" тұруының қисындылығын көрсетеді. Оларсыз қазір заманауи капитал нарығын көзге елестету қиын.   

Екінші сұрақ: "Moody’s, Fitch, S&P – бастысы қайсы?"

Ешқайсысы. Үш агенттіктің рейтингтерінің ешқайсысы басқасынан басымдыққа ие емес. Көптеген институционалды инвесторлар бірден үш рейтингтік агенттіктің белгілі бір деңгейден төмен емес рейтингіне ие эмитенттердің ғана құнды қағаздарын сатып алуға міндетті. Ереже осыны талап етеді. 

Үшінші сұрақ: "Бұл агенттіктердің шешімдерінің саяси астары болуы мүмкін бе?"

Әділ баға қоймайтыны туралы айыптар агенттіктер атына бүкіл әлемнен айтылады. Мәселен, S&P Еуроодақтың өзінің ең жоғарғы рейтингін қайта қарау туралы төрт жыл бұрынғы шешімі Еуропарламентте нағыз ашыныс-истерика туғызды. Сол кездегі Еуропалық Орталық банк басшысы Жан-Клод Трише тіпті үш америкалық агенттіктің "олигополиясына" тоқтау салуға шақырды. Ал Еуропалық қаржылық мегареттеуші (ESMA) оларға қарсы тергеу бастайтынын жариялады. "Эс энд Пи" италиялық кеңсесіне полиция сау ете қалып, тінту жүргізген.

Еурошенеуніктер бұл агенттіктердің биржалық спекуляцияларға қатысатынын, бағалау әдістерінің мөлдір еместігін, шешім қабылдауға қажетті сараптамалық ресурстарының жеткіліксіздігін алға тартады. Бірақ дамыған елдер тарапынан рейтингтік агенттіктер шешімдерінің "саяси астары" туралы айтылмайды. Бұл Ресей сияқты өкпелегіш, дамуда артта қала бастаған елдердің еншісі болса керек, – дейді ресейлік сарапшы.

Қандай ел болсын, сынға морт сынбай, не өкпеге уақыт жоғалтпай, өз кемшіліктерін түзеп, кемелденуге ұмтылғаны жөн.  

"Мәңгілік ел" болудың да мәні осында емес пе?

"Қартайғанда өкпешіл болады" дейді қазақ даналығы. Мәңгі жас, әрдайым жігерлі ұлт болайық.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу