Әлемге әйгілі электронды сауда платформаларын пайдалана алмай отырмыз

6167

Еліміздің ТОП-50 компаниясына Alibaba.com. алаңының премиум мәртебесі беріледі. 

Әлемге әйгілі электронды сауда платформаларын пайдалана алмай отырмыз

Alibaba Group, JD, Tencent, Amazon, Walmart сынды әлемге әйгілі электронды сауда платформаларын пайдаланып, тауар жеткізу көлемін ұлғайтуы мүмкін. Бүгінгі таңда Қазақстандағы виртуалды сауда көлемі 3%-ға жетер-жетпес болып тұр. Ал АҚШ-та бұл көрсеткіш -10%-ды, Қытайда -20%-ды құрап отыр.

We Are Social агенттігінің мәліметінше, 2018 жылдың соңында 4,39 млрд  адамның интернет қолданып жүргені анықталған. Сәйкесінше онлайн-сауда көлемі артқан. Осы сегменттегі қазақстандықтардың үлесіне келетін болсақ, былтыр 2,3 млн адам интернет арқылы сауда жасаған.

Сарапшылардың болжамынша, 2019 жылы электронды сауда көлемі 400 млрд теңгеден асады. 2025 жылға дейін еліміздің жалпы тауар айналымындағы электронды сауданың үлесі 5%-дан 10%-ға артады.

Қазақстандағы виртуалды сауда нарығы қалай дамып жатқаны және отандық экспортерлерге қандай мүмкіндік ұсынылғаны жайлы inbusiness.kz порталына берген сұхбатында QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы АҚ бас директоры Арман Абенов баяндады.

–  Интернет-дүкендер арқылы Қазақстанда өңделген тауарлардың қандай көлемі сыртқы нарыққа шығарылып жатыр?

– Бүгінгі таңда электронды сауда арқылы экспортқа тауар шығарылмайды. Олқылықтың орнын толтыру үшін барлық мүмкіндік пайдаланылып жатыр.  Мемлекет таяу болашақта отандық өндірушілердің өнімдерін Alibaba.com, JD, Tencent, Amazon, Walmart сияқты ірі халықаралық алаңдар арқылы экспортқа шығаруды жоспарлап отыр.

– Қанша отандық тауар өндіруші халықаралық электронды сауда алаңын іс жүзінде қолданып отыр?

– Қазақстанда электронды саудамен айналысатын субъектілердің санағы  жүргізілмегенін атап өтуіміз керек. Қазір біздің кәсіпкерлердің қандай электронды платформаларда жұмыс істеп жатқанын тап басып айту қиын.

Ел аумағында 2,3 млн адамның интернет арқылы сауда жасайтыны белгілі.

Біздің нарықта 1 700-ден астам интернет-дүкен және 20-дан астам электронды сауда алаңы бар. Соңғы уақытта электронды сауда нарығы 1,5 есе ұлғайып, 269 млрд теңге табыс тапты. Бұл жалпы сауда көлемінің 2,9%.  Мысалы үшін айтайық, Қытайда бұл көрсеткіш -20%-ды, АҚШ-та 10%-ды құрайды.

– Отандық өнім экспортының көлемін интернет-сауда арқылы арттырудың әлеуеті қандай?

– Жаһандық экономиканың жаппай цифрлануы, интернеттің қолжетімділігі мен қолдану аясының кеңеюі электронды сауда нарығын жыл сайын 11%-ға ұлғайтып келеді. Қазір 4 миллиардтан астам адам интернеттің белсенді қолданушысы саналады. Бұл ғаламшар халқының тең жартысынан көп бөлігі деген деген сөз. 2023 жылға қарай жаһандық электронды сауда айналымынан 2,8 трлн доллар табыс түседі деген болжам бар. Бұл электронды сауда экономиканың дамуына тікелей ықпал ететінінің белгісі. Нәтижесінде мемлекеттер арасындағы тауар айналымы артады және отандық тауар өндірушілерге әлемнің кез келген нарығына шығу мүмкіндігі беріледі.

– Сіздер "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, интернет-экспортер мектебін ашқалы жатырсыздар. Бұл курсқа кімдер қабылданады? Оқу ақысы қанша болады? Курстың бағдарламасы нені қамтиды?

– 19 қазанда сауда және интеграция министрлігі мен "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы QazTrade сауда саясатын дамыту орталығымен бірлесіп, "интернет-экспортер мектебі" бағдарламасын іске қосады. Жоба Alibaba.com, eBay.com  және басқа да халықаралық электронды сауда алаңдарында қазақстандық компаниялардың санын көбейтуді көздейді.

Аталмыш бағдарламаға өнімдерін интернет-каналдар арқылы сатып жүрген еліміздің кез келген тауар өндірушісі тегін қатыса алады. Қатысушылар жаңа тұтынушылар легін қалыптастырудың бірегей мүмкіндігіне ие болады. Оларға қосымша шығынсыз табыс табудың алғышарты жасалады. Сонымен қатар қатысушылар B2B сату форматындағы халықаралық сарапшылардың дәрісін тыңдайды. Электронды сауда алаңдарында бизнес жүргізудің консалтингі мен шағын-сайт жасаудың қыр-сырын меңгереді және тауарларды алға ілгерілетуге машықтанады. Бағдарлама қорытындысында

ТОП-50 компания анықталады. Оларға Alibaba.com. алаңында "Алтын жеткізуші" деген мәртебе беріледі. Нақтылайын, "Алтын жеткізуші" бұл – Alibaba.com. алаңының премиум мәртебесі. Осы мәртебенің иегерлеріне тауарлары мен қызметтерін ілгерілетудің кешенді әдістері, үздік  тауарөндірушілердің қатарына қосылу құқығы беріледі.

– Отандық өндірушілердің сату көлемін интернет арқылы ұлғайтуы үкімет тарапынан ынталандырыла ма?

–  Иә, үкімет "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын қабылдады. Аталмыш бағдарламада электронды саудаға ерекше басымдық берілген.

"Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін сауда және интеграция министрлігі 2025 жылға дейін электронды сауданы дамытудың Жол картасын әзірледі. Оған межелі мерзімге дейін бөлшек сауда айналысындағы электронды сауда көрсеткішін 5%-ға жеткізу міндеті жүктелді. Жол картасы электронды саудадағы экспорттың үлесін арттыруды, электронды саудаға отандық компанияларды тартуды сонымен қатар электронды сауда алаңында тұтынушылар құқығын қорғауды мақсат тұтады.

Атап көрсетерлігі, онлайн саудамен айналысатын кәсіпкерлерге салықтық жеңілдік қарастырылған. Олар корпоративті және жеке табыс салығынан 100% босатылады.

Бұдан бөлек Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды қалаларындағы E-commerce орталықтарында онлайн сауда жүргізу бойынша дәріс оқылады.

– Отандық өндірушілер қандай жағдайда халықаралық электронды сауда алаңдарына жүгінеді?

–  Біздің азаматтар онлайн сатып алуға сенімсіздікпен қарайды. Олардың күмәні мен күдігін жою үшін халық арасында электронды сауданың басымдықтарына қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Электронды сауда адамдардың уақытын үнемдейді. Мысалы , сіз авиакассаға бармай-ақ үйіңізде, кеңсеңізде немесе көшеде қыдырып жүріп, мобильді қосымшамен авиабилет сатып ала аласыз.

– Қандай тауар түрлерін онлайн сауда арқылы сатқан тиімді?

– Әлем бойынша электронды сауда арқылы азық-түлік пен ауыл шаруашылығы тауарларының сатылымы көп болып тұр. 2023 жылға қарай бұл сегменттің көрсеткіші 64%-ға жетіп, шамамен 130 млрд  долларды құрайды.

Қазір Қазақстан азық-түлікті электронды саудалаудан 15,4 млрд теңге кіріс көріп отыр. Бұл электронды саудадағы барлық тауар айналымының 4%.

Осы нәтиже ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін отандық өндірушілерге сыртқы нарықтың тыңына түрен салу және әлемнің кез келген елінен тұтынушы табу мүмкіндігін ұсынады.

Қазақ қоғамында электронды сауда туралы оң түсінік қалыптасып келеді. Кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлер аз қаражатпен үлкен жетістікке жетуге болатынын және әлемнің кез келген елінен тұтынушы табылатынын түсініп жатыр. Әлемге әйгілі Alibaba Group компаниясының негізін қалаған қытай кәсіпкері Джек Маның: "Электронды сауда дамушы әлемге арналған. Ол мүмкіндікті мүлт жібермеу үшін әлемнің кез келген елінде қазір әрекет етуге, сол арқылы аз шығынмен жаһандық нарыққа енуге ықпал етеді" деген сөзі бар. Отандық кәсіпкерлер осы сөзді темірқазық тұтуы тиіс деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу