Әлеуметтік салаға Ұлттық қордан қаржы бөлінеді – президент

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
1625

Биылғы республикалық бюджет шығындарының 45 пайыздан астамы әлеуметтік салаға бағытталған.

Әлеуметтік салаға Ұлттық қордан қаржы бөлінеді – президент

Президент Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясының ХVIII съезінде атап өткендей, мемлекеттің басты мақсаты – ел тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту. Яғни, әлеуметтік саланы дамыту.

"Біз қиын-қыстау кезеңде де әлеуметтік міндеттемелерді орындағанбыз. Елдегі әлеуметтік шығандардың көлемі әрдайым жоғары болды. Алдағы уақытта да бұл мақсаттағы шығын көлемі арта бермек", – деді президент.

Мәселен, биылғы республикалық бюджет шығындарының 45 пайыздан астамы әлеуметтік салаға бағытталған.

Мемлекет басшысы әлеуметтік салада бірқатар мәселенің анықталғанын атап өтті.

"Сондықтан тұрғындардың өмір сүру жағадайын, әл-ауқатын арттыру үшін әлеуметтік салаға Ұлттық қордан қаржы бөлу туралы шешім қабылдадым", – деді президент.

Осы орайда, елбасы үкімет бөлінген қаржыны дұрыс жұмсай білуі керек екенін ескертті. Өйткені, жинақталған қор алдағы қиын кезеңдерде керек болуы әбден мүмкін.

"Мемлекеттің басты міндеті – әрбір адамға жұмыс ұсыну. Әркім өзіне қажетті дүниені өзі табуы керек. Ал мемлекеттің көмегі шын мұқтаж жандарға ғана бағытталуға тиіс. Бөлінген қаржының әрбір отбасыға, оның әр мүшесіне жетуін өзім тікелей қадағалайтын боламын", – деді мемлекет басшысы.

Президент қазақстандық отбасылардың әл-ауқатын арттыру керек деп есептейді.

"Сондықтан 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап еңбекақы аз төленетін бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысын 30 пайызға дейін арттыруды тапсырамын. Сондай-ақ облыстық, аудандық деңгейде тұрғындармен жұмыс істейтін жергілікті билік өкілдерінің еңбекақысын орташа есеппен 25 пайызға өсіру керек. Бұл мақсаттарға 2019-2021 жылдары қосымша 980 млрд теңге бөлінеді", – деді президент.

Мемлекет басшысы көпбалалы отбасылар мен аз қамтамасыз етілген тұрғындарға ерекше көңіл бөлу керектігін айтты.

"Әрбір отбасы жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесін көруге тиіс. Әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын арттыру керек деп есептеймін. Бүгінде елімізде 4-тен астам баласы бар шамамен 340 мың отбасы тіркелген. Жыл сайын балалары бар отбасыларды қолдауға 500 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Мұндай отбасылардың кіріс деңгейі де әртүрлі. Сондықтан мемлекет бірінші кезекте кірісі аз көпбалалы отбасыларға көңіл бөліп, қамқорлық танытуы керек. Бүгінде 111 мыңнан астам отбасы (571,6 мың адам) мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алады. Үкіметке аз қамтамасыз етілген, әсіресе көпбалалы отбасыларды көбірек қамту үшін атаулы әлеуметтік  көмек беру критерилерін ең төменгі күнкөріс деңгейінен 70 пайызға дейін (14 849 теңгеден 20 789 теңгеге дейін) арттыруды тапсырамын", – деді мемлекет басшысы.

Еске сала кетейік, еліміздегі ең төменгі күнкөріс деңгейі – 29 698 теңге.

"Көпбалалы отбасылардағы әр балаға 20 789 теңге көлемінде жәрдемақы тағайындауды тапсырамын. Бұл ретте, әлеуметтік көмек тағайындау шараларының бәрі барынша жеңілдетілуі керек. Осылайша, 2019 жылы 830 мыңнан астам адам, оның ішінде 550 мыңдай бала атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылатын болады. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі балаларды асырап отырған отбасыларға, ата-аналарға, қамқоршыларға төленетін жәрдемақыны 30 пайызға өсіруді тапсырамын. Қолдаудың аталған тетігі 100 мыңнан астам адамды қамтиды. Аталған мақсаттарды орындау үшін 2019-2021 жылдарға 300 млрд теңгеден астам қосымша қаржы бөлу керек", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан бөлек, елбасы әрбір әкім өңірлердегі отбасылардың жағдайына назар аударуы керектігін айтты. Бұл ретте, әкімдер жергілікті бюджет есебінен қолдау шараларын қарастыруы керек. Мәселен, былтыр жергілікті бюджеттер есебінен 135 млрд теңгеге қолдау көрсетілген.

"Толық емес көпбалалы отбасыларға үйде отырып жұмыс істейтіндей жағдай жасау керек. Ал ауылдағы көпбалалы отбасыларға арнайы гранттар мен микрокредиттер беру қажет. Үкімет пен әкімдіктер бұл бағыттағы жұмыстарды "Нұр Отан" партиясымен және "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге жүзеге асыруға тиіс", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы тұрғындарды баспанамен қамту және білім мен денсаулық сақтау салаларын жақсарту мәселесіне де көңіл аударды.

"Үкіметке "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында аз қамтамасыз етілген көпбалалы отбасыларға арнап 40 мың арендалық пәтер салуды тапсырамын. Аталған мақсатқа алдағы жеті жылда жыл сайын қосымша 50 млрд теңгеден бөлу керек. Соныиен қатар, тұрмысы төмен көпбалалы және толық емес отбасылардың, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылардың баспаналы болуына жол ашу керек. Бұл санаттағы тұрғындара тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүйесі арқылы 2-3 пайыздық жеңілдетілген ипотека тағайындауды тапсырамын. Бұл мақсатқа жыл сайын 50 млрд теңгеден бөлінетін болады", – деді президент.

Сонымен қатар, елбасы әрбір өңірде кем дегенде заманауи бір университет пен 10 колледж болуы керек деп есептейді.

"Тұрғындар білімді ғана емес, дені сау болуы да керек. Сондықтан қоғамдық денсаулық сақтау мен алғашқы медициналық-санитарлық көмекке жұмсалатын шығындар көбеюі керек. Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржының 40 пайыздан 60 пайызға дейінгі көлемі осы мақсатқа жұмсалуы керек. Бұл – дамыған елдердің тәжірибесі", – деді президент.

Осы орайда, мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласын дамытуға шамамен 120 млрд теңге бөлуді тапсырды.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу