Алғашқы елордалық гастро-базарды қандай қауіп күтіп тұр

4126

Елорда әкімдігі Астанада еуропалық деңгейдегі гастрономиялық базар ашылатынын хабарлады.

Алғашқы елордалық гастро-базарды қандай қауіп күтіп тұр

Қазіргі заманда дәстүрлі базар елімізде өз мәнін жоғалта бастағаны жасырын емес. Далада жүк контейнерінде немесе темір конструкцияда, болмаса әлдебір қалқаның астында сауда жасау уақыт талабына жауап бермейтіндіктен, ірі қараларда жергілікті билік ондай алыпсатарларды жабық базарларға, сауда орталықтарына қуып тығуда.

Дегенмен дамыған елдерде қазір басқа тренд тарауда. Сол трендтің толқынын Астана да бағындырып көруге талап қылмақ.

Астана әкімдігінің хабарлауынша, жаңа тұрпатты базардың ерекшелігі сол, ол органикалық, фермерлік өнімге бағдарланады.

"Бұл базардың ішкі жағдайы және интерьері қазіргі базарлардан түбегейлі өзгешеленіп, ерекшеленеді. Ол айырмашылық сатушылар мен қызмет көрсетуші персоналдың түр-сипатынан бастап, сатылатын өнімге бірыңғай стандарттар орнатуға мүмкіндік беретін төл зертханаларының болуынан да көрініс береді. Жоба қалада тек қана сапалы және таңдаулы өнім ұсынатын, әралуан ұлттық асханаларды таңдауға жол ашатын жаңа бағыттағы базар тұжырымдамасын іске асырады", – деп түсіндіреді "Астана" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы.

Гастрономиялық базардың бірінші қабатында фермерлік базар, наубайхана, дүңгіршектер, 7 кинозал орналаспақ. Айтқандай, Астана әкімдігі бас қалада жыл сайын күзде өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін де осы базарға бағыттауды ойластыруда екен.

Екінші қабатта фастфуд, техника және электроника дүкендері, қызметтік бөлмелер және қоймалар болады деп жоспарлануда.

Мұндай базарлар Лондон, Амстердам, Лиссабон, Барселона сияқты бірқатар еуропалық қалаларда кең өркен жаюда.

"Астаналық жаңа базарда тұтынушылар органикалық өнімдерді "бірінші қолдан", яғни әлдебір делдалдан емес, оны өндірушілерден тікелей ала алады. Сонымен қатар базар аумағында тұрақты түрде әлеуметтік жәрмеңкелер, жергілікті шаруа қожалықтары мен фермерлердің қатысуымен өтетін фестивальдер ұйымдастыру жоспарлануда. Жобаны жүзеге асыру шамамен 1500 жұмыс орнын құруға септеседі", – деп мәлім етті "Астана" ӘКК.

"Keruen Global" ЖШС-мен бірлескен "Гастрономиялық базар" жобасының құрылысы Бейсекова және Ш.Қосшығұлұлы көшелерінің қиылысында жүргізілуде.

Базар 2019 жылдың екінші тоқсанында іске қосылады деп күтілуде.

Ондағы тағы бір жаңашылдыққа тоқталсақ, мұнда кез келген тұтынушы өзі сатып алған өнімнен, мысалы, балықтан сол базар ішінде-ақ тамақ дайындата алады. 

"Бұл астаналықтар мен қала қонақтары тек кең таңдаудағы азық-түлік түрлерін сатып алу үшін ғана емес, сондай-ақ уақытты жақсы өткізу үшін келетін орынға айналуға тиіс. Елордалық осы базар Мәскеудегі Данилов базары концепциясына негізделіп отыр. Онда аспаздар сіз қалаған кез келген тамақ түрін дайындап береді. Бұл сауда жасап, тынығудың, әртүрлі жанға жағымды кездесулердің орны. Бұл сатып алушы менталитетін мүлдем өзгертеді. Оның үстіне мұнда әртүрлі іс-шаралар, думандар өткізілетін болады", – дейді елордалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы бастығының орынбасары Рыскүл Қауғабаева.

Айта кету керек, осы тұжырымдама – мәскеулік Данилов базарының ойлап тапқаны емес, ол оны АҚШ-та пайда болған Chelsea Market концептінен көшіріп алды. Бірақ жақсы көшіргенін де мойындау қажет. Қазір онда шамамен 40 шақты мейрамхана бейжіңдік үйректі, фалафелдер мен сегізаяқтарды, долманы, марокколық тағамдарды, тіпті қарапайым бургерді және басқаларын әзірлейді. Осындай мол таңдау астаналық жаңа базарда да болады деп мәлімделді. Мұнда әлемнің әр түкпірінен келген деликатестер сатылмақ.

Сарыарқа ауданындағы осы сауда орталығының ауданы 7,9 мың шаршы метрге созылып жатпақ. Оның ішінде балаларға арналған ойын-сауық орталығы да орналасады деп хабарланды.

Жобаға бюджет қаржысы құйылмағаны, тек бизнесмендер қаражатына салынып жатқаны да айтылды.

Рас, кейбір кәсіпкерлер бұл идеяға күмәнмен қарайды.

"Идея өте жақсы. Бірақ бұл жерде кейбір мәселелер бар. Мәселен, гастрономиялық базарлардың негізгі клиенттері – келген еліндегі қарапайым мейрамхана-дәмханаларда өзінің сүйікті экзотикалық тамағын таба алмаған туристер болып табылады. Бұл жерде бас қаламызды жыл сайын 22-23 миллионнан астам саяхатшы тартатын Мәскеумен салыстыруға болмайды. Мұндай базарлардың клиенттерінің тағы бір бөлігі – гурмандар. Ондайлардың қатары да сонша қалың нөпір емес және бізде қалыптасқан менталитет бойынша ондай пафосты тұлғалар базарда тамақтануды ұят көреді. Бұдан өзге, әлемнің әр шалғайынан экзотикалық өнімдерді тасу аса қымбатқа түседі және одан базар түгіл, астаналық мейрамханалар да тартынады", – дейді бизнесмен Николай Плетников.

Әйтсе де, отандық бизнестің бұл тыңға да түрен салғаны қуантады. Гастрономиялық базар елорданың тұңғышы болғанымен, озығы болмауы да ғажап емес. Мәселен, кезінде, 2007 жылы Астанада "Мега" (қазіргі атауы Keruen City Astana) ашылғанда, Қазақстанда одан асқан айбынды ойын-сауық және сауда орталығы жоқтай көрінген. Бірақ ізінше оны 2010 жылы іске қосылған "Хан Шатыр" мен ЭКСПО-2017 кезінде есігін айқара ашқан "MEGA Silk Way" ығыстырды.

Қазақстандағы тұңғыш бесжұлдызды қонақүй "Okan Intercontinental Hotel" де елдің есінде. Кейін "Рамада Плаза" болып, атын өзгерткен ол қалталы әрі мәртебелі клиенттерінен айырылып, сол жағалаудағы ауқатты әрі бекзат өзге қонақүйлерге жол берді. Қазір оның ғимаратын қала қонақтары емес, астаналық полицейлер пайдаланып отыр.

Қалай болғанда, гастрономиялық базар тұжырымдамасының Қазақстандағы дамуы осы бизнес-жобаға да байланысты болмақ. Егер оның ісі дөңгеленіп кетсе, Астана және басқа қалаларда еуропалық деңгейдегі гастро-базарлар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап ашылуы әбден ықтимал.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу