All eyes on Rafah: Израиль шабуылдап жатқан Рафахта не болып жатыр?

1121

Жеті айдан асқан израиль-палестина қақтығысы 26 мамырда кешке орны толмас қантөгіске әкелді. Израиль Рафах қаласының солтүстік-батысындағы қоныс аударушыларды шабуылдап, 50 адамның өмірі қиылды. 

All eyes on Rafah: Израиль шабуылдап жатқан Рафахта не болып жатыр? Фото: aljazeera.com

Бұған дейін де ел аузында жүрген қақтығыс дәл осы қатыгездіктен кейін әлеуметтік желілерде наразылықтың жаңа толқынын тудырды. "All eyes on Rafah" сөйлемі жазылған сурет Instagram Stories-терді жаулап алды. Қазірдің өзінде онымен 46 млн астам қолданушы бөліскен. Палестина жақтаушыларының танымал ұраны қайдан шықты? Суреттің авторы кім және оның мәні неде? Осы және басқа да сұрақтардың жауабын inbusiness.kz редакциясы іздеп көрді.

Instagram желісінің тұрақты қолданушылары өткен аптадан бері Палестинадағы Рафахтағы жағдайдан кейін "All eyes on Rafah" суреті стористерді жаулап алғанын байқаған болар. Қазіргі уақытта суретпен кем дегенде 45 миллион рет, оның ішінде палестиналық модельдер Джиджи мен Белла Хадид, актерлер Приянка Чопра мен Никола Кофлан мен суретші Кехлани бөліскен.

Әрине палестиналықтардың ауыр жағдайы мен мүшхіл хәлі, изиральдіктерді жақтаушы саяси күштер қысымына қарамастан, әлеуметтік желілерде кеңінен айтылып жатыр. Осы апатада бірден екі жағдай әлем назарына ілінді: біріншісі, біз айтып отырған танымал сурет болса, екіншісі, Израиль шенеуніктерінің Рафахқа әдейі оқ жаудыртпағаны жайлы мәлімдемесі. Дегенмен мыңдаған шынайы фотосуреттер мен картиналар арасында неге дәл осы туынды Палестина соғысының "символына" айналды және ол несімен ерекше?

Біріншіден, біз көріп отырған картина — жасанды интеллект туындысы. Қар басқан таудың етегіне жайғасып, бәрімізге белгілі ұранның әр әрпіне сай қаз-қатар тізілген үйшіктер Рафахтың шынайы фотосы емес екені айдан анық. Графиканы малайзиялық жас жігіт @shahv4012 жасаған. Ал туындының танымал болуына Instagram желісінің Stories-термен бөлісу функциясы себеп болған. 

Мұндай танымалдылықтың тағы бір себебі ретінде цифрлық антропологияны бұрыннан зерттеп жүрген Хусейн Кесвани әлеуметтік желідегі цензура мен адамдардың қорқынышты, үрейлі кадрлерді көргілері келмейтіндігін алға тартады.

"Адамдар күнделікті Палестинада, соның ішінде Рафахта не болып жатқанын бақылап отыр, адамдардың қалай өліп жатқанын, балалардың өлігін көру кімге болса да ауыр, онымен әрі қарай бөлісудің өзі қорқынышты, бірақ әр адамның өз ойы мен ұстанымы бар, қолдауға ниетті жандар өз дегендерін журналистік шынайы тілмен емес, эстетикалық жолмен көрсеткілері келеді. ЖИ-мен жасалған сурет көпшіліктің қалауынан шыққаны содан", — деп ойын білдірді маман.

Кесванидің айтуынша, жалпы әлемдік қоғам әлеуметтік платформаларға да, негізгі бұқаралық ақпарат құралдарына деген сенімнен қалған. Жұртшылық әлеужелі иелері Палестинаны жақтаушылардың аузына қақпақ болып, цензураға бой берді десе, БАҚ соғыстан шынайы ақпарат бере алмады деп санайды. Бұған жауап ретінде Instagram қолданушылары Instagram Stories-ті белсенді қолдана бастада, өйткені посттан гөрі стористерге алгоритмдер жүрмейді, цензураны айналып өтуге болады юәне оның тек 24 сағат қана сақталатыны да ыңғайлы. Өз ойын білдіруге таптырмас құрал.

Фотсуреттің ЖИ-мен салынғанына қарамастан, оның мақсаты бір — әлемдік All eyes on Rafah флешмобына қосылу, күллі әлемді Рафахтағы жағдайға назар аударуға шақыру. Науқан көптеген елдің әлеуметтік желілерінде қарқын алуда, атап айтқанда ол Еуропада, Австралияда және Үндістанда кең танымал болды, деп жазады Forbes. Айта кету керек, акцияға қазақстандықтар да белсенді қосылып жатыр. 

Ал енді флешмобтың ұранына айналған All eyes on Rafah сөйлеміне тоқталар болсақ. Зерттеушілердің пікірінше, бұл ұран Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) қызметкері Рик Пеперкорнның пікірінен кейін пайда болды. Ол бұл сөз тіркесін ақпан айында, Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхудың ХАМАС бірлестіктерінің қалған нүктелерін жоймас бұрын Рафах қаласы үшін эвакуациялау жоспарын жасауға бұйрық бергеннен кейін айтты.

Save the Children, Oxfam, "Америкалықтар Палестинадағы әділеттілік үшін", "Бейбітшілік үшін еврейлер үні" және Палестинамен ынтымақтастық науқаны сияқты Газа секторының тұрғындарын қолдайтын ұйымдар да осы ұранды қолданады.

Халықаралық көшбасшылардың пікірлері қандай? 

Кем дегенде 50 адам қаза тапқан әуе шабуылынан кейін Еуропа Одағы Израильмен қарым-қатынасты қайта қарау туралы шешім қабылдады. Еуропалық Одақтың Сыртқы істер министрлері Израиль армиясы Газа секторының аудандарын атқылаған кезде Брюссельде жиналды. Алдыңғы күні Халықаралық сот Израиль Рафахтағы әскери шабуылды дереу тоқтатуы керек деген шешім шығарды.

Бұл үндеуге Сауд Арабиясы, Иордания, Катар, Египет және Біріккен Араб Әмірліктері қосылды.

Бұған дейін БҰҰ Халықаралық соты Израильді Газадағы Рафахқа шабуыл жасауды тоқтатуға шақырған болатын.

"Би-би-си" хабарлағандай, сот Палестина халқына қауіп төніп тұрғандықтан Израильді Рафахтағы әскери шабуыл мен басқа әрекеттерді дереу тоқтатуы керек деп шешті.
БҰҰ Халықаралық сотының төрағасы Наваф Салам бұл жағдай Газа тұрғындарының құқықтарына орны толмас зиян келтіру қаупін тудыратынын айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу