Алматы әкімдігі тауға автоматты ақы жинау жүйесін орнатады

1949

Қала басшылығы бюджетке қосымша жарты миллиард теңге құятын көзді тауыпты.

Алматы әкімдігі тауға автоматты ақы жинау жүйесін орнатады Фото: today.kz

Бұл турасында Facebook-тегі өз парақшасында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов хабарлады.

Ол "цифрлық шешімдер алда ешкім күтпеген жерге" келетінін мәлімдеді.

"Іле Алатауы ұлттық паркі – Алматыдағы ең көп жүктелген туристік бағыт және қала экологиясының маңызды элементі болып отыр. Күн сайын мыңдаған адам жаяу-жалпылап, не автокөліктерге мініп, тау бөктерінде бос уақытын өткізу үшін паркке көтеріледі. Осы орайда көптеген алматылық пен турист парктің машинаға шектен тыс толып кететініне және кіру кезінде ақы жинау жүйесінің ашық еместігіне шағымданады. Сондай-ақ келушілер өздерінен жиналған қаражаттың қаншалықты мақсатты-нысаналы жеріне пайдаланылатыны туралы мәселе көтеруде. Сондықтан осы ұлттық парк бағынатын ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығымен бірлесе отырып, біз тексеру сапарын ұйымдастырдық. Нәтижесінде, барлық бақылау-өткізу бекеттерінде,тұтастай алғанда, парктің өз жұмысында да кемшіліктердің барын анықтадық", – дейді Алматы әкімінің орынбасары. 

Қазіргі кезде Іле Алатауы ұлттық паркінде 8 бақылау-өткізу бекеті (БӨБ) бар. Оның екеуі – Алматы қаласына, қалған 6-ы – Алматы облысында орналасқан.

Ерлан Әукенов енді осы 8 БӨБ-тің барлығын модернизациялау қолға алынатынын жеткізді. Оларда бүгінде паркке кірушілерден ақшаны парк жұмыскерлері қолмен жинап, шлагбаумды қолмен көтереді. Бірақ жақында бұл көрініс өзгермек: тауға кірер қақпа алдында "Астана-Щучинск" автобанындағыдай автоматты шлагбаумдар орнатылады.

"Алда оларды тегіс қолма-қолсыз ақшамен төлеу форматына көшіру жоспарланып отыр. Бұл көптеген проблемаларды шешуге септеседі. Біз қалыптасқан түйткілдерді тарқатудың әртүрлі нұсқаларын іздедік. Ақыры бірінші кезекте автоматтандырылған жүйе орнату туралы шешім қабылдадық. Ол жүйе автокөлік нөмірлерін бейнетіркеуден және жаяу туристерге арналған турникеттерден тұрады. Пилоттық режимде мұндай алғашқы БӨБ Дулати көшесінде, Алма-Арасан шатқалына кіретін тұста қойылады", – деді ол.

Нақты күні айтылмады, тек "пилоттық жоба жақын арада іске қосылады деп жоспарланып отырғаны" мәлім етілді. 

Алматы әкімінің орынбасары "бұл жобаға бюджет қаражаты жұмсалмайтынын" атап өтті.

Оның сендіруінше, автоматтандырылған жүйе қолданысқа берілгеннен кейін "барлық түскен қаражат 100%, кепілдендірілген түрде және мөлдір күйде тікелей Іле Алатау ұлттық паркінің есеп-шотына түседі және парктің дамуы мен абаттандырылуына бағытталады".

Ерлан Әукеновтың дерегінше, қазір бақылау-өткізу бекеттерінде адам өткізіп тұрған парк қызметкерлері ол жұмыстарынан босатылады:"олар парк аумағын бақылау және аралап-тексеру секілді негізгі міндетпен айналыса алады". 

Қазақстан бұл ретте батыс елдерінің үлгісін көшіруде. "Congestion Charge" секілді өткізу жүйесі АҚШ пен Еуропаның ұлттық парктерінде ендірілген.

Тәжірибе көрсеткендей, осы тәріздес автоматтандырылған ақылы кіру жүйесі ендірілгеннен кейін ұлттық паркке жеке көліктерімен енушілер саны күрт кемиді екен. Себебі, жаяу, велосипедпен не автобуспен кіру әлдеқайда арзанға түседі. Соның арқасында шығарынды газдар мен шу азайып, табиғатқа кері ықпал төмендейді.

"Біздің жағдайымызда "Congestion Charge" жүйесінің берері жетерлік: кіру бекеттеріндегі ашықтық артады, парк аумағына өткізу ағыны айтарлықтай жеделдейді, бұл жыл сайын бюджетке жарты миллиард теңгеге дейін табыс әкеледі. Бұл ретте кіру ақысын банктік карталар және "Оңай" картасы арқылы төлеу мүмкін болады. Сонымен қатар келушілер кіру не автокөлікпен өту ақысын веб-сайт арқылы онлайн-режимде немесе QIWI терминалы арқылы алдын ала төлеп тастай алады. Бұл бастама әкімдіктің және мемлекеттік қызмет істері агенттігінің "Almaty – аdaldyq аlańy" жобасы аясында жүзеге асырылуда", – деді қала әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов.

Жалпы алғанда, тұрғындар әлеуметтік желіде бұл идеяны құптады.

Таудағы паркке көтерілушілердің көбі бекеттерде көбіне чек бермейтінін ашық айтады. Парк жақта жемқорлық барын қала тұрғыны Қарлығаш Мақатова растайды.

"Өткізу пунктерінде тексерушілердің өздері чексіз-ақ арзанырақ өткізіп жіберуді ұсынады. Тесілген чекті қолдарына ұстап тұрады. Қаншама демалдық, әрдайым соны ұсынады. Парк жұмыскерлерінің жалақысын дұрыстап көтермей, жемқорлықты жоя алмайды. Өйткені олар бала-шағасын асырау үшін соған баруға мәжбүр. Бәлкім, бұған көз жұма қарауы үшін бастықтарымен де бөлісетін болар", – деп тұспалдайды Қарлығаш Мақатова.

"Әкімдік пен ұлттық парк ақша жинаумен әуестене бермей, парк ішінде дәретхана, көбірек қоқыс жәшіктерін орнатуға, пикниктер үшін алаңдар сайлауға да көңіл бөлсе жақсы болар еді", – дейді қала белсендісі Болат Мұсабек.

"Парк жақта полиция патрулі де қажет. Өйткені ұрылар әрекет етеді, машиналарды сындырып ашып, құнды заттарды тонайды. Парк ішінде алаяқтар да бар, таса жерде тап береді, төбелесуге арандатады. Өзім де ұрлықтың құрбаны болдым. Қазақстандағы, Алматыдағы туризм қауіпсіз болмай тұр", – дейді демалушы Гауһар Үсімбаева.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу