Электр және жылу энергиясын қатар өндіретін ең ірі Алматы ЖЭО-2-ні газға көшіру соңғы 3 жылдан бері талқыланып келе жатыр. Мегаполисті энергетикалық ресурстармен қамтамасыз етіп отырған кешенді экологиялық жағынан тиімді ету жолында қаншама талқылаулар өтсе де сарапшылар әлі ортақ шешімге келе алмай отыр. Мұндағы түйіткілді мәселе – жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі. Яғни, ЖЭО-2-ні газға көшіруде бірден төрт нұсқа ұсынылған. Олар газға көшіре отырып, қазандықтарды жаңғырту, газ тазарту жабдығын орната отырып, жұмыс істеп тұрған қазандықтарды қайта құру, ЖЭО-2-ні кеңейту және жаңа станса салу. Тараптар пікірі дәл осы жерде екіге бөлінді.
Жаңғырту немесе жаңасын салу керек
Жобаның негізгі операторы "Самұрық-Энерго" АҚ газға көшіре отырып, қазандықтарды жаңғыртудың тиімділігін алға тартуда. Ведомство жобаның құны – 98,4 млрд теңге деп бағалауда.
"Бұл сыртқы екі газ құбырын есептемегенде. Газбен жабдықтау бойынша ұлттық оператор – "ҚазТрансГаз"-бен алдын-ала жасалған техникалық шарт бар", – деп хабарлады акционерлік қоғам.
Ал танымал экономист, "KEGOK" АҚ-ның бұрынғы басшысы Әсет Наурызбаев бұл ұсыныспен келіспейді. Ол газбен жұмыс істейтін жаңа станса салуды нұсқасын қолдайды. Оның сөзінше, жаңарту жұмыстары кешеннің тек 50%-ын ғана қамтиды. Сондықтан 4-5 жылдан кейін стансаның екінші жартысына тағы қаржы салу керек болады.
"Ескі қазандықтарды жөндей бергенше, ЖЭО-2 жанынан газ турбиналы жаңа кешен салу тиімді. Ол жерде құрылысқа жеткілікті аймақ қарастырылған. Мұндай станса құрылысы 2-3 жылға созылады. Жоба құны 250 млрд теңге. Әрине, бұл бірінші нұсқамен салыстырғанда анағұрлым көп. Алайда мұнда пайдалы әсер коэффициенті 52%-ды құрайды. Ал жаңғырту жұмыстарын жүргізсек пайдалы әсер коэффициенті 38%-дан аспайды. Бұл әдіс 30 жылдан бері қолданылмайды. Оның үстіне ұзындығы 40 метр, салмағы 2 мың тонна болат қазандықтарды нысаннан шығаруды айтсаңызшы", – дейді экономист.
Жуырда станса иесінің жалғыз акционері газға көшу арқылы қазандықтарды жаңғырту туралы шешім қабылдағанын хабарлады. Әсет Наурызбаев пен бір топ қоғам белсенділері бұл шешіммен келіспейтінін жеткізіп, Алматы әкімдігіне шағымданған.
"Біз әкімдікке алматылықтарды қолдау туралы өтінішімізді айттық. Себебі нашар жобаға қаржымызды шашпауымыз керек. Олар барлығын біледі. Әкімдіктен осы мәселеге араласуды сұраймыз", – деді сарапшы.
"Алматы таза ауасы" қоғамдық қозғалысының өкілі Александр Лидің мұндай мәселені шешуде қала тұрғындарының пікірі мүлде ескерусіз қалатынын айтады. Ал осы ауамен тыныстайтын, станса зиян шегіп отырған қала тұрғындары екенін ескерсек, бірінші кезекте алматылықтардың пікірі ескерілуі керек деп есептейді.
"2017 жылы техникалық-экономикалық негіздеме жасалып, газға көшіруге болмайды деген байламға келді. Екі жылдан болады деп жария салды. Неліктен шешімдер тез өзгеретінін түсінбеймін. Біздің ойымызды ешкім сұраған емес", – дейді ол.
Жобаны кім қаржыландырады?
"Самұрық-Энерго" 2019 жылы жобаны іске асырудың "жол картасы" бекітіліп, станса соның тармақтарына сай қаржыландырылады деп хабарлады. Алайда "Алматы электр стансалары" АҚ-да мұндай ресурстар жоқ болып шықты. Қаланың да жобаға күші жетпейтін көрінеді.
"Қазір қаржыландырудың түрлі нұсқалары қарастырылуда. Оның ішінде несие алу, мемлекеттік бюджет қаражаты, акционердің қолдауы, қазақстандық даму институттарының қатысуы, мемлекеттік-жеке әріптестік, шекті тарифтер. Аралас шешімдер де болуы мүмкін. Мұнда бір жайт анық, жасыл энергетика қомақты инвестицияларды қажет етеді", – деп хабарлады жоба операторы.
Әсет Наурызбаев станса Ұлттық қор есебінен салынуы керек деген пікірді алға тартып отыр. Сарапшының пікірінше бұл болашаққа жасалған пайдалы инвестиция.
"Ұлттық қорға қаржыны болашақ ұрпақтың игілігі үшін деген қағидатпен жинаймыз. Меніңше, болашақ ұрпағымыз үшін жасалатын ең үлкен инвестиция оларға таза ауамен тыныстау мүмкіндігін сыйлау", – деді экономист.
ЖЭО-2 Алматы ауасының 30%-ын ластап отыр
"Алматы-2050" жобасындағы дерекке сүйенсек, ЖЭО-2 шаһар ауасының 30%-ын ластап отыр. Станса жыл сайын 2 млн тонна көмір жағып, одан 1 млн тонна күл қалады. Алдын ала есептеу бойынша ЖЭО-2 газға көшірілген жағдайда ауаға бөлінетін зиянды қалдықтар 80%-ға қысқарады.
Бұдан бөлек жобаны жүзеге асыру күл үйінділері төңірегіндегі ауқымды мәселелерді шешеді. Бүгінде ЖЭО-2-де құрғақтай сақталатын күл үйінділерінің аумағы 200 гектарды құрайды. 2024 жылға қарай орталық күлге толып, қалдықтар тастайтын жер қарастырылмаса шаһар жарықсыз, жылусыз қалуы ықтимал. Стансаны газға көшіру бұл жерді басқа мақсатта пайдалануға мүмкіндік береді. Жоба экономикалық жағынан да тиімді.
"Дүниежүзілік банк Алматыда тыныс алу жолдары аурулары салдарынан ішкі жалпы өнімнен қысқарған қаржыны есептеген. Нәжижесінде шаһар экономикасы жылына экологияның нашарлауына байланысты 0,5 млрд доллар жоғалтатыны белгілі болды. Бұл шығындардың қатарында түрлі аурулармен қатар, түрлі өтемақылар бар. Егер біз экологиялық ахуалды 50%-ға жақсартсақ, онда жылына шамамен 250 млн доллар мемлекет қаржысын үнемдеп қаламыз", – дейді сарапшылар.
Құралай Құдайберген
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!