Астана ЖЭО-сына қажетті газ 430 млн текше метрден аспайды

4291

Елорданың жылу электр станциясын газға көшіру туралы шешім әлі қабылданған жоқ.

Астана ЖЭО-сына қажетті газ 430 млн текше метрден аспайды

Елорданы газдандырғаннан кейін Астанадағы ЖЭО-да газ тұтыну 430 млн текше метрге дейін өсуі мүмкін. Бұл туралы "Астана энергосбыт компаниясы" ЖШС-ның күрделі жөндеу және газдандыру дирекциясының басқарушы директоры Дәулет Арықбаев abctv.kz -ке берген жазбаша түсініктемесінде мәлім етті.

"1,2,3 – ЖЭО-ны көшіргеннен кейін газды тұтынудың ең көп көлемі 430 млн текше метр болады, бірақ газға түпкілікті көшіру туралы шешім әлі қабылданған жоқ. 1,2- ЖЭО-ны  көшіру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр, олар 360 млн текше газ пайдаланатын болады", – деп жазылған  электронды хабарламада.

"Астанаэнергосервис" компаниясы мамандарының алдын ала есептеуі бойынша, жыл сайын шамамен 1-ЖЭО-да 205 млн текше метр, 2- ЖЭО-да 155 млн текше метр және 3-ЖЭО-да 72 млн текше метр газ жағылады.  Дәулет Арықбаев қазір елорданың ЖЭО-сын газдандыру бойынша жобалық құжаттама әзірленіп жатқанын айтты. 1-ЖЭО толықтай газға көшіріледі, ал 2- ЖЭО-да көгілдір отынға Барнаул қазандық зауытының жаңа су жылыту қазандықтары орнатылады деп жоспарланып отыр.

Жобалық-сметалық құжаттама IV тоқсанда дайын болады. Содан кейін ғана қанша шығын кететіні есептеледі. Жобалаумен тендерде 1-ЖЭО-ны газдандыру және 2-ЖЭО-ға су жылыту қазандықтарын орнату бойынша екі лотты жеңіп алған "Гран-Центр" ӨҚК" ЖШС айналысып жатыр, деп нақтылады "Астана-Энергия" баспасөз хатшысы Дүрия Әліғазина. 

"Астанаэнергосервис" холдингінің құрамына кіретін "Астана-Энергия" компаниясының қарамағында жеті аудандық су жылыту қазандығы бар. Ол Мичурино, Интернациональный, УПТК, Промышленный, Железнодорожный және Пригородныйда орналасқан. Олардың жылу түрлендіру көлемі мардымсыз, олар бойынша ЖСҚ-ға тапсырыс беру мәселесі қарастырылып жатыр, онда түрлі нұсқалары бар шешімдер ескеріледі. 2018-2022 жылдары  Астана қаласын газдандыру бағдарламасы жобасын іске асыруға бөлінген қаражат 48,7 млрд теңге. Оның ішінде 38,9 млрд теңгесі бюджеттен бөлініп отыр, ал басқа инвестициялар есебінен тартылған қаражат 9,7 млрд теңге. Елорданы газдандырудың техникалық-экономикалық негіздемесі (ТЭН) 2018 жылдың қазанына дейін мемлекеттік сараптамадан өтеді.

"Қаржыландырудың түрлі жолы қарастырылып отыр, оның ішінде жергілікті және республикалық бюджеттен қаржы бөлінеді. Бюджетке түсетін жүктемені азайту мақсатында жеке инвесторлардың қаражатын тарту, сондай-ақ ЕҚДБ-дан қарыз ақша алу да  қарастырылып жатыр. Аталған мәселе Астана қаласы әкімдігі деңгейінде қаралуда, қаржыландыру тетіктеріне қатысты қабылданған шешімдер туралы қосымша хабарланады", – деді Дәулет Арықбаев.

Елорданы газдандыру бағдарламасының жобасында үй шаруашылығын газ желісіне қосу құны 250 мың теңге шамасында болады деп бекітілген.

"Газға қосу құны Қазақстан бойынша бағдарлы, орташа баға болып есептеледі.Тұрғын үйді табиғи газды қолдануға көшіру үшін техникалық шарттарды алып, жобаға тапсырыс беріп, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу қажет. Сонымен қатар қосу орны мен саны, үй ішіндегі газ құбырының ұзындығына байланысты факторлар бар", – деп түсіндірді Астана энергетикалық кешенінің өкілі.

Тариф жайына түсініктеме берген кезде Дәулет Арықбаев газға арналған тариф бағасына негізінен "ҚазТрансГаз" операторымен белгіленетін табиғи газдың бағасы, 1-ЖЭО мен 2-ЖЭО-ның газ пайдалануға арналған жабдықтарын көшіру конфигурациясы бойынша шешім, сондай-ақ газ бөліп тарату желісі қызметі бойынша тариф әсер ететінін айтты. Жылу беру мен өндіруге арналған тарифтің өсуі жоғарыда аталған мәселелер бойынша қабылданатын шешімге байланысты болады.

Есептеуге қатысты нұсқа көп
Бағдарлама жобасына сәйкес алдын-ала есептеу бойынша Астанадағы тауарлық газдың бөлшектік бағасы ҚҚС есептегенде бір текше метрге 45 мың теңге шамасында болады. Бұл баға "ҚазТрансГаз" АҚ автоматтандырылған газ бөліп тарату станциясының (ГБС) бір мың текше метр үшін  40 мың  теңге деген көтерме бағасы негізінде жасалған. Оның 16 мың теңгесі жер қойнауын пайдаланушылардан газды орташа өлшемді бағада сатып алу, 18 мың теңгесі газды "Бейнеу-Шымкент" магистралды газ құбыры (МГ) бойынша тасымалдауға арналған, 6 мың теңгесі газды "Интергаз-Орталық Азия" магистралды газ құбыры  бойынша тасымалдауға арналған тариф.

"Көрсетіліп отырған бөлшектік баға болжамдық есептік баға. Алдағы уақытта жобаға қатысты өзгерістер болатындықтан, сондай-ақ осы уақытқа шейін МГ мен ГБС-ы құрылысын қаржыландыру көздері мен шарты белгілі болмай отырғандықтан, бөлшектік баға өзгеруі мүмкін", – деп көрсетілген есептеуде.

Бағдарламаның үш түрлі нұсқасында ЖЭО-ға кіргенде газдың бағасы бір текше метр үшін 48 мың теңгеден 55 мың теңгеге дейін өзгеруі мүмкін деп көрсетілген. Сонымен қатар бағдарлама жобасында 1-ЖЭО, 2-ЖЭО және 3-ЖЭО-ның бірінші кезегінің газға көшуінің үш нұсқасы келтірілген. Осыған сәйкес Астанадағы жылуға арналған тариф қабылданған шешімге қарай 40-106%-ға өсуі мүмкін.

Бірнеше болжамды қарастырған "Астанаэнергосервис" мамандары жылу электр станцияларын жартылай немесе ауқымды газдандырғаннан кейін қазіргі  жылуға арналған 1 Гкал үшін 3,3 мың теңге деп бекітілген тариф 1 Гкал үшін 4,7-6,9 мың теңге шамасына дейін өсуі мүмкін деп есептеп отыр. Осылайша, қалалық ЖЭО-ны газдандыруға көшкен кезде 50 ш.м пәтерде тұратын, қазір ауа райы жағдайына қарай нормативтік шығыны 5,9 мың теңге, жылуға төлейтін шығын нормасы 1,75 Гкал-ға жететін бір отбасының шығыны орташа есеппен 8,3 мың теңге болады.

"Астанаэнергосервис" компаниясы газдандыруды субсидиялау мүмкіндігі туралы мәселе келесі кезеңде қарастырылатынын айтты. Әзірге бағдарлама жобасында ЖЭО-ны газдандыруға арналған субсидиялардың әртүрлі ықтимал көлемі келтірілген. Егер ең қымбат нұсқа, яғни 1-ЖЭО-ны толықтай, 3-ЖЭО-ның бірінші кезегін газға көшіріп, 2- ЖЭО-ның су жылытатын қазандықтарын газдандыратын болса, онда тарифті бұрынғы деңгейде ұстап тұру үшін жылына 16,3 млрд теңгеден 19,6 млрд теңгеге дейін қосымша қаражат керек. ЖЭО-ларды газдандыруға байланысты жылу тарифінің 7%-ға көтерілуі жыл сайын 14,9 млрд теңгеден 18,2 теңгеге дейін қосымша қаражатты қажет етеді. Ал егер жылуға арналған тариф халық үшін 20%-ға және басқалар үшін 40%-ға көтерілетін болса, онда бюджеттен жыл сайын 10,9 млрд теңгеден 14,2 млрд теңгеге дейін қаражат бөлу керек болады.

Сондай-ақ бағдарлама жобасында жеке сектордың үй шаруашылығын газдандыруды ынталандыруға арналған қолдау шаралары қарастырылған.

"Тұтынушыларда жабдықтар мен қызметтерді қосуға қатысты біржолғы төлемді төлеу бойынша қиындықтар туындауы мүмкін екенін ескеріп, газ тұтыну жабдығын қызмет көрсететін компания есебінен сату мен орнатуды қарастыратын шағын несие немесе төлемді кейінге қалдыратын бағдарламаны әзірлеу қажет. Тұтынушы газбен жабдықтауға қосылады да, қарызды мақұлданған кестеге сәйкес 12-24 ай ішінде төлейді, қалған қарыз коммуналдық қызметті төлеуге қатысты түбіртекке қосылады", – деп Астана қаласын газдандыруға арналған бағдарлама жобасында ұсынылып отыр.

Данияр Серіков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу