Елордада тариф өсті

6732

Қауіпсіздік кеңесінің шешімі бір жылдан аспай қалды. 

Елордада тариф өсті

Елордада коммуналдық қызметтердің ақысы қымбаттады. 1 қаңтардан бері жылу 7,8%, сумен жабдықтау 2,5%, электр тарифі 11,7%-ға өскен. Осылайша 2018 жылдың күзінде Қауіпсіздік кеңесінің тоқпағымен 10% төмендетілген коммуналдық тарифтер араға бір жыл салып, қайта бас көтерді. Тарифтерді тізгіндеп ұстауға тиіс органның өкілдері осылай болуы керек дегеннен аса алмай отыр. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында Табиғи монополияларды реттеу комитетінің басшысы Болат Танабергенов тариф тұрақсыздығының қайдан пайда болғанын түсіндіруге тырысты. Құзырлы орган өкілінің сөзінде "осыған да тәубе деңіздер" деген емеурін жатты. Ұзынсонар ресми ақпараттың сөлін сығып айтсақ, 5 жыл бұрын жасалған тарифтік жоспар бойынша коммуналдық қызмет ақылары 2020 жылға қарай 22%-ға дейін өсуі тиіс болған. Қауіпсіздік кеңесінің сол бір отырысы болмаса, ол жоспар еш кедергісіз іске асатын еді. Арада бір жылдан астам уақыт өткенде коммуналдық кәсіпорындар іске асыра алмай қалған жоспарларын қайта қозғап, тарифті тым болмаса мысқалдап көтерейік деген талап қойса керек. Қауіпсіздік кеңесі мен коммуналдық мекемелердің ортасында қалған құзырлы орган тығырықтан жол табу үшін қарапайым халықтың қалтасына қол салған. Енді тарифтің былтырғыға қарағанда айтарлықтай өскенін бүркемелеу үшін, 5 жыл бұрынғы жоспарды алға салып отыр. 

"2015 жылы елордадағы коммуналдық қызмет тарифін 2020 жылға дейін кезең-кезеңмен өсіру көзделген болатын.  2020 жылы 1 Гкал жылу энергиясы орта есеппен 3271 теңге болуға тиіс еді. Бірақ біз оны 2920 теңгеге түсірткіздік. 2019 жылғы тарифпен салыстырсақ, өсім 7,8% болып отыр.  Алайда қарапайым халық үшін өсім көлемі 5% болады. Ақшаға шақса, 2176 теңге 76 тиын деген сөз. Сумен қамтамасыз етіп отырған "Астана су арнасы" кәсіпорнының тарифі халық үшін 40,9 теңгені құрайды. 2015 жылғы жоспар бойынша 44 теңге 81 тиын болуы керек еді. Бұл былтырғыдан 10% қымбат. Яғни 2019 жылы халық суға 37 теңгеден төлеп келген. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1 текше метр судың құны 40 теңге 79 тиын болды. Электрмен жабдықтау тарифі 2015 жылғы жоспар бойынша 22% қымбаттауы керек болатын. Біз оны 11,7% көлемінде қалдырдық. Ал қарапайым халық үшін өсім 10%болады. Яғни, олар 1 кВТ сағат энергияға 11 теңге 36 тиын төлейді", – деді Болат Танабергенов.

Комитет басшысы тарифті бұдан әрі тежеу мүмкін болмады деген желеу айтады.

"Бүгінге дейін тарифті тежеп отырдық.Бұдан әрі тежей берсек, электр энергиясы немесе жылу берілмей қалатындай жағдайға жеткізетін едік. Онсыз да  коммуналдық кәсіпорындардың көптеген шығындарын қысқартуға тура келді. Бүгінгі шешім ең тиімді жол", – дейді комитет басшысы.

Кейін журналистердің сауалына жауап берген құзырлы орган өкілі әлгі сөзіне мүлде қайшы пікір айтты.

"Қауіпсіздік кеңесі тариф саясатын қайта талқылап, тағы да түсіру туралы тапсырма берсе, бұдан әрі шегінерге жер жоқ екенін айтасыздар ма" деген сауалға Болат Танабергенов екіұшты жауап берді.

"Егер ондай тапсырма түссе, орындаймыз деп ойлаймын. Мен бұл жерде жергілікті әкімдіктердің атынан сөйлей алмаймын. Ал бүгін тарифін көтеріп отырған кәсіпорындардың барлығы әкімдікке бағынышты.Яғни шешімді біз емес, жергілікті атқарушы органның басшысы қабылдайды.Олар түсіріңдер десе жолын қарастырамыз",– деді ол.

Жиын барысында электр тарифін 22% көтеруді ұсынып, ақырында 11,7% өсімге қол жеткізген "Астана РЭК" акционерлік қоғамының жыл сайын қанша таза пайда табатыны да айтылды. Компания өкілдерінің айтуынша, бір жылда компания 20-40 млн теңгенің арасында таза пайда тауып отыр. Ал бұл қаржы не жұмысшылардың айлығын көтеруге, не техникалық жабдықтардың жаңартуға жетпейтін көрінеді.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу